Қазақстанда Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына биыл он алты жыл болды. Бүгінгі таңда бұл құрылым республикада құқық, халықаралық жеке құқық, төрелік іс жүргізу құқығы салаларында өзіндік жоғары табыстарымен белгілі цивилистиканың жалғыз орталығы болып есептелінеді. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Майдан Сүлейменов елімізде осы сала мектебін қалыптастыра отырып, ТМД елдерінде сирек кездесетін халықаралық және құқық саласындағы барлық келісімшарттар мен заңдар шығармашылығының орасан зор жобасын жасап, жүзеге асырды.
Ғалымның азаматтық құқық ғылымын ғана емес, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған халықаралық жеке құқық ғылымының қалыптасуына қосқан үлесі де қомақты. Ол арбитражды комиссияның ұйымдастырушысы және тұрақты төрағасы болып табылады. Ал енді арбитраждық комиссия халықаралық коммерциялық сот болғандықтан, шетел компанияларының қатысуымен болған істерді қарайды. Міне әңгіме, осы тұрғыда ғылыми орталықтың жүріп өткен жолдары мен алдағы жобалар төңірегінде ой қозғаудан басталды.
– Майдан Күнтуарұлы, өзіңізге белгілі, біздің Отанымыз үшін биылғы жыл ерекше жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Әлемдік қауымдастықта жаңа мемлекеттің дүниеге келуі сол елдің ең басты құжаты – Конституцияның қабылдануына тікелей тәуелді ғой. Ел Конституциясы қабылдануының бастапқы жобасы кезеңінде сіз атақты ғалым-заңгерлермен бірге болдыңыз. Соған орай, сізге бір өтініш, Ата Заңның жобасын жасау процесі және кездескен күрделіліктер жөнінде айтып берсеңіз.
– Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Жасыратыны жоқ, ол құжат қабылданғанда, бұл ғасырларға, ұзақ мерзімге арналған дегендей пікірлер де болды. Сол кезеңнің өзінде мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақаламда мен бұл Конституция өтпелі уақыттың заңы болғандықтан, оны екі-үш жылдан соң өзгертуге тура келетіндігін айтқанмын. Оған басты себеп – сол уақытта экономикалық және саяси жағдайлар жиі өзгеріп жатты.
Бірқатар күрделіліктерден кейін жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселе көтеріліп, Елбасының 1995 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы туралы Президент жанындағы сарапшылық-консультативтік кеңес құрылды. Оның құрамына барлығы тоғыз адам еніп, олардың алтауы: Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Е.Нұрпейісов, Ғ.Сапарғалиев және мен бар бір топ ғалымдар, сондай-ақ Н.Шәйкенов, К.Колпаков, Б.Мұхамеджанов секілді лауазым иелері мен шетелдік үш сарапшы болды. Біздерді Ата Заңның авторлары дейтіндер де бар, ашығын айту қажет, біздер автор емес, сарапшылармыз. Елбасының жоғарыда аталған Қаулысында: «Жұмысты 10 маусымға дейін аяқтау қажет», деп жазылды. Сонда ойлап қарасаңыз, бір айдан да аз уақыт қалған. Әрине, сондықтан біздерге күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге тура келді.
Бұл орайда: «Конституцияның авторы кім?» деген орынды сауал туындайтындығы сөзсіз. Ақиқатына келгенде, Конституцияның идеологы – Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өзінің бір еңбегінде «20 елдің Конституциясын оқып шыққаннан кейін ғана, заңгерлерді шақырғандығын», жазған-ды. Ата Заңның мәтінін сол кездегі Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов қағазға түсірді. Құжат жобасын талқылау тым қызу да қарқынды өтті. Соның бірі Конституцияның 61-бабының 3-тармағына қатысты пікірталас еді. Онда Парламенттің заң шығарудағы құқығын шектеу төңірегінде мәселе көтерілді. Менің ойымша, мұның өзі дұрыс тұжырым емес, Парламент – ең жоғары билік органы болғаннан кейін, ол кез келген мәселені өз қалауынша қарауға ерікті. Жасыратыны жоқ, міне осы тармақ төңірегінде іс жүзінде үнемі: «Мұны Парламенттің қарауына бола ма, болмай ма?» деген сияқты жағдайлар орын алып қалуда. Конституцияның соңғы өзгерісінде Парламент өкілеттілігінің көптеген бағыттарда кеңейтуге бағытталуы да сондықтан.
