09 Тамыз, 2017

Дәуір тұлғасы

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылы халқымыздың біртуар азаматтарының бірі, Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін еліміздің өңірлерін өркендетуге ат салысқан, одан кейін он төрт жыл бойы республикамыздың Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, Жоғарғы Кеңес Төралқасын басқарған дарынды тұлға – Бәйкен Әшімұлы Әшімовтің туғанына 100 жыл толады.

Дәуір тұлғасы

Бәйкен Әшімұлы – зұлмат­ты Отан соғысының қан май­да­нында ел алдындағы боры­шын орын­дап, ауыр жарақат­тануына қара­мастан соғыс­тың соңына дейін әскер сапында болған қаһарман жауынгер,  соғыстан кейінгі ел өмі­рін қалпына келтіруге, тың да­ланы иге­руге белсенді қа­тыс­қан майталман-еңбек­кер. Ерекше қабілеті мен бі­лі­­мі­нің, тау­дай талабы мен табан­ды­лығының, таусыл­мас қажыр-қайратының арқа­сын­да өмірлік еңбек жолында кеңестік Қазақстанның қар­қын­ды индустриялық дамуы­на – маңызды өнеркәсіптік ны­сандардың іске қосылуына, ауыл шаруашылығының өр­кендеуіне зор үлесін қосқан, үз­дік ұйымдастырушы тұлға. Сол кезеңде республикамыз өнер­­­кәсібі­нің көлемі жа­ғы­­нан Одақ бойын­­ша озық­­тар қа­­та­рында  бо­л­ып, үшін­­ші орын­­ды ие­лен­гені – Бәй­­кен Әшім­ұлының орасан іргелі еңбегінің жемісі мен жеңісі екендігі сөзсіз. Социа­листік Еңбек Ері атағымен марапатталуы – елге сі­ңір­ген ерен ең­бегінің лайық­ты ба­ғалануы.   

Мен Бәйкен Әшімұлымен еліміздің Денсаулық сақтау министрі болған кезімде таныс болдым, көп жылдар бойы ел игілігі жолында оның қол астында, ынтымақтастықта еңбек еттім. Осы нәтижелі ең­­­­бек­­ке толы жалынды жылдар қойнауында Бәйкен Әшімұлы секіл­ді ерен, бі­лікті бас­­­қару­­шылығымен қатар, адамгершілік қасиеттері мол, бейнесі ізгіліктен тұра­тын жан­мен кездесіп, бірлесе ең­бек еткенім үшін тағдыры­ма ырза­шылығым мол. 
Бойында биік мәдениет, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет молынан қалыптасқан, байсалды мінезді, үлкен істерді артық дабырасыз, қа­ра­­пайым­дылықпен атқара­тын әзіз азаматпен жауапты қызмет пен ұлағатты істер барысын­дағы қоян-қол­тық қарым-­қатынасымыз кейін­нен жақын, адами сыйлас­тыққа ұласқан еді. 

Менің өмірімнің қиыншы­лықты сәтінде, қу­далауға ұшы­­­­­рап, министр­­­лік­тен, тіп­ті, ел­­­­ден жы­­рақ кету­ге  мәж­бүр болып, Мәс­­кеу­де үш жыл­­­­­дай тұр­­ған кезім­де Мәс­кеу­­де­гі Одақ­­тық Жоға­рғы Ке­ңес­те рес­публика­лардың бір айлық кезегін атқарып жүр­ген Бәйкен Әшімұлының  арнайы шақыруымен қабылда­уында болған едім. Кейін­­нен Алма­тыға барғанда «Мәскеуде жақсы бағалауда» деп өзінің пікірін айтып, жергілікті биліктің райынан қайтуына себепші болды, бұл жайында маған хабарлап: «енді елге оралуыңа болады» деп асқан жанашырлық танытқан еді. Қонақжайлықпен Кремль­де дастарқан жайып, қар­сы алға­ны есімнен кетпейді. Осылай­ша, Бәйкен Әшімұлының  арқа­сын­да он бір жыл бойы рес­пуб­лика­­мыздың Денсау­лық сақтау министрі болған шағымда бұйырмаған Одақ­тық билік­­тің төрі – Кремльден дәм татқаным бар. 

Алматыда қонақтарда бол­­­ған кезі­міз­де төр­де отыратын Бәй­кен Әшім­ұлы мені және бала­лар хирургі Ка­мал Орман­таевты  қасына шақы­рып алып, сол кездері қалыптасқан дәстүрге сай қолымызға жеңіл сусын ұста­тып, «алып қойыңдар» деп әзіл-­шынын араластырып, бізді бас­қалардың ішін­де бір төбе­дей көріп, ерекше ерке­ле­тіп жүретін.  
Жалпы, Бәйкен Әшімұлы­ның өмірі мен қызметі  сол уақыт­­тың өзінде әріптестері, ізбасарлары үшін үлкен бас­қару, ұйымдастыру, ше­бер­лік мекте­бі бола­тын. Қазір де оны­мен бір­ге еңбек еткен ең­бек ардагерлері бас қосқан­да барлығы бірауыздан Бәй­кен Әшімұлының үкімет, облыс­тық басшылық мәжіліс­­терін өткізудегі ерек­­ше сти­лін, әділ­­дігін, мек­теп­терді, ауруханаларды, өнеркәсіп цехтарын өзі көзімен көріп, аралауды ұнататындығын және ерекше байқағыштығын, оған жалған айта алмайтындарын ерекше тебіреніспен, ықыласпен еске алады. 

Бәйкен Әшімұлы Кеңестік Қазақстан секілді алып елдегі биік лауазым иесі болғанына қарамастан, халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген дана сөзіне аса лайық, әрдайым жылы жүзді, әдепті, рухани дүниесі бай адам болды. Оның жоғары мәдениеттің иесі екендігін ең ауыр сөзі: «Сіз байыпсыз адамсыз»  деп айтумен шектелуінен аңғаруға болатын. Мен,  әсі­ресе, қазіргі мемлекеттік бас­­­­қарушылық қызметтегі кейбір адамдардың түрлі тосын мінезі мен айқай-шулы басқару әдісін көргенде, үнемі Бәйкен Әшімұлын құр­мет­пен және қимастықпен еске аламын. Оған тән тағы бір қасиет – уақыттың минутына дейін қастерлеп, дәл­дік қасиетпен жүріп-тұра­тын­дығы еді. Жұ­мыс ба­бындағы қатаң этикетті сақтауы өз алдына, қонақ­қа барғанның өзінде тура уақытпен, дәл минутында келетін. Ол кісі баратын жерде уақытынан бұрын барып отыратынбыз. Ал қазіргі кезде көбінесе, бас­­шы азаматтар қонаққа келе­тін болса, асып-саспай, «қызмет бабымен кешіктік» деген желеумен, өзге жұртты біршама уақыт сарғайтып күттіріп барып келетіндігі – бүгінгі күннің  жағымсыз көріністерінің бірі. 

Мемлекеттік жұмыс бабында тоғысқан өміріміздің арналары кейінгі кезеңде де ажырамады. Бәйкен Әшім­­­­ұлы зейнетке шыққан уақы­­тында да жиі кездесіп тұрдық. Зейнет  жасында да еңсесін биік, бойын тік ұстайтын, байыпты, әсерлі сөзімен әртүрлі кездесулерде сөз сөйлегенде жас дарындардан озық шығатын. Отбасыларымыздың арасын­да жақын туысқандай қарым-қатынас орнаған еді. Жұбайы Бақыт Әсетқызымен екеуінің  жарасымды, қатар отырғаны, жастарына қара­мас­тан, бір-біріне деген ыстық ықы­лас­­тарын сақтауы  жан сүйсі­нер­лік көрініс болатын. Бақыт Әсетқызы ауыр науқасқа шал­­дық­­қан ке­зінде ұдайы ха­­­лін білуге барып тұрдым. Бәй­кен Әшімұлы үлгілі отбасын құрып, алпыс жылдан астам уақыт отасқан, саналы ұр­пағына өмір сыйлаған жан жарының соңынан көп ұзамай, жиырма күндей уақыт өткенде дүниеден озғандығы – екеуінің тәңір қосқан жұп екендігінің куәсі еді. Жақсы адам өмірден өткенде, кең дүние ортайғандай болып кө­рі­не­ді, жан дү­нием аза тұ­тып, жа­қын аға­мнан айрылған­дай күй­де болдым. Ұр­па­ғына, үрім-бұтағына әке­лері-аталары секілді  ұзақ, бе­ре­келі, өне­гелі ғұ­мыр ке­ш­­­уін тілеу­­мен көңілімді де­ме­ген едім. 
2014 жылдың соңында Ел­басының  ынтасымен Ал­маты қала­сын­дағы Жан­досов және Розыбақиев көше­ле­рі­­нің қиы­лысында жаңа мешіт салынып, оған «Бәйкен» есімінің бе­рі­луі – зор мәртебелі, ел құп­­­­­таған іс болды. Бұл – Бәй­­­кен Әшім­ұлының  барша хал­­­қымыздың перзенті бол­ған­дығының, сонымен  қатар, адал абыройы мен кіршік­сіз рухани дүниесінің дәлелі екендігі анық. 

Бәйкен Әшімұлы сынды елі­міздің іргесін нығайтып, бү­гін­­­гі тә­уел­сіз­дігіміздің не­гі­­­зін салуға бар са­на­лы ғұ­мы­­­­рын арна­ған жарқын тұл­ға­­­­лардың өмірі мен қыз­меті – халқы­мыздың мәң­гі есін­де қалады деген сенім­­де­мін.

Төрегелді ШАРМАНОВ