Аймақтар • 10 Тамыз, 2017

Көш көлікті болсын

2404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алыс-жақыннан көшіп келушілердің қызығушылығына ие өңірлердің бірі – Маңғыстау. Оның үстіне табиғи өсімнің де оң нәтиже беруі өзіндік кейбір мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Облыста қоныстанушыларға жер жеткенімен, нәпақасын айырар жұмыс табу күрделі күйінде тұр.

Көш көлікті болсын

Осы орайда Мемлекет басшы­сы Н.Назарбаевтың «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауын­да жұмыс күші көп жерлер­ден өзге жерлерге адам тарту, жұ­мыс күшін жіберу  мәселесін ұсынған болатын. Бұл ішкі көші-қон талай отандастың оңтайына оралатын бастама болмақ – жұмыс таба алмай дағдарған және баспана ала алмай қиналғанның арманы осы бағыт бойынша орындалмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға мем­лекетіміздің «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай­ кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» да серпін бере түсті. 

Маңғыстау – мұнайлы өңір, бірақ тұрғындардың барлығы бірдей аталмыш салада жұмыс жасауы мүмкін емес. Демек, Жол­дауда айтылған тапсырма мен жо­ға­рыда айтылған мемлекеттік бағдарлама өзге саладан нәсіп іздегендер мен кәсібін ашамын деу­шілерге қажетті құжат. 

Маңғыстау облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­­меттік бағдарламалар бас­қар­­масы бұл бағыттағы жұ­мыс­ты қар­қынды жүргізіп келеді. Жұ­мыспен қамтуды және кәсіп­кер­лікті дамытуды, жұмыс күші тапшы өңірлерге еңбек ресурстарын қоныстандыруды көздейтін ерікті қоныс аудару идеясы халық арасына түсіндіріліп, көшем деу­ші­лердің алғашқы легі құтты қоныс­тарына аттандырылды. 

– Биылғы жылдың мамыр айын­да ал­ғаш рет Ақтауда ерікті қо­ныс аударушылар форумы өтті. Екі күнге созылған форум Ақтау, Жаңа­өзен қалалары мен Мұнайлы ауданында ұйымдастырылды. 600 адам қатысқан форум аясында бос жұмыс орындарының жәр­­ме­ңкесі өтіп, оған 400-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ, оралман қандастарымыз көп шо­ғыр­ланған Мұнайлы ауданында  халықпен кездесу өтіп, ерікті қоныс аударудың мән-маңызы түсіндірілді, – дейді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлжихан Аманжан. 

Еліміз бойынша жұмыс орындары тапшы өңірлер санатында жұртшылыққа Павлодар, Сол­түстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Қостанай облысы ұсынылды. Форум жұмы­сына аталмыш өңірлерден өкілдер келіп қатысып, өз өңірлеріндегі бос жұмыс орындары мен көшіп келушілерге жасалатын жағдай, баспана мәселесі туралы сөз қоз­ғады. Осы жұмыстардың Маң­ғыс­тау өңіріндегі бірден-бір үйлестірушісі болып отырған Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегі бойынша, Шы­ғыс Қазақ­стан облысында бі­лім беру, ден­саулық сақтау салала­рына, мемлекеттік қызметке, сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы мен ком­муналдық салаларға барлығы 219 адамға жұмыс орындары бос деп көрсетілсе, Павлодар облысында 500-ден астам, Қостанай об­лысында 30-ға тарта  газбен, электрмен дәнекерлеуші, мұғалім, механизатор,  жүргізуші, арнайы техника жүргізушісі, ветеринар, дәрігер, фельдшер мамандар қажет екен. Ал  Солтүстік Қазақстан облысындағы 790 бос жұмыс орны мұғалім, дәрігер, бюд­жет саласы мамандарын, ауыл ша­руашылығына қызмет ететін еңбеккерлерді күтеді. 

Түсіндіру жұмыстары нәти­жесінде Маңғыстаудан 169 отбасы көшуге ниет білдірсе, «жол мұраты – жету» деген құрамында 50-ден астам мүшесі бар 12 отбасы:  4 от­­басы Павлодар облысына, 6 отба­сы Шығыс Қазақстан облысына, 1 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына және 1 отбасы Қостанай об­лысына қоныстанып үлгерді. Жұмыс орны мен жасалатын жағ­дайға қаныққан тағы да  6 отбасы көш-көліктерін әзірлеуде. 

Барған адамдардың алдынан бақыр шығып, аңтарылып қалмауы үшін жергілікті басқарма өкілдері алдын ала аталмыш облыстарға іссапарға барып,  көші-қон, жұмыс, баспана мәселесін пысықтап қайтты. Өзге өңірлердегі өз әріптестерімен меморандум жасасып, бірлесе жұмыс жүргізу үшін келісімге келді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, көшіп барушылар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, бір жыл бойы коммуналдық ақыдан босатылады, жұмысқа орналасқан соң оларға жәрдемақы төленіп, қажет еткендерге егін егу үшін жер телімі де беріледі. Егін егіп, ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге субсидия мен жеңілдетілген несие беріліп, балалар бақшамен қамтылады екен. Тіпті жер орнын алып, егін салып, кәсібін гүлдендіремін деген кәсіпкерлердің баруына да жол ашық. 

Қазақстанның азаматтығын ал­ған­­дар да, оралман мәртебесін­де­гілер де қатыса алатын ерікті қо­ныс аудару бағдарламасының міндеті  жұмыспен қамту болса,  айтпағы  –  қазақ даласының төрт тарабын өзара байланыстыру, қа­зақ баласына қазақ даласының жаттығы жоқтығын ұғындыру. Бастаманы жемісті жүзеге асыру үшін қоныс аударып барушыны өзектен теппей бауырына басып, біл­мегенін үйретіп, жат ортаға сіңісіп кетуі үшін қарапайым халық­­тың, ауыл ақсақалдарының және жергілікті билік өкілдерінің бел­сенді атсалысқаны жөн, дейді мамандар. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы