Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «...Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз. ...Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет...» деді. Біз осы орайда өзімізге қатысты филология, оның ішінде әдебиет жайын сөз етпекпіз.
Ең алдымен оқулық жайын айтпас бұрын, оқу жүйесін аз-кем айталық. Әдебиеттану мамандығы бойынша оқитын студенттер кредиттік жүйеде базалық білімнен гөрі, оқу үлгерімі жақсы болу үшін бір сабаққа ғана жететін екі-үш бет мәтінді оқып келеді. Бұл елу минутта барлық студенттен сабақ сұрап үлгермейтін ұстаз, қысқа ғана қайырып, қорытынды бағаларын сол екі минутта айтқан сөздеріне байланысты қояды. Екіншіден, элективті курстардың ішінде әдебиеттанушы боламын деген студенттерге пайдасы жоқ пәндер бар. Бір пәннің атын сан мәрте өзгертіп, баяғы теорияларды қайталап айту уақыт жоғалтудан басқа не болуы мүмкін? Мысалы, «Нарратология», «Әдебиет поэтикасы», «Әдебиет теориясы» деген үлкен курстық пәндер қамтылады. «Әдебиет теориясы» сабағында айтылған тақырыптарды келесі курстарда бір мұғалім басқа пәндік атаумен қайталап отырса, студентке қызық па? Бұл ең алдымен Елбасы айтқан «толыққанды білім беруге мүмкіндік жасауға» кедергі емес пе?
Біздің әдебиеттанудағы элективті курстарға арналған оқулықтар жоқ. Елбасы айтып отырған мәселе осы жерден шығады. Әлемдік үздік оқулықтарды айтпағанның өзінде отандық ғалымдарымыздың белгілі бір таңдаулы курсқа арналған бағдарламалары да, оқулықтары да жоқтың қасы. Сондықтан сабақ үстінде бірді айтып, бірге кетушілік пен орыс ғалымдарының еңбегіне сүйену басым болып келеді. Үздік оқулықтардың ішінде біз ең алдымен әдебиет теориясына үлкен өзгеріс әкелген орыс ғалымдарының еңбегін қазақша аударуымыз керек. Одан кейін әлем әдеби сынындағы үлкен сыншылардың ешқайсысы қазақшаға аударылмаған. Жекелеген бір-екі мақалалары болмаса. Элиот, Паунт, Эко сияқты классиктердің еңбектері қазақша жоқ. «Ағылшын жазушылары әдебиет туралы», «Латын Америка жазушылары әдебиет туралы», «Орыс жазушылары сөз өнері хақында» деген үлкен еңбектерді орыс әдебиетшілері аударып, құрастырып, жинап қойған. Хронотоп, психологизм мәселесінде Бахтинге сүйенеміз. Экзистенциализм, постмодернизм, постструктурализм мәселесінде Кьеркогорға жүгінеміз. Одан басқа қаншама әдебиеттанудың ғалымдары жеке-дара сала етіп шығарған әдеби ағымдардың кітаптары бар. Осындай фундаментальды еңбектер бізге қашан келеді? Өзіміз қашан жазамыз? Және оны кім аударады деген де үлкен сұрақ? Өйткені қазақша ғылыми еңбектерді оқып отырып, түк түсінбей қаласыз.
Әдебиет айдыны тек теориямен шектелмейді. Стефан Цвейг, Андре Моруа, Бунин, Набоков сияқты көптеген жазушылар әдеби портреттер мен эсселер жазды. Бұлар әдебиеттанушы, әдебиетші боламын дейтін студенттерге оқуға тиіс авторлардың бірі. Стефан Цвейгтің әдеби портреттерін ақын Оңайгүл Тұржан өте жақсы аударған. Толық түсініп, кейіпкердің шығармашылық әлеміне енгендей боласың. Ал Андре Моруаның әдеби портреттері оған қарағанда нашар аударылған. Оқығың келген дүниенің бірін түсініп, бірінен сүрінесің.
Толыққанды білім берудің тағы бір тетігі көркем шығармаларды оқыту. Әрине, ұстаз шәкіртін қинап оқыта алмайды. Бірақ соңғы шыққан жақсы романдар мен әңгімелерді сабақтан тыс ұсынып отыруға міндетті. Ұсынып жүреді де. Көп жағдайда орыс классикасы мен өзіміздің жазушыларды айтады. Соған қоса әлем жазушыларының да еңбектері болса. Өйткені әлемдік әдебиет көшіне ілесу үшін, ең алдымен сол көшке жету үшін біз оларды да оқуымыз керек. Бұл жерде бір ғана нәрсені айтқымыз келеді. Нобель сыйлығының иегерлерін «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүз том етіп шығару бір кездері мақсат болды. Ол жүз томдық толық шыққан жоқ. Оның ішінде жаңа айтқандай көп романдарды қазақша түсініп оқи алмайсыз. Мәселен Фолькнердің романдары. Кім аударғаны есімде жоқ. Бір білетінім кей романдарды әдебиетшілер емес, тілшілер аударған. Бұл әдеби мәтінге үлкен кесірін тигізеді. Тікелей аударып, мағынасын жоғалтады. Соңғы жиырма жыл, одан көп болмаса Нобель сыйлығының лауреаттары қазақша аударылған жоқ. Ішінара Шимборскаяның өлеңдері мен Памуктың романы қазақша шықты. Әдебиетшілеріміз мықты болу үшін, әдебиетіміз осал болмауы үшін тым болмаса, осы аса беделді сыйлықтың лауреаттарын қазақшаласақ, үлкен олжа болар еді.