– Жоғары біліктілікті, жауапкершілікті талап ететін күрделі де қиын ғылымдар қатарына жататын заңгер мамандығын тандауыңызға не себеп болды? Бұл сауалды қоюымызға республика Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор болуыңыз сіздің о баста дұрыс таңдау жасап, өз мамандығыңызды жетік меңгергеніңізді ғана емес, оны өте жақсы көретініңізді аңғартады. Осылай бола тұрса да еңбек жолыңызда қандай да бір күрделіліктер кездесті ме?!
– Әрине, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, әке ұлағатының орны ерекше. Менің өмір, еңбек жолымдағы жетістіктерім үшін ата-анама қарыздармын. «Көзінің – нұры, көңілінің – гүлі» баласының өз жолын қуғанын әрбір ата-ана қалайды. Бүгінде менің өз балаларымның да мен сияқты әке аманатына адалдық танытып, заңгерлік мамандықты игергеніне қуаныштымын. Менің ойымша, кез келген адамның жолы болып, биіктен көрінуі оның өмір жолында үлгі-өнеге болатын жақсы адаммен жолығуына байланысты.
Мен үшін сондай қимас, аса қадірлі адам профессор Юрий Григорьевич Басин болды. Атақты ҚазГУ-дің заң факультетіне сонау 1958 жылы түсіп, құқық теориясымен айналыспақ болдым, бірақ бұл ойымнан бас тартуға барлық ғылымды Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин еңбектеріндегі цитаталармен түйіндейтін профессор Хангаловтың көңілсіз лекциялары себеп болды. (Әйткенмен, соңғы жылдары бәрібір құқық теориясына қайта оралуыма тура келді). Ал, енді екінші курста өте білікті, өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол ғалым Юрий Григорьевичтің лекциясын тыңдағаннан соң, менің азаматтық құқық ғылымына деген үлкен құштарлығым оянды. Қазір ойлап қарасам, содан бері жарты ғасыр өтіпті. Өзімнің осы саланы таңдағаныма ешқашан өкініп көрген жоқпын және өкінбек те емеспін.
Егер мен сізге: «Осыншама ұзақ, яғни елу жыл бойында ешқандай қиындық, күрделіліктер болмады» десем, жалған айтқан болар едім. Ең алдымен қасиетті де қастерлі ғылыммен айналысу, оған келу дәл сол уақытта өте қиын болды. Университет түлегі ретінде маған Ішкі істер министрлігіне жолдама берілген-ді. Дегенмен ұстазым Салық Зимановқа айтар алғысым зор. Сол кезде Ғылым академиясының Философия және құқық институтының директоры, Қазақстанның заң ғылымындағы осы алып тұлға алдымнан даңғыл жол ашып, мені Мәскеуге аспирантураға жіберді.
– Сіз 1985 жылы ҚазҰУ-де азаматтық, шаруашылық, тұрғын үй және отбасы құқықтарынан лекция оқып, сол жылы азаматтық құқық профессоры ғылыми атағын алыпсыз. Содан бері арада ширек ғасыр өтті, жоғарыдағы пәндер бойынша заңнама уақыт талқысына түсіп, бірқатар өзгерістерге ұшырады. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы азаматтық, тұрғын үй және отбасылық құқыққа қандай өзгерістер әкелді деп ойлайсыз?
– Сіздің жоғарыда жіктеп-жіктеп атап айтып отырған тақырыптарыңыздың бәрі пән бойынша түгелдей дерлік азаматтық құқыққа енеді. Сол себептен біз әңгіме ауанын азаматтық құқықтағы өзгерістерге бұрайық. Сонымен азаматтық құқықтың басты ерекшеліктері – ол құқықтың өзге (мемлекеттік, әкімшілік, процессуальдық және басқа) салаларына қарағанда қоғамның кез келген құрылысында өзгеріссіз қалады. Мәселен, келісімшарт, жекеменшік құқығы, заңды тұлға – азаматтық құқықтың негізі, яғни өзегі болып табылатындықтан кез келген саяси құрылымда және кез келген формацияда өмір сүре алады. Ал, егер оның дамуына кедергі жасап, жол бермесе, азаматтық құқық мүлдем жоғалады. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде не болды? Әрине осы институттар формальды түрде ғана өмір сүріп, шын мәнісінде жұмыс істемеді. Өйткені барлығы мемлекеттік еді. Өзімнің бір мақаламда азаматтық құқықты сол себептен «керексіз» ғылым деп атағанмын.
