Осы орайда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жұмыс күші көп жерлерден өзге жерлерге адам тарту, жұмыс күшін жіберу мәселесін ұсынған болатын. Бұл ішкі көші-қон талай отандастың оңтайына оралатын бастама болмақ – жұмыс таба алмай дағдарған және баспана ала алмай қиналғанның арманы осы бағыт бойынша орындалмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекетіміздің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» да серпін бере түсті.
Маңғыстау – мұнайлы өңір, бірақ тұрғындардың барлығы бірдей аталмыш салада жұмыс жасауы мүмкін емес. Демек, Жолдауда айтылған тапсырма мен жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарлама өзге саладан нәсіп іздегендер мен кәсібін ашамын деушілерге қажетті құжат.
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұл бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізіп келеді. Жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытуды, жұмыс күші тапшы өңірлерге еңбек ресурстарын қоныстандыруды көздейтін ерікті қоныс аудару идеясы халық арасына түсіндіріліп, көшем деушілердің алғашқы легі құтты қоныстарына аттандырылды.
– Биылғы жылдың мамыр айында алғаш рет Ақтауда ерікті қоныс аударушылар форумы өтті. Екі күнге созылған форум Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында ұйымдастырылды. 600 адам қатысқан форум аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, оған 400-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ, оралман қандастарымыз көп шоғырланған Мұнайлы ауданында халықпен кездесу өтіп, ерікті қоныс аударудың мән-маңызы түсіндірілді, – дейді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлжихан Аманжан.
Еліміз бойынша жұмыс орындары тапшы өңірлер санатында жұртшылыққа Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Қостанай облысы ұсынылды. Форум жұмысына аталмыш өңірлерден өкілдер келіп қатысып, өз өңірлеріндегі бос жұмыс орындары мен көшіп келушілерге жасалатын жағдай, баспана мәселесі туралы сөз қозғады. Осы жұмыстардың Маңғыстау өңіріндегі бірден-бір үйлестірушісі болып отырған Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегі бойынша, Шығыс Қазақстан облысында білім беру, денсаулық сақтау салаларына, мемлекеттік қызметке, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен коммуналдық салаларға барлығы 219 адамға жұмыс орындары бос деп көрсетілсе, Павлодар облысында 500-ден астам, Қостанай облысында 30-ға тарта газбен, электрмен дәнекерлеуші, мұғалім, механизатор, жүргізуші, арнайы техника жүргізушісі, ветеринар, дәрігер, фельдшер мамандар қажет екен. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы 790 бос жұмыс орны мұғалім, дәрігер, бюджет саласы мамандарын, ауыл шаруашылығына қызмет ететін еңбеккерлерді күтеді.
Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде Маңғыстаудан 169 отбасы көшуге ниет білдірсе, «жол мұраты – жету» деген құрамында 50-ден астам мүшесі бар 12 отбасы: 4 отбасы Павлодар облысына, 6 отбасы Шығыс Қазақстан облысына, 1 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына және 1 отбасы Қостанай облысына қоныстанып үлгерді. Жұмыс орны мен жасалатын жағдайға қаныққан тағы да 6 отбасы көш-көліктерін әзірлеуде.
Барған адамдардың алдынан бақыр шығып, аңтарылып қалмауы үшін жергілікті басқарма өкілдері алдын ала аталмыш облыстарға іссапарға барып, көші-қон, жұмыс, баспана мәселесін пысықтап қайтты. Өзге өңірлердегі өз әріптестерімен меморандум жасасып, бірлесе жұмыс жүргізу үшін келісімге келді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, көшіп барушылар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, бір жыл бойы коммуналдық ақыдан босатылады, жұмысқа орналасқан соң оларға жәрдемақы төленіп, қажет еткендерге егін егу үшін жер телімі де беріледі. Егін егіп, ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге субсидия мен жеңілдетілген несие беріліп, балалар бақшамен қамтылады екен. Тіпті жер орнын алып, егін салып, кәсібін гүлдендіремін деген кәсіпкерлердің баруына да жол ашық.
Қазақстанның азаматтығын алғандар да, оралман мәртебесіндегілер де қатыса алатын ерікті қоныс аудару бағдарламасының міндеті жұмыспен қамту болса, айтпағы – қазақ даласының төрт тарабын өзара байланыстыру, қазақ баласына қазақ даласының жаттығы жоқтығын ұғындыру. Бастаманы жемісті жүзеге асыру үшін қоныс аударып барушыны өзектен теппей бауырына басып, білмегенін үйретіп, жат ортаға сіңісіп кетуі үшін қарапайым халықтың, ауыл ақсақалдарының және жергілікті билік өкілдерінің белсенді атсалысқаны жөн, дейді мамандар.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы