Әдебиет • 09 Тамыз, 2017

Тұғыры биік Тұрсекең

329 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішұлын алты алашта білмейтін, танымайтын қазақ жоққа тән. Солай десек те, марқасқа кісі жайлы мәлімет бере кету артық болмас. Тұрсекең 1927 жылы тамыз айының 15-ші жұлдызында Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында туған. Әйгілі әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер. Қазақ, кеңес әдебиеті тарихын екі тілде жазып, кітап етіп шығаруға атсалысқан ғалым. Әсіресе, біртуар тұлға Сәкен Сейфуллиннің өнегелі өмірі мен шынайы шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерттеуге біраз ғибратты ғұмырын арнаған.

Тұғыры биік Тұрсекең

Тұрсекеңнің «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен және Гүлбахрам», «Сәкеннің соты», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге). «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан және Сәкен», «Сын сапары», «Оңаша отау», «Садақ», «Жасампаз өлке», «Санадағы жаралар», «Кер заманның керағар ойлары», «Сәбең әлемі» және басқа да еңбектері әдебиеттану ғылымына, ұлттық рухани байлық қазынасына қосылған сүбелі үлес. Бір ғажабы сол, бұл кітаптарда салиқалы, салмақты әдеби сын да, парасатты, пайымды ой-толғамдар да, ерекше елеңдететін елеулі естеліктер де, жүйелі, жоспарлы жолсапарлар әсерлері де бар. Былайша айтқанда қарымды қаламгердің кез келген кітабы талғампаз оқырман қауымды, жалпы бұқара халықты бейжай қалдырмайды.

Тұлғасы бөлек Тұрсекең туралы айтқанда жалын жастық шағымды көз алдыма еріксіз елестеткім келеді де тұрады. Бұл 1968 жылдың қоңыр күзі еді-ау. Қостанай облысы, Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер болып тура бір жылдай жұмыс жасадым да, арман қуып асқақ Алатау баурайындағы Алматыға бардым.

КазМУ-дің журналистика факульте­тінің күндізгі бөліміне жолым болмады да, сырттай оқитын бөлімнің студенті болып шыға келдім. Қаланы алғаш көргендіктен бе, жасыл желек жамылған, ғажайып ғимарат, көрікті көшелерден тұратын мерейлі мекен еріксіз таңдандырды. Ара-тұра уақыт тауып, Алматыдағы «Балалар әлемі» дүкенінің дәл жанынан орын тепкен Қазақстан Жазушылар одағының үш қабатты ғимаратына бас сұғамын. Есіктен енгеніммен жоғары­ға бірден көтерілмеймін. Атақты ақын-­жазушыларды көріп, сырттай қызық­таймын. Қасымдағы достарымның кейбірі:

− Әне, Ғабит Мүсірепов, әне, Қуан­дық Шаңғытбаев, әне, Сырбай Мәуленов, − деп қалады. Кейде сақ, сездірмей соңдарынан еріп жүріп, көз тігеміз. Алла тағала бұларға өзгеше жүрек, өзге­ше сезім, өзгеше көз, өзгеше шабыт бергендей. Тек жазушыларға ғана емес, атағы алысты шарлаған ғалым­дар­ға да сол пейілде қараймын. Тұрсын­бек Кәкішұлымен ең алғаш жүздесуімнің өзі қызық. Туған ағайым Жақсылық Жүнісұлы КазГУ-дің журналистика факультетінің күндізгі бөлімін тәмамдағалы жатқан. Диплом жұмысының тақырыбы «Қасым Тоғы­зақовтың сатирасы». Жетекшісі қазақ сатирасын зерттеуші белгілі ғалым Темірбек Қожекеев. Екі рецензенттің біреуі Тұрсынбек Кәкішұлы екен.

 − Жүр бірге менімен. Танымал адамдармен танысқанның түк зияны жоқ. Мүмкін, түбі өзіңе де қамқорлығы болар, − деді Жақсылық ағам асығыс сөйлеп. Әуелі сәл ыңғайсыз күй кешсем де, іле ұсынысын қабыл алдым. Тұрсекең қазақтың кеңдігін бейнелейтін мейлінше қарапайым жан болып шықты. Журналистиканы бітіргелі отырған студентпен де, бейтаныс менімен де бұрыннан білетіндей емен-жарқын сөйлесті. Аңғарғаным, тұла бойынан адамдық асыл қасиет, ұстаздық мөлдір де шуақты мейірім мен мұндалап тұр.

