Кеше Астанада Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумының қонақтарымен кездесу өткізді.
МАГАТЭ бас директоры Юкия Аманомен болған кездесуде Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы Отанымыздың халықаралық аренадағы қадамдарын жеткізді. Атап айтсақ, 2011 жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ БА 66-шы сессиясында айтылған Астананың соңғы бастамасын жеткізді.
Министр өз сөзінде еліміздің ядролық қауіпсіздікке қатысты тиімді жүйе құру және атом энергетикасы нысандарының қауіпсіздік белгілері мен халықаралық қатаң стандарттарын жасау жөніндегі ұстанымының маңыздылығын жеткізді. «Біз осы мәселеге сүйене отырып, кез келген ауқымды ядролық апаттың кесірі ауыр трансшекаралық зардапқа әкелетініне аса мән береміз. Осыған орай, бүгін біз атомдық төтенше жағдайлар бойынша ахуалды дағдарыстардың жаңа тетіктерін табуымыз керек», – деді СІМ басшысы.
Сондай ақ, басқосуда Қазақстанда енгізілетін ірі бірлескен жобалардың орындалу үдерісі қарастырылды. Осыған байланысты министр Қазақстанның МАГАТЭ мен алдағы уақытта өз ынтымақтастықтарын кеңейту және тереңдетуге деген қызығушылығын білдірді.
БҰҰ аумақтық орталығының басшысы, елші Мирослав Енчамен болған кездесуде Қазақстан Республикасы мен аталған ұйымның арасындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланып, оның ішінде Ауғанстанның қазіргі ахуалы, ұйымдасқан трансшекаралық қылмысқа қарсы іс-әрекеттер мәселелері, экстремизм және терроризмге қарсы күрес әңгіме өзегі болды. Сонымен қатар, кездесу кезінде тараптар есірткі тарату әрекеттеріне қарсы күрес жүргізу және су-энергетикалық кемшіліктерін жою жолдарын талқыға салды.
«Егемен-ақпарат».