Мұның өзі менің пікірімше, социалистік елдер экономикасының құлдырауының басты себептерінің бірі болды. Мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін және нарықтық экономикаға көшіп, кәсіпкерліктің қарыштап дамуының нәтижесінде азаматтық құқық алғы шепке шықты. Дегенмен, ғалымдарға уақыттың жаңа да жоғары талабына толықтай жауап беретін жаңа заң дайындау қажеттілігі туындады. Міне, осындай ауқымды да, маңызды іс-шараның басында Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты тұрғандығын айтқым келеді. Социализмнің идеологиялық догмаларынан тазарып, одан мүлдем арылған Қазақстанның азаматтық құқығы – бүгінде тәуелсіз елімізде толықтай жауап беретін және экономикалық қатынастарды тиімді әрі ұтымды түрде реттей алатын құқыққа айналды.
– Әңгіме бағытын енді осы Жеке құқық институты қызметінің негізгі бағыттары мен нақты нәтижелеріне, жеке құқық саласының зерттеу процесіндегі проблемалар мен алдағы жобаларға аударсақ.
– Жеке құқық ҒЗИ азаматтық құқық және халықаралық жеке құқық саласындағы бірден-бір мекеме ретінде бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Институт қызметкерлерімен Азаматтық кодекс жобасы жасалды. Сонымен қатар экономика (жер, қазба байлықтары, мұнай, кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) салаларына қатысты жетпіске жуық заң бар. Ең соңғы заң – Мемлекеттік мүлік туралы және Мемлекеттік кодекске өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы заң мен өзге де заңнама актілері. Сонымен қатар, ҒЗИ Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамымен бірлесіп, жыл сайын әлемдік құқықтың актуальды проблемаларына арналған цивилистикалық оқулар аясындағы халықаралық конференциялар ұйымдастыруда. Биыл оның он үшінші жиыны өткізілмек.
Ал, енді ғылыми-зерттеулерге келсек, институт жұмысындағы басымдық азаматтық құқық пен кәсіпкерліктің арақатынасын зерттеуге аударылуда. Онда кәсіпкерлік қызметті қалай және қандай құралдармен реттеуге болады деген мәселе ойландырмай қоймайды.
– Майдан Күнтуарұлы, сізге соңғы сауал. 2000 жылы инвестициялық талас-тартыстарды қарау жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID), UNCITRAL ережелері бойынша Стокгольм, Швецияда (2001, 2004, 2010 ж) төрелік сотқа қатыстыңыз. Өзіңізге аян, халықаралық сот жүйесі жоғары даму деңгейімен және адам құқығына деген ерекше қатынасымен, озық тәсілімен сипатталады. Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылында халықаралық тәжірибеден біршама тәжірибе жинақталды. Солардағы заңнаманы негізге ала отырып, Қазақстан заңнамасына халықаралық тәжірибеден тағы да қандай әдістерді енгізу қажет деп ойлайсыз?
– Орынды сауал, сіздің тұжырымыңызбен келісемін, Вашингтон, Лондон, Париж, Стокгольм, Хьюстон, Колгари, Мәскеудегі көптеген халықаралық арбитраждық және сот процестеріне қатыстым. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы қазақстандық халықаралық арбитраждың төрағасымын. Бұл процестердегі мені қызықтыратыны – соттағы барлық аргументтерді екі жақтың өкілі қамтамасыз етеді, ал соттар болса тек қана осы аргументтерді бағалайды және шешім шығарады. Азаматтық процесте прокурор болмаған жағдайда жемқорлық та болмайтындығын айқындайды. Міне, осы қағидалардың, принциптердің барлығын мен қазақстандық халықаралық арбитражға енгіздім. Медиация мен арбитражға енетін біздің еліміздің сот жүйесіне талас-тартысты шешудің баламалы әдістерін белсенді түрде енгізу қажет деп есептеймін. Мұның өзі соттар жұмысын жеңілдетуге және жемқорлықпен күрестегі ең тиімді әрі ықпалды құрал.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.