Қазақстан • 09 Тамыз, 2017

Қазақстан мұсылман әлеміне үлгі-өнеге бола алады

1309 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Ислам әлемі» деген атаудың өзі шартты сипатқа ие екені белгілі. Бұл атау геосаяси мағынада мұсылман халықтар мекендеген немесе халқының басым көпшілігі мұсылман болып саналатын елдерді меңзейді. Мәдени тұрғыдан ислам өркениетін, мұсылмандар қоғамдастығын білдіреді.

Қазақстан мұсылман әлеміне  үлгі-өнеге бола алады

Елімізде басымдыққа ие негізгі діни конфессияның ислам екені анық. Қазақстан территориясының көлемі жағынан ең ірі мұсылман ел болумен қатар, Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер арасында солтүстік полюске ең жақын орналасқан мемлекет. Осы ретте Қазақстанның Ресей, Қытай мен Таяу Шығыс арасында күрделі географиялық орналасуы еліміздің маңызын көрсетеді. Осы орайда араб мамандары Орталық Азия аймағын Таяу Шығыстың геомәдени және өркениеттік жалғасы іспетті деп санайтынын айта кеткіміз келеді. 
Қазақстанның Ислам әлеміндегі орны мен байланысын анықтаудан бұрын мемлекетіміздің жүйеқұраушы негізі болып табылатын жергілікті халықтың исламмен тарихи байланысы туралы айтқан жөн. Ислам дінінің Орталық Азияға таралуы түркі мемлекеттері аймақта өз ықпалын жүргізген VII-VIII ғасырлардан бастап еніп, кезең-кезеңімен орта ғасырларға дейін жалғасып келді. Сол дәуірде арабша ғылым тілі рөлін атқарып, мұсылман өрке­ниеті әлемнің ең ілгерішіл орталығы бол­ғаны белгілі. Отырықшы халықтар мекен­де­ген Мәуереннахр өңірінде діннің жайылуы айрықша қарқын алып, мемлекеттік жүйе­нің бір бөлшегіне, Ислам әлемінің маңызды рухани-ғылыми орталығына айналды. 

VIII ғасырда болған Талас соғысынан соң Ұлы Жібек жолы бойында, яғни Түр­кістан аймағының Сыр, Жетісу өңірлерін­дегі көшпелі халықтар арасында ислам бірте-бірте кең тарап, кейін Алтын Орда хандығында мемлекеттік дінге айналды. Әл-Фараби, М.Қашқари, Қ.А.Ясауи, Әл-Матуриди сияқты ғұламаларымыздың ілімдері Қазақстан аумағында ой еркіндігі, гуманизм мен төзімділік дәстүрлерін қалыптастырды. Қазақ хандығы тұсында көшпенділерге тән азаматтық сипаттағы ислам халқымыздың діни сенімі мен рухани мәдениетінің өзегін құрап, ғасыр­лар бойы қалыптасқан ұлттық мінез-құлқы­мызға зор әсер етті. Діни институттар оты­рық­шы елдердегідей мемлекеттің саяси құрылымымен тығыз бағыныштылық байланыста болмады. Сондықтан халқымызға әу-бастан сыни ойлау, пікір алуандығы жат болмағандықтан, қазақ даласында ешқашан діни фанатизмге орын берілмеді. Мәселен, намаз оқу, ораза ұстау әркімнің өз жеке ісі болды. 