Арада пәленбай жылдар өткен соң Қостанайда қауыштық. Ұлттық әдебиет хақында ағынан жарыла, көсіліп сөйлеп еді. Одан кейін, егделеу тартқан шағымда КазГУ-де «Қайнекей Жармағанбетовтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанымда Т.Кәкішұлы келісімін беріп, ғылыми жетекшім болды. Әлі есімде, кеңесті Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті филология факультетінің деканы, белгілі ғалым Қансейіт Әбдезұлы жүргізіп отырды. Оппоненттерім осал емес. Академик, Қайнекейдің қадірлі шәкірті Серік Қирабаев және Қостанай педагогикалық институтының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанов. Залға отызға жуық мүйізі қарағайдай докторлар жиналған. Ғылыми еңбекке пікір де ашық түрде айтылып, сұрақ та қойылып жатыр. Тұрсекең жетекші ретінде жүйелі, Жармағанбетов әруағын көтере көсілді.

− Қайда барасыз, қорғаушы еңбегіне баға беріп, түйінді сөзіңізді айтпадыңыз ғой, − деді кеңес тізгінін ұстап отырған ғалым.

 Тұрсекең мінбеге қайта оралып, микрофонға ауызын тақап:

 − Қорғаушының тақырыпқа байланысты кітабы, монографиялық еңбегі де жарық көрген. Нағашыбай Мұқатовқа дауыс бермей байқаңдар, содан кейін көрейін сендерді, − деді залға қарап. Әзілі де, шыны да осы. Бәрі өзін сыйлайтын інілері, әріптестері. Тұрсекеңнің сөзі толығынан қуатталды.

Тұрсекең 60 жылдық мерейтойыма да мәртебелі мейман ретінде қатынасып, ағалық салиқалы сөзін айтты. Осы сапарда біз Жанкелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлының алыстағы ауылына дейін бардық. Тағы да Тұрсекеңнің қуат-күшіне, ширақ қимылына, сергектігіне тәнтімін. Автокөлік кеңшарға, елді мекенге, қалың жұртшылық жиылған жерге сәл аялдаса болды, қойын дәптеріне қол созады. Ұлы Ахаңа, ұлттық әдебиетке, ел тірлігіне байланысты жергілікті жерлердегі деректерді жалма-жан қағаз бетіне қондырады. Сауал тастап, жауаптарына да қанығады. Әсіресе, ауыл іргесіндегі жібек желмен баяу толқыған Ақкөл жағасына барғанда Тұрсекең мен Өмірханның терең тебіренісін әбден сезіндім.

 − Бізде де арман жоқ. Ұлы Ахаңның табаны тиген топырақты басып, ұлы Ахаң түскен көлге шомылып жүрміз. Бұл қасиетті күн ешқашан қайталанбайды. Бәрімізді біртуар тұлғаның әруағы жебеп жүргей, − дейді олар.

Тұрсынбек аға Ақмола облысында туса да бүкіл қазаққа ортақ перзент. Оны ешкім жатырқамады. Жолы түсе қалса Көкшетау көкке көтерді, Қарағанды ыстық құшаққа орады, Қызылорда керемет құрметтеді, Қостанай құшағына баурады, Шымкент шын бауыр тұтты.

Ел ішінде ғылым кандидаттары, докторлар жауыннан кейінгі саңырау­құлақтардай қаулап, қаптап кетті деген күбір-сыбыр бар. Негізсіз емес. Жалпы, ғалымдар ғана емес, майталман мамандар кез келген салада некен саяқ. Жүріс-тұрысы, білгірлігі, көзқарасы, қабілеті Тұрсе­кеңе ұқсас әдебиеттанушылар, шәкірттер баршылық. Ерте көз жұмған Бақытжан Майтанов ұмытылар, ма сірә. Түркістанның төріне жайғасқан зиялы жан, талантты ғалым Құлбек Ергөбектің биік еңсесі біразынан оқшау тұр. Күнде көрісіп, аға-іні арасындағы ақжолтай сыйластықтан достыққа ауыса бастаған қазақы қалың қасиетті Тұрсекең мен Өмірхан арасынан ылғи көрдік. Өз басым шын мәніндегі докторларға айрықша құрметпен қараймын.

 Тұрсекең әдебиет ауылында жүрген, өзімен сыйлас інілерінің көбін бір әке-шешеден туғандай сезінді. Талантты ақын Серік Тұрғынбекұлының Астана қаласында 60 жылдық мерейтойы құрметіне өткен шығармашылық кеште шешіле, шабыттана, ағынан ақтарыла сөйлегені есімде.

− Серіктің өлеңдерін оқып тұрамын. Кітаптарының бәрін түгелдей парақта­дым. Сәкен Сейфуллин арқылы да екеуміз тамырласпыз. Әсіресе, Серіктің лирикалық өлеңдерге қоса, эпикалық көлемді туындыларға қалам тартуы қуанарлық. Кейкі батыр, Сәкен Сейфуллин туралы жазған дастандары дабылдап тұр.

 Естуімше, Құлбек Ергөбек канди­даттық диссертация қорғап тұрған­да да Тұрсе­кең талантты шәкіртін көкке көтере үн қатыпты.

− Ғылыми еңбектің жазылу стилінде, зерделеуінде, пайымдауында еш кінәрат жоқ. Өте жоғары деңгейде. Осы үлгідегі еңбек авторларына бірден докторлық атақты неге бермейміз?

Ол жылдары да әдебиеттанушылар арасында қызғаныш оты қызарып тұрған. Бірақ шын талант тас жарары белгілі. Бәрібір Құлбек шәкірті құйғыта шапты. Өзінің қарымын қабілетімен дәлелдеді.

Тұрсекең жас кезінде Ақмола об­лыс­тық қазақ театрында актер болып та қызмет істеген. Былайша айт­қан­­­да, адамдардың ішкі жан дүние­сіне негізделген ойларын ерте қалып­тастыр­ған. Кісі танудан қапысы жоқ. Жақ­сыға жолықса бейне көктемдей көріктеніп, жаздай жайдарыланып, шуақтай шырайланатын. Бірдеңе ұнамай қалса қабағы қатуланып, екі көзі шарасынан шыға үлкейіңкіреп көрініп, бет әлпеті құбылып, табанда теңеу сөздердің талайын табатын. Бет-жүзге қарамайтын. Алла, ата-баба нұсқаған жолдан басқа жаққа бұрылмайтын.

 Атақты жанның рухани байлыққа негізделген өзекті жайлар көкейін мазалаған сәттегі жан айқайы тіпті бөлек.Әдебиет әлемінің бозторғайы тәрізді тынымсыз шырылдады.Ғалымдардың ішінен суырылып шыққан бұқаралық-ақпарат құралдарының белсенді авторларының бірі осы кісі болды. Газеттерді алып оқығанда танымал тұлғаның сұхбат, мақалалары көзге түсті. Қазақ радиосында әдебиетші ретінде философиялық ой-толғамдарын айтып, дамылсыз сөйледі. Теледидар арналарына көз тіксеңіз, тағы да салиқалы сөздерінен сусындадық.

Тұрсынбек ағаның ең жоғары лауазымы − КазМу-де филология факуль­тетін басқарған жылдары. Одан әрі ірі мансап, көтеретін кран іздеп әуреленбеді. Оның есесіне барлық тиянақты еңбегін, ірі ізденісін, көлемді, көрнекті шығармашылық жұмысын ғибраты ғажайып ғылым бағытына бұрды. Ешқашан өсіріп, өкіртіп өтірік айтпа­ды. Ақиқат үшін алты алаш арыстарының барлығы да белсенді күресті. Тұрсекең азабы, ауырлығы, қиналысы көп болса да сол жолмен тайсақтамай тура жүрді.

Әлі есімде, Тұрсекеңнің 85 жылды­ғына жұрт жұмыла кірісіп, мәре-сәре тойлады. Өзі ұзақ жыл жемісті жұмыс істеген КазГУ-де өткен мерейлі мәжілісті кім ұмытар. Сол жиынға Қостанайдан танымал тарихшы, доктор Аманжол Күзембайұлы екеуіміз барып, біреуіміз қара сөзбен, екіншіміз өлеңмен мерейтой иесін ізгі ниеттен құттықтадық.

Өкінішке қарай, бұл менің белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкіұлымен соңғы кездесуім екен...

Нағашыбай МҰҚАТОВ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты