Қазақ елі дүние дидарында тағы бір тамаша бастамасымен танылды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды. Құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядролық қарусыздану және таратпау үдерісіне қосқан орасан зор үлесі мойындалған. Адамзат жаппай қырып-жою қаруынан құтылатын күнге жақындай түсті.
Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ шеңберінде белгіленген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар аясында Астана мен Семей қалаларында ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік халықаралық форум өтетінін айтқан болатынбыз. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Ядросыз әлем үшін» атты сол форум өз жұмысын бастады.
Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар басшылары мен өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Ресей Федерациясы, Словакия, Швейцария, Пәкстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам және т.б. елдер парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Қазақстаннан Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, дипломаттар, журналистер болды.
Алдымен жиналғандарға «Қазақстан ядросыз әлемді қолдайды» атты деректі фильм көрсетілді. Онда Семей ядролық сынақ полигоны төңірегіндегі халықтың бастан кешкендері, олардың түрлі дауасыз науқастарға шалдыққандары және екінші, үшінші ұрпағында да кемтар балалардың туып жатқандығы, өз өмірін өздері қиюы жөнінде жантүршігерлік деректер көрсетілді. Осы сынақ алаңын жабу жолындағы Президент Н.Назарбаевтың КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені генералдары мен мемлекет басшыларына қарсы қайраткерлік әрекеті, ақырында, 29 тамызда Елбасының Жарлығымен полигонның жабылғаны туралы айтылды. Сонымен бірге, фильмде полигонды жабудың маңызы жөнінде әлемдік саясаткерлердің пікірлері берілді. Ал 29 тамыз Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында арнайы қарармен 2009 жылдан бастап Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланғаны мәлімделді. Фильм аяқталған соң көрермендер Мемлекет басшысына ұзақ қошемет көрсетті.
Осыдан кейін сахнаға Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған бір топ адамдар көтерілді. Конференция жұмысын Мемлекеттік хатшы
Қанат Саудабаев құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен өзінің сөзін Астанаға «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумына қатысу үшін келіп отырған қонақтарға сәлем жолдаудан бастады. Бүгінгі кездесудің айрықша ерекшелігі – оның ядролық сынақтардың жантүршігерлік салдарын өз басынан өткізген Қазақстанда өтіп отырғандығы, деді ол. Форумға қатысушылар ертең бұрынғы Семей сынақ алаңында болып, көп жылдар бойы жүргізілген ядролық жарылыстардың сұмдығын өз көздерімен көре алады. Оның кейбір фрагменттері жаңа өздеріңізге көрсетілген фильмде де айтылды. Одан әрі Қанат Саудабаев бүгінгі форумға ядролық сынақ полигонын өз қолымен жапқан және қуаттылығы жағынан әлемде төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып отырғаны оның маңызын зорайта түсетінін атап өтті. Әлемдегі қауіпсіздік пен бейбіт өмірдің айнымас мәні болып табылатын адам ретінде ол еліміз тәуелсіздігін алған 20 жыл бойы ядролық қатерді таратпау мен қысқарту жөніндегі әлемдік үдерістің басында келеді. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың ядросыз әлемге жету жолындағы стратегиялық болжамдары біздің пікірталастарымызға зор маңыз, шынайылық пен жауапкершілік береді, дей келіп сөзді Президент
Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Мен әлемдегі аса ірі Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған маңызды халықаралық форумға қатысу үшін Қазақстан елордасына алғаш рет жиналып отырған біздің барлық жоғары қонақтарды құттықтасам деймін, деп бастады өзінің сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде ядролық қауіпсіздік мәселелері әлемдік саясатта жетекші орындардың бірін алады. Өткен жылы осы жүзжылдықта алғашқы қол қойылған АҚШ пен Ресей стратегиялық ядролық арсеналдарын қысқарту туралы Париж шарты қолданысқа енгізілді. Сонда Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит өткен болатын.
Мемлекет басшысы осыдан үш апта бұрын Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысы бойынша аталған проблемаға арналған жоғары деңгейдегі мәжіліс болғанын атап өтті. Алдағы жылдың наурызына белгіленген Сеул саммитіне дайындық жүргізілуде. Ал Астанадағы осы жолғы форум ядролық қауіпсіздік проблемаларының барлық спектрлері бойынша саясаткерлер мен жұртшылықтың кең көлемін қамтып, күш-жігерін біріктіруде маңызды қадам саналады. Оның қатысушыларының кең құрамы ядросыз әлем идеясының жаһандық деңгейде ешкімді бей-жай қалдырмайтынының жарқын көрсеткіші, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиырма жыл бұрын әлемде бірінші болып біз өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық, деп жалғады сөзін Президент. Қырық жылға созылған сынақ кезінде 450-ден астам жарылыс жасалса, соның ішінде 120-дан астамы атмосферада жасалды. Олардың жиынтық қуаты 2,5 мың Хиросиманы жойып жіберуге жеткілікті еді. Радиация 300 мың шаршы шақырымнан астам аумақты бүлдірді. Бұл – шамамен Германия сияқты Еуропадағы үлкен елдердің бірінің аумағына тең. Ядролық сынақтардың салдарынан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Менің Семей полигонын жабу туралы Жарлығым біздің осы жылы 20 жылдығын атап өтетін Тәуелсіздігімізге қадам басуымыздың кері қайтпас нүктесі болды.
Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтар үшін мұның егемендікті сезінуде тарихи акт, қазіргіміз бен болашағымызға күш беріп, ақыл қосқан сенім болғанын атап көрсетті. «Невада-Семей» қозғалысына біріккен халықтың ерік-жігерінің көрініс беруі нақ осымен түсіндіріледі. Бірақ біз әлемді «ядролық зұлымдықтың» ауқымды апанынан шешімді түрде аластап қана қойған жоқпыз. Біз жаһандық қатерден де биіктеп, еліміз тарихы мен бүкіл әлемнің ядродан арылуы пайдасына қағидатты таңдау жасадық. Қазақстан сондай-ақ, кеңестік әскери мәшинеден мұраға қалған ядролық сауыт-сайманын да шешті. Бұл ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсенал болатын.
Осылай деген Президент Қазақстанның ядролық бомбалар мен оларды жеткізу құралдарына иелік еткенін мәлімдеді. Кейінгі бес жыл бедерінде АҚШ және Ресейдің қатысуымен Жер шарының кез келген нүктесіне жетуге қабілетті 1200 оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыран бөлшектелгенін атап көрсетті. Сол уақытта еліміздегі ядролық арсенал Ұлыбритания, Франция, Қытай үшеуін қосып алғандағы ядролық әлеуеттен асып түсетін еді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Бүгін мен мұның Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігіне ауқымды және драмалы қадам болғанын тура айта аламын. Есесіне біз әлемнің АҚШ, Ресей, Ұлыбритания сияқты жетекші ядролық державаларынан өзіміздің қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік талап етіп, оны 1995 жылы алдық. Кейін бұл кепілдемеге Франция мен ҚХР қосылды.
15 жыл бұрын Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қатысушы атанды. Өңірдегі көршілерімізбен бірге Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Және бүгінде еліміз жаһандық антиядролық қозғалыстың көш басында келеді. Мұның бәрін егжей-тегжейлі айтып отырған себебім – бұлар Тәуелсіз Қазақстанның ядросыз биографиясындағы жарқын беттер болып табылады. Бұл біздің антиядролық тәжірибеміз және де әлемнің барлық мемлекеттерін соңымыздан еруге шақырамын, деді Қазақстан басшысы өзінің сөзінде.
Президент Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған күн уақыт өткен сайын алыстап бара жатқанына назар аударды. 20 жыл бұрын осы полигонды жаба отырып қандай күйде болғанымды әр адам, әр саясаткер басынан өткермегені анық. Бірінші кезекте бұл зұлымдықты жеңген қуаныш болатын. Бірақ, КСРО әскери-өнеркәсіп кешенінің жанталасқан қарсылығы мен басында сол кездегі президент Горбачев тұрған биліктің қатты қарсылығын еңсеруге тура келді. Бізге қысым жан-жақтан жасалды. Жылдар, онжылдықтар өте келе бұл шешімнің жаһандық өркениеттегі маңызы айшықтала түседі екен. Қазіргі ұрпақ әзірше бұл оқиғаның тарихи ауқымын жеткілікті бағалай алмай отыр, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев не себепті мұндай ой түюге барып отырғанына түсінік берді. Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші. Адамзаттың атомды ыдырату құпиясын ашқанына жүз жылға жақындап қалды. Бұл өткен ХХ ғасырдағы ғаламат ғылыми жаңалық болды. Әскери атомның қуаты мен тажалдығы саясаткерлерді өркениеттің өзін өзі жою қатеріне қарсы іс-қимыл танытудың жолдарын іздеуге мәжбүрледі. Осылайша таратпаудың жаһандық үдерісі пайда болды. Оның аясында ядролық арсеналдарды қысқарту туралы және қатерлі қаруды сынауға мүмкіндік қарастыратын бірқатар халықаралық келісімдер жасалды. Бірақ мұның бәрі шектеу шаралары ғана еді, деді Президент.
Қазақстан басшысы Семей полигонын жабу әлемде ядролық қаруды сынауға толықтай тыйым салған алғашқы және күні бүгінге дейін жалқы қалып отырған осы бағыттағы табыс екенін қадап айтты. Қазақстан біздің жаңа мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық бұлшық еттерін көрсетуде емес, керісінше, оларды қолданбауда және толықтай бас тартуда деп бірден және мәңгілікке шешім алды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Және бұл біздің мемлекеттілігіміздің – жалпыұлттық идея рангына шығарылған бүкілхалықтық ақыл-ойымыздың темірқазығы болды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды. Әлем жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен, саналы түрде және біржақты негізде бас тартқан елді үлгі тұтуға мүмкіндік алды. Және Қазақстан жасаған бұл қадамның маңызы шын мәнінде уақыт пен кеңістікте алдыңғы кезекке шықты. Сондықтан 29 тамыздың біздің бастамамызбен БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануын заңдылық деп қабылдаймыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы осындай батыл қадамның нәтижесінде ғасырлар тоғысындағы 20 жыл бойы жаһандық ядролық қарсы тұрушылық қаупі айтарлықтай төмендегенін атап көрсетті. Орталық Еуропадағы ядролық зымырандар межесі жойылды. АҚШ пен Ресейдің арсеналдарын айтарлықтай қысқартқан СШҚ-1 және СШҚ-2 шарттары жүзеге асырылды. Біз бастамашылық танытқан АӨСШК үдерістері Еуразияның кең байтақ кеңістігіндегі мемлекеттер арасындағы сенімді дәйектілікпен жоғарылатып келеді. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қазірдің өзінде 182 мемлекет қол қойса, 154-і ратификациялап үлгерді. Көп жағдайда Қазақстанның арқасында планетамыздағы барлық басқа полигондар – Невада, Лобнор, Жаңа Жер үнсіз қалды. «Ядролық клуб» державалары сынаққа мораторийді сақтап отыр. Тұтастай алғанда, 20 жыл ішінде ядросыз әлем жолында маңызды қадамдар жасалды, деді Мемлекет басшысы.
Дейтұрғанмен, көптеген күрделі мәселелер ашық күйінде қалып келеді, деп сабақтады сөзін Президент. Біріншіден, ядролық қауіпсіздіктің өңірлік өлшемінің маңызы біршама артты. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы ядролық қарулануды халықаралық бақылаудың тиімді тетігі жоқ. Біз жекелеген ядролық державалар мен осы қатерлі қаруға қол жеткізу табалдырығында тұрған елдердің қарсы тұрушылықтарын айқын аңдап отырмыз. Атом технологиялары мен материалдарының халықаралық лаңкестер қолына түсуінің қаупі зор. Екіншіден, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт төңірегінде паттық жағдай туындауда. Ол бірқатар ядролық және «табалдырықты» елдердің қол қою және ратификациялау үдерістерін созбалаңға салуының салдарынан күшіне ене алмай отыр. Үшіншіден, ядролық қарусызданудың жаһандық үдерістеріне «ядролық клубтың» барлық державалары қатыспауда.
Қазіргі кезде ядролық мемлекеттердің бірнеше түрі бар, деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ресми ядролық державалар, атом қаруына де-факто ие мемлекеттер және «табалдырықты» деп аталатын елдер. Ядролық державалар ядролық қарулары жоқ елдерге қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Мұның ақыры ядролық қарудың әлемнің «жарылу қаупі бар» өңірлеріне таралуына алып келуі ықтимал. Сонда неліктен ядролық қаруға де-факто ие мемлекеттер бұл клубқа енбейді? Неліктен оларды алдыңғыларының қатарына қосып, ядролық қарулары болғаны үшін тиісті жауапкершілік жүктемеске? Барлық шарттар мен келісімдерге қарамастан, екі мемлекет өткен ғасырдың соңында ядролық державалар қатарын толықтырды.
Әлемдік қоғамдастық әзірше бейбіт атом дамыту үстіндегі мемлекеттерге қатысты әділетті шешім таба алған жоқ. Ядролық таратпау туралы шарттың ассиметриялық нормалары тек ядросыз мемлекеттерге қатысты ғана санкцияларды қарастырады. Осындай жағдайда сенім тапшылығы айтарлықтай проблемаға айналып отыр. Ал сенім болмаған жерде қауіпсіздіктің ешқандай жүйесі, оның үстіне ядролық жүйесі тиімді болып табылмайды. Бесіншіден, атомнан туындайтын қазіргі заманғы қатер елдердің бейбіт ядролық энергетика қауіпсіздігі режімін сақтау мәселесінде тепе-теңдік ұстамауынан да тереңдей түсуде. Бұл жерде әңгіме «бейбіт атом» нысандарына МАГАТЭ тарапынан жеткілікті деңгейде бақылау жасалмауы немесе аталған мәселеде халықаралық құқықтық базаның айқын еместігі туралы ғана болып отырған жоқ. Кейбір ядролық энергетикалық циклды коммерцияландыру жағдайларында қауіпсіздік мәселелері екінші, тіпті кейде үшінші кезекке ысырылатынын байқап жүрміз, деді Қазақстан басшысы.
Енді мәселенің басқа қырынан келейік, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Трансұлттық корпорациялардың ядролық энергетикаға арта түсіп отырған қызығушылығы «бейбіт атомды» пайдалану жөніндегі халықаралық конвенцияларда іс жүзінде қаперге алынбайды. Мұның барлығы, әрине, шешуді қажет ететін күрделі проблемалар. Соған қарамастан, адамзат атомды ыдырату технологиясын иеленген 100 жыл бойы бұған дейін еш уақытта ядролық әлем құру үшін осындай кең мүмкіндік болған емес. Және осы ыңғайлы сәтті пайдалану бәріміздің ортақ борышымыз!
Қазақстан басшысының атап көрсеткеніндей, ядросыз әлем – утопия емес. Бұл – планетаның айтарлықтай бөлігінде көрініс беріп отырғанындай, нақты шындық. Ядролық қарудан азат аймақтар Оңтүстік және Орталық Америкада, Австралия мен Океанияда, Африкада, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азияда құрылса, бұл – іс жүзінде Жер шарының жартысы. Бүгінде ядросыз мемлекеттер қатарын толықтырып отырғандарға барлық ядролық мемлекеттер тарапынан халықаралық-құқықтық кепілдеменің тиімді тетігі қажет. Ядросыз әлем идеясының радиофобияға ешқандай қатысы жоқ. Алты онжылдық қатарынан «әскери атомның» қатерлі көлеңкесі жаһандық ядролық энергетиканың орасан перспективаларын лайықты бағалауға кедергі жасап келді.
Бірақ факт факт түрінде қалып отыр. Планетаның көмірсутегі қорлары азайып барады. Сондықтан энергияның қайталама көздерінің болашағы зор. Дегенмен, олар таяу болашақта жаһандық экономиканың өсе түсіп отырған қарқыны талап ететін қуат көздері көлемін бере алмайды. Қазіргі кезде адам баласы үшін атом энергиясынан асқан қуатты да қолжетімді көз жоқ. Бүгінде шамамен 40 шақты ел бейбіт атом саласында зерттеулер жүргізіп жатыр. 15 мемлекет атом электр стансаларын салуда немесе салу ниетінде. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Біз үшін ядролық энергетика – болашақ инновациялық кластерлердің бірі. Біз бүкіл әлемдік уран қорының төрттен біріне иелік етудеміз. Бізде үлкен ғылыми әлеует пен ядролық энергетиканың инфрақұрылымы бар. Халықаралық міндеттемелерді қатаң сақтай отырып, біз «бейбіт атомның» барлық нысандары қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз еттік, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстан МАГАТЭ-нің басшылығымен жұмыс істейтін Халықаралық ядролық отын банкі депозитарийі рөліне өзінің кандидатурасын ұсынғаны белгілі, деді Мемлекет басшысы. Біз аталған мәселе оң шешіледі деп санаймыз. Қазақстан таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт пайдалану мәселелерінде ең сенімді әріптес болды, болып келеді және бола береді. Біз ядросыз әлемде планетамыз ұмтылуға тиісті орасан мақсат көреміз. Бұл – қандай да бір идеологиялық және мәдени айырмашылық коррозиясына ұшырамаған жаңа әмбебап жалпыадамзаттық құндылық. БҰҰ Бас Ассамблеясы 66-шы сессиясының мінберінен мен Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын жасау идеясын ұсындым. Бұл – осыдан 20 жыл бұрын ядролық қатерге қасқайып қарсы тұрған Қазақстанның саналы қадамы. Оның үстіне біз бүгінде осындай декларацияны қабылдау оңайға соқпайтынын түсінеміз. Мемлекеттер ядролық қаруларынан арылғылары келмейді. Оларға ядросыз өмір жоқ секілді көрінеді.