Осылайша, түркі-мұсылман құнды­лық­тарынан нәр алған ұлттық мәдениетіміз, санамыз бен болмысымызда жоғарыда аталған дәстүрлер бір-бірінен ажырағысыз күйде біте қайнасып, біртұтас дүниетанымға айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ елі өркениеттік түп-төркіні мен этностық негіздері тұрғысынан Ислам әлемінің ажырамас, органикалық бөлігі деуге болады. 
Ғасырлар бойы ислам өркениеті кеңістігінде өмір сүріп, XX ғасырға дейін араб жазуын қолданып келген Қазақ елі орта ғасырлардан басталған мұсылман әлеміндегі рухани-интеллектуалдық тоқыраудың әсерлерін басынан өткерді. Оның үстіне XІX-ХХ ғғ. барлық дерлік мұсылман қоғамдарының ортақ ерекшеліктерінің бірі отарлаушы күштердің құрбандары болуы еді. Коммунизм мен атеизм үстемдік еткен Кеңес одағында дін атаулыға тыйым салынып, Түркістандағы халықтардың діни наным-сенімдеріне балта шабылды. Ал Османлы мемлекетінің орнына пайда болған жаңа «Таяу Шығыс» елдерінде отарлаушылыққа қарсы ұлт-азаттық күрес қарулы қақтығыстарға жалғасып, кейін аймақ елдерінде сыртқы агрессияға қарсы күшпен жауап беру қимылдарын ақтайтын реакциялық идеологиялар қалыптасты. 
Қазақстан тәуелсіздік алған уақытта мұсылман әлемі саяси тұрақсыздық кезеңінен өтіп жатыр еді. Бұл ахуал Қазақстанның халықаралық аренада өзіне лайықты орын алуы үшін мұсылман әлемінің ірі де тұрақты аймақтық күштерімен дипломатиялық байланыс құруына кедергі болмады. Сол кезде Қазақстанның алдында мұсылман елдерімен КСРО кезінде үзілген қарым-қатынасты жаңғырту міндеті тұрды. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең алғашқы ресми сапарларының бірін елімізге мәдени, рухани және діни жақындығы бар, Ислам әлемінің дамыған елі Түркияға жасауының астарында үлкен мән жатыр. Одан кейінгі кезеңде Сауд Арабиясы және Иран сияқты ықпалды мұсылман елдерімен берік байланыстар орнатылды. Бұл кең ауқымды байланыстар Қазақстанның Ислам әлемінің толыққанды мүшесі екендігін жер-жаһанға паш етті. Мемлекетіміздің ислам елдерімен ықпалдастық орнатуы сол кезеңде қауіпсіздік тұрғысынан да қажет болды. 
Десек те, алғашқы жылдардан бері еліміз Ислам әлемімен саяси қарым-қатынасын сақтық жағдайында жүргізді. Айталық, кейбір жетекші араб елдері түркітілдес республикалармен ынтымақтастықты Таяу Шығыс аймағының қауіпсіздігі, атап айтқанда, Палестина-Израиль қақтығысы мен бәсекелестігі тұрғысынан қарастырды. Оның үстіне, Түркия сияқты кейбір дамушы елдерді санамағанда басым көпшілігін тұрақсыздық пен берекесіздік жайлаған мұсылман әлемінің сол кезеңде Қазақстанға берер саяси үлгі-өнегесі мен экономикалық мүмкіндіктері шектеулі болды десек қателеспейміз. Сондықтан, Қазақстанның сыртқы саяси, экономикалық басымдықтарында мұсылман елдерімен қатынастар Ресей, Қытай, Еуропа және АҚШ-тан кейін орын алды. 

Қазақстан үшін Ислам әлеміндегі Түр­кия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Мысыр, Малай­зия, Әзербайжан, Орталық Азия рес­пуб­ликаларымен сауда-экономикалық, инвес­тициялық және мәдени байланыстар­ды дамытудың маңызын айрықша атап өтуге болады. Мәселен, «Жібек жолы» жобасы шеңберінде Түрік­менстан, Иран, Оман, БАӘ, Мысырмен көлік­тік-тасымал жобаларын жүзеге асыру­дың әлеуетін пайдалануға болады. Орталық Азия шеңберінде жоспар­лан­ған өңірлік интеграциялық жобалар Қазақ­станның Ислам әлемімен байланыстарын күшейте түсері хақ. Мәдени тұрғыдан алғанда Түркі кеңесі аясында атқарылған шаралар мен орнатылған байланыстар да маңызды екенін атап өткіміз келеді. 

Қаржы-инвестиция салаларында Түркия, БАӘ, Малайзиямен ынтымақтастық жобалары жақсы қолға алынуда. Қазірге дейін елімізде көбіне демеушілік, қайырымдылық істермен айналысып келген Сауд Арабиясының инвестициялық әлеуетіне назар аударуға болады. Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саласында Иран мен Парсы шығанағы елдерімен шектелмей, келешекте Мысыр, Индонезияға экспортты арттыруға мүмкіндік бар. Жалпы, Индонезияның халықаралық беделі мен әлеуетін, Орталық Азияға оң көзқарасын ескеру керек. Қорғаныс саласында Түркия, Пәкістан, БАӘ, ал ғарыш технологиясы мен жабық ақпарат алмасу саласында Мысырмен жұмыстар жалғастырылуда. Терроризмнің алдын алу саласында Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің икемді тәжірибесін зерттеу қажет. Энергетика саласында Сауд Арабиясы, Нигерия, Ирак, Кувейт сияқты ОПЕК елдерімен ықпалдасу өзектілігін жоймайды. Уран қорларына бай Қазақстан сенімді мұсылман елдерімен бейбіт мақсаттағы тиімді ынтымақтастық жағын жан-жақты ойластыра алады. 
Жалпы, мұсылман елдерімен орна­тыл­ған қарым-қатынастарды әлі де дамыту, қолда бар мүмкіндіктер мен зор әлеуетті пайдалану қажет деп есептейміз. 

