Аймақтар • 09 Тамыз, 2017

ШҚО: биыл 372 600 гектар аумаққа күнбағыс егілген

928 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаз уағында, әсіресе, дәл осы мезгілде Төр Алтайға, Катонқарағайға қарай сапар шексеңіз, жол бойынан сап-сары «кілемдерді» көрер едіңіз. Табиғат-ананың төсеген кілемі. Кілем болғанда, шын кілем емес, шығыстың бренді деуге тұрарлық күнді сүйген күнбағыс алқаптары бір қарағанда көзге осылай көрінетіні рас.

ШҚО: биыл 372 600 гектар аумаққа күнбағыс егілген

Шақсаң шемішке, құйсаң май, жесең халуа боларлық күнбағыс туралы бекерге сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Бүгінде Шығыс Қазақстан күнбағыс өсіруден республикада көшбасшы деуге болады. Еліміз бойынша жылына 800 мың гектардан астам күнбағыс егіледі десек, соның 400 мың гектарға жуығы осы өңірге тиесілі. Әсіресе Бородулиха, Үржар, Көкпекті, Шемонайха, Ұлан, Глубокое, Зырян мен Катонқарағай аудандары күнге құмар өсімдікті өсіруге машықтанған. Облыстық статистика департаментінің деректеріне сүйенсек, биыл аймақта 372 600 гектар аумаққа күнбағыс егіліпті.

Ал Зырян ауданының шаруалары ағымдағы жылы 19 500 гектар жерге күнбағыс отырғызыпты. Өткен жылы өңір диқандары гектарына 20 центнерден өнім алыпты. Ал жиырма жылға жуық уақыт күнбағыс өсірумен шұғылданып келе жатқан «Санур-Агро» ЖШС-нің директоры Қайырды Байкөбенов былтыр гектарына 26 центнерге дейін өнім жинаған. Биыл 700 гектар жерге күнбағыс еккен шаруа бұл өсімдікке тек қана шақырайған күннің аздық ететінін айтады. «Күнбағыстың бабы көп, әуресі мол. Күтімді қажет етеді. Бабы келіссе, биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Оның жайқалып өсуі тұқымына да байланысты. Қазір тамаша, күн шыжып тұр. Бізге осындай ауа райы ауадай қажет», дейді ол.

Зырян аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Құттыбаеваның айтуынша, күнбағыстың өнімділігі оның майлылығымен және тұқымының сапасымен өлшенеді. «Күнбағыстың шығымдылығына жайлы ауа райынан бөлек, оны еккен мерзімнен жинап алғанға дейінгі уақыттағы агротехникалық талаптарды мүлтіксіз сақтай білу де үлкен әсерін тигізеді. Күнбағыс сорттарының да маңызы ерекше. Мәселен, Арена, Пиксель, Пионер, Джази, Роки деп аталатын шетелдік гибридтердің сапасы «Қазақстандық 1», «Қазақстандық 465» деген біздің отандық күнбағыс тұқымдарынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан соңғы жылдары ауданымызда шығымы мол шетелдік гибридтердің үлесі 80-85 пайызға дейін ұлғайды», деген бөлім басшысының орынбасары кейінгі жылдары аудандағы күнбағыс алқаптарының көлемі арта түскенін жеткізді. Себебі, сұраныс жоғары. Аудан шаруалары өнімімді қайда өткіземін деп бас қатырмайды. Бүгінде ауданда күнбағыс майын өндіретін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың өнімдері облыс аумағынан бөлек, Қарағанды, Алматы қалаларына да шығарылады екен.

Күнді сүйетін күнбағыс бүгінде шұрайлы өңірдің жер емген шаруаларының табыс көзіне ғана емес, ауданнан әрілі-берлі өткен туристер қауымының да үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Зырянның сап-сары күнбағыс алқабын көрген шетелдіктер аузын ашып: «Сөз жоқ, ғажап көрініс. Нағыз 3D» деп таңдай қағады екен. Рас-ау. Біз жөнді мән бермейді екенбіз. Әйтпесе тұтас Қазақстан тұнып тұрған 3D емес пе?! 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы