Аталмыш туындының жарыққа шығуының 75 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада «Бір кітап» көрмесі және «Құлақтан кіріп бойды алар» атты дөңгелек үстел мәслихаты ұйымдастырылды. Оған елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы жүргізді. Ол «Абай» кітабының жарық көргеніне 75 жыл, ал ұлы ақынның өз шығармаларының жарияланғанына 120 жыл толғанын атап өтті. «Өздеріңізге белгілі, биыл Абайдың 1897 жылы жазған 13 өлеңіне 120 жыл толып отыр. Оның ішінде «Көк тұман алдыңдағы келер заман», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Алла деген сөз жеңіл», «Құр айқай бақырған», «Мен сәлем жазамын», «Ғабидоллаға», «Құлақтан кіріп бойды алар» сынды өлеңдер бар.
Қазақта Абайдан көп басылым көрген ақын, зерттелген данышпан, зерделенген ғұлама жоқ. Алайда соңғы жүз жылдың ішіндегі басылымдар мен зерттеулер, текстологиялық салыстырулар мен өзгертулер, дәйектемелер мен тұжырымдар үнемі бір-бірімен қайшыласып жатады», деді ол.
Дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдерінің Абайдың шығармашылығына қатысты пікірлері төмендегідей өрнектелді. Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы Омар Жәлел Абайдың «Құдайдан мал сұрайсыңдар, берсе алмайсыңдар» деген сөзін мысалға ала отырып, ой өрбітті. «Құдай не берді дегенге Абай: «Алла тағала сендерге мал табарлық қуат берді» дейді. Сонда адамзатқа денсаулық мал табу үшін берілген екен. Ешкімге жалтақтамай, тіленбей өмір сүру үшін Алла адам баласының он екі мүшесін сау, қуатты қылып жаратты. Негізі әрбір ата-ана ұл баланы мал табуға, қыз баланы ана болуға тәрбиелеуі керек. Қазір тепсе темір үзетін қаншама жігіттер кедей. Неге? Себебі, оларға басында тәрбие дұрыс берілмеген. Қазақта «он екі мүшең сау болса, кедеймін деп айтпа» деген сөз осы жайттарға қатысты айтылса керек», деген ол Абай ұлағатының астарын өзінше талдап берді.
Сондай-ақ, кітапхананың ғалым-хатшысы Камал Бұрханов қазақты тану үшін кез келген ұлтқа алдымен «Абай жолы» эпопеясын оқу туралы ұсыныс айтатынын жеткізді. «Абай – қазақ үшін ұлы энциклопедист ғалым. Қазақты танығың келсе алдымен «Абай жолы» романын оқы деген ұсынысымды кез келген ұлтқа айтар ем», деді ол.
Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар Абайдың қазақ халқының рухани тіреніші екенін, ал, сондай дананы, ол өмір сүрген қоғамды халыққа таныстыруда ұлы жазушы Мұхтар Әуезов орасан зор еңбек сіңіргенін атап көрсетті. Айта кетейік, «Абай жолы» осы кезге дейін әлемнің 116 тіліне аударылған екен.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»