Елбасының ұлттық аударма бюросын құру жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасы рухани жаңғыру саласында мемлекет алдында тұрған міндеттер маңыздылығын көрсетеді.
Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы:
– Әдебиет қайраткерлерінен гөрі әлеуметтік желі белсенділері күшке мінген заманда жас әдебиетшілердің көбінде шығармашылық бап жоқ. Жағдайы келіспеген соң, өндіріп жазып та жатқаны шамалы. Әрқайсысы бір-екі жинақтан шығарған шығар, бірақ ірі дүниелерге бара қойған жоқ, әдебиеттегі өз сөзін әлі айтқан жоқ. Ал мен жас деп отырған азаматтардың алды қырыққа келді. Олар қашан береді? Төрт құбыламызды түгендеп алайық деп жүргенде уақыт өтіп кетпей ме? Іште жалындап тұрған шығармашылық әлеует сөніп, қоламтаға айналмай ма?
Осы ретте Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» жобасына сәйкес әрбір облыс өз өңірінен шыққан, өз өңіріне сырттан келіп қоныстанған, бүгінде шығармашылық ортада танылып қалған, Астана мен Алматыда баспанасыз жүрген жас дарындарын шақыртсын. Оларға облыс орталықтарынан үй берсін, жұмыспен қамтамасыз етсін. Шығармашылықпен айналысуға жағдай жасасын.
Бұл шаруаның пайдасы шаш етектен. Бірінші – пайданы әдебиет көреді. Баспана секілді басты мәселесі шешілген қаламгер, шығармашылықпен еркін айналысады. Екіншіден, аймақтардың шығармашылық әлеуеті көтеріледі. Әрбір облыста қалыптасқан әдеби ортаға серпін береді, газет-журналдарда қызмет етіп, аймақтық журналистиканың жұмысын жандандырады.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:
– Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» тақырыбы әр адам өз туған жерін құрметтеуден бастап, соған қызмет қылу, көркейту, белгілі бір аймақтан шыққан жас талаптарды қолдау сияқты бірнеше мағыналық реңк бар.
«Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз де сол мақалада айтылды. Семейде Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Маңғыстауда Светқали Нұржан мен Сабыр Адай, Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Таразда Несіпбек Дәутайұлы, Шымкентте Мархабат Байғұт сияқты ағаларымыз сол өңірлердің темірқазығы, ақылшысы болып отыр. Осы кісілердің айналасына топтасқан жастар бар. Олар да өсе келе, өздерінен кейінгі жастарға жол сілтеуші болады. Әр облыс кем дегенде бес үйден берсе, жастар сабылып Астана мен Алматыға ағылмас еді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын:
– Ұлтты руханияты ұстап тұрады. Ішкі қуаты мен сыртқы келбетін сақтаушысы да – сол. Сондықтан ол көңіл бөлуге тиіс көп саланың жәй ғана бірі емес, бірегейі! Біз кезінде ерікті, еріксіз алыстап кеткен өз рухани қазығымызға қайта келе жатқан жұртпыз. «Рухани жаңғыру» соның көрінісі.
Өз идеологиясына пайдалану мақсатында болды десек те Кеңес өкіметі кезіндегі әдебиеттің берген жемісі орасан. Себебі қаламгерлерге жағдай жасалған, шығарылған өнімнің бағасы бар. Жазбаған романының жарты ақшасын алып отбасына беріп қойып, өзі оңашада роман жазып жатқан кісі неге жеміс бермесін? «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» дейтін ұран астында болса да түріне мазмұн сыйдырып жіберген шеберлеріміз де аз болған жоқ. Ондайда «еркін болмай қалады» деген сөзге келісе қоймаймын. «Өлең шіркін, еркін болса болмай ма, Ұйқас, ырғақ құрсауында тұрып та» деп Олжас Сүлейменов жазғандай шын талант қашанда ақиқатпен астасып, шындықпен бітеқайнап жатады.
Қазіргі жаппай мақтау таланттарды өшіріп жатыр. Бәріне – бір «лаик». Бүгінгі қазақ әдебиетіне асылын асылдай, жасығын жасықтай тас-талқан ғып талдап беретін сыншы керек. Оларға да жағдай жасалынуы керек!