13 Қазан, 2011

«Халал» өндірісіне үлес

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астаналық облыстың инвестициялық тар­тым­дылығы күн санап артып келеді. Осының айғағындай, елімізге белгілі «МПЗ Бижан» фирмасы Көкшетауда 1500 шаршы метр аумақ­ты алып жатқан жаңа ет өңдеу комбинатын жұмысқа қосты. Алматыда ет, шұжық өнімдерінің 70 түрін шығарып, «Қазақстанның азық-түлік рыногы көрмесінің 10 алтын медалін жеңіп алған фирма өлке дамуына жаңа леп қосады. Ауысымдық қуаты 70 ірі қара малды сойысқа жарататын өндіріс басшыларының алдағы кезде бордақылау алаңын ашу жоспары да қолдауға тұрарлық. Біз осындай серпінді ұмтылыстар арқылы Елбасының экспорттық әлеуетті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындауға салмақты үлес қосатын боламыз, дейді  кәсіпорынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров. – Біз өз өндірісімізде дәстүрлі түрде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары­нан жеткізілген шикізатты пайдаланамыз, –дейді «МПЗ Бижан» фирмасының бас дирек­торы Хадиша Бижан. – Көкшедегі кәсіпорын өнімнің өзіндік құны мен сауда айналы­мындағы бағаны да арзандататын болады. Сондай-ақ, Астананың азық-түлік белдеуіне қатысумен бірге Ресей рыногына жақындай түспекпіз. Жаңа комбинатта Германияның озық жабдықтары орнатылып, заманауи техно­логиясы қолданылады. Мұнда, қазірше 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Болат Сәбитов кәсіпорынның өндірістік желісінің жалпы құны 98 миллион теңгені құрайтынын айтып өтті. Акционерлік қоғам алдағы кезде де осындай жаңа қадамдарды қолдайтын болады. Мәселен, еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында 94 миллиард теңгенің 14 инвес­ти­ция­лық жобасын қаржыландыру жоспарланған. Жұртшылық Көкшетау кәсіпорнының «Халал» стандартымен жұмыс істейтінін қуана құп көріп отыр. «Қазақстанның халал индустрия­сы» ассоциациясының және «Халал» халық­аралық техникалық комитетінің куәліктері мен сертификатын ассоциацияның эксперті Ер­ғұлан Шметов тапсырды. Бақберген АМАЛБЕК.  Көкшетау.