Жоғарыда аталған ықпалды мемлекеттер Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің съездерін, ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуімізге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу, Астанада азық-түлік қауіпсіздігі орталығын құру сияқты халықаралық бастамаларымызға қолдау көрсеткені рас. Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК халықаралық ұйымдарындағы бастамашылдығын Ислам әлемі жіті бақылап, жоғары бағалап отыр десек артық айтқандық емес. 
2011-2012 жылдары Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі еліміздің дипломатиясының жоғары деңгейге шыққанын дәлелдеді. Төрағалық кезінде жинақтаған тәжірибеміз Иран мен алтылық арасында Алматыда өткен келіссөздердің және Сирия қақтығы­сын реттеуге арналған Астана бейбіт келісссөздердің ойдағыдай ұйымдасты­ры­луына көп көмектесті. Мәмілегерлік сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның ислам әлемінде аймақтық тұрақтылыққа ұмтылған жаңашыл, бейбітшіл, ілгерішіл мемлекет имиджі қалыптасты. Түркия, Иран, араб елдері еліміздің халықаралық ұйымдардағы беделі мен бастамаларына үлкен мән беріп, өз мәселелерінің оң шешілуі бағытында халықаралық деңгейдегі Астананың қолдауын дәмете бастады. Аталған ұйымда еліміз заманға сай, жаңа шешімдер ұсынуға тырысты. ИЫҰ беделді құрылымына төрағалық ету нәтижесінде еліміз көп бағытты саясаты аясында Ислам әлеміндегі стратегиялық ұстанымын нығайтты. 

Қазақстан халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, тәжірибелі де білікті дипломаттарын ИЫҰ, ИСЕСКО, ЭЫҰ сияқты құрылымдарға жауапты қызметтерге жіберді. Өйткені, тұрықсыздық жайлаған Таяу Шығыс аймағын, ондағы қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктерді жіті зерттеп, өңірді танып білу аса қажет. 
Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан алты жыл бұрын ИЫҰ-ның министрлер жиынында Ислам әлеміндегі жаңару, бәсекеге қабілеттілік, әлеуметтік-экономикалық даму, өркениетаралық диалог мәселелерін көтеруінің астарында терең түсінік пен көрегендік жатыр десек әсіре айтқандық емес. Қазақстан Ислам әлемінде тұрақты, толерантты және дамушы мемлекеттің үлгісі ретінде қалыптасты. Қазақстан моделі соғыс оты шарпыған, діни радикализм мен тұрақсыздықтан зардап шеккен мұсылман елдері үшін үлгі-өнеге ұсына алады. Яғни, бейбіт, тұрақты даму саласында Қазақстан мұсылман әлеміндегі көшбасшы мемлекеттің бірі екенін ашық айта аламыз. Өйткені, дәл қазір Ислам әлеміне дұрыс жол көрсететін, саяси даму үлгісі болатын мемлекет аз. 
Қайта, Қазақстан көптеген мұсылман елдеріне бейбітшілікті сақтау, дінаралық түсіністік, ұлтаралық және ұлттық саясат, зайырлылықты уақыт талабына сәйкес қабылдау, бейбітшіл миссия тұрғысынан үлгі бола алады. Бұл асыра сілтегендік емес. Біз Таяу Шығыстағы жағдайды зерттеген соң осындай қорытындыға келдік. 

Ислам әлемін алдағы кезеңде үлкен зайырлану толқыны күтіп тұр. Мысыр тарихы мен аймақтағы қазіргі жағдай осыны аңғартады. Ислам елдері тарихында зайырлылық жүйесінің өктемдігіне қарсы реакция ретінде діншілдік, исламизм туатыны белгілі. Дінге тізесін батырған сайын діншілдік өрши түседі. Мұсылман қоғамдары қазірдің өзінде қарқынды зайырлылық пен діншілдіктің арасында екіге бөлініп отыр. Ал мұндай мәселелер Қазақстанға пайда әкелмесі айдан анық. Сондықтан мұсылман қоғамдарының азаматтық санасына жұмсақ зайырлылық үлгісін сіңіріп, тереңдету керек деп есеп­тейміз. Қазақстан жүргізіп отырған саясат осы қауіп-қатерлерді ертерек түсініп, алдын алып отырғанын баса айтуымыз қажет. 

Тәуелсіздік алғалы бергі 26 жыл ішінде Қазақстан мұсылман әлеміндегі тұрақты және беделді мемлекетке айналуында Елбасының әбден ойластырылған, сындарлы ішкі және теңгерімді, көп бағытты сыртқы саясатының маңызы аса зор болды. Еліміздің аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары мұсылман елдерінің құрметіне лайықты болып, Ислам әлеміне үлгі боларлық, бейбіт, тұрақты Қазақстан моделінің қалыптасуына жағдай жасап отыр.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
сарапшы