Қазақстан Президенті форум қонақтарына ертең бұрынғы Семей полигонына барасыздар, сынақ жасалған орынды көресіздер, деді. Сондағы мұражайда сынақ сойқанының ізі сайрап тұр. Тіпті үшінші ұрпақтың өзі кемтар болып тууда. Елімізде қатерлі ісіктен ең көп ауырғандар мен өлгендер нақ осы өңірде. Біздің халқымыз ядролық қаруға қарсы қалай көтерілсе, біз бүкіл әлем халықтарын адамзатты ядролық қатер апокалипсисінен құтқару жолындағы күреске дәл солай көтеруге тиіспіз. Жалпыға ортақ декларация қабылдануымен біз ХХІ ғасырда БҰҰ-ның қатаң бақылауына сүйеніп, жаһандық ядролық қауіпсіздіктің біртұтас жүйесін құруды байланыстырамыз. Ядросыз әлемге жол салу планетаның дұрыс ойлайтын барлық адамдарының күш-жігерін біріктірмей мүмкін емес. Бүгінде мен жоғарыда айтып кеткен беделді де қуатты Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды. Осы форум аяқталысымен оны планетаның барлық құрлықтарында ұйымдастыруға кіріссек, ұтарымыз анық.
Қазақстан Президенті қозғалыстың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес екенін атап өтті. Адам баласының санасында ядроның қандай түріне болса да жиіркеніш сезімін қалыптастыру аса маңызды. Және мен біздің елордамызда өтіп отырған осы форумға үлкен үміт артамын. Ядролық полигонды алғаш жапқан мемлекеттің Президенті ретінде жеке өз басым үшін ядросыз әлем – бұл абсолютті саяси аксиома. Кейде тарихи оқиғалар мен жекелеген адам басындағы оқиғалар қайшыласатын сәттер болады. Мен үшін және менің халқым үшін Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ядролық полигонды жапқан 1991 жыл сондай жыл болды. Тарихтың сабақтары олар болашаққа бағдарланғанда ғана қандай да бір мазмұн иеленеді. Сондықтан өткенді еске ала отырып біз болашақтағы іс-әрекеттеріміз туралы, балаларымыз бен немерелеріміз үшін ХХІ ғасырдағы ядролық қауіпсіздік туралы ойлауға тиіспіз, деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев осы жүзжылдықта біздің планетамыздың ядролық өзін өзі жою қатерінен толықтай арылатынына сенетінін білдірді. Залға жиналған және төрткүл дүниедегі өзінің барлық ниеттестері мен пікірлестеріне осы бағытта жемісті жұмыс тіледі.
Президент сөзінен кейін БҰҰ Бас хатшысы
Пан Ги Мунның форумға қатысушыларға арналған
бейнежолдауы көрсетілді
(Оның мәтіні бөлек беріліп отыр).
Одан әрі Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев АҚШ Президенті Барак Обаманың конференцияға қатысушыларға жолдауын оқып беру үшін сөзді АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары
Дэниел Понеманға берді
(Жолдаудың мәтіні бөлек беріліп отыр). Өзі тарапынан АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары 20 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімді қабылдау – болашақты ойлаған қадам екенін атап өтті. Сіздің осы әрекетіңіз бүкіл әлемде ядролық қаруды сынауды тежеуге ықпал етті, деді ол Нұрсұлтан Назарбаевқа қарап. Сондықтан да бүгінгі күні біздің бәріміз әлемдегі ядролық қаруды шектеу үдерісіндегі лидерлігіңіз үшін сізге рахмет айтуымыз керек. Бүгінгі күні Қазақстан дүние жүзіндегі қауіпсіз елге айналып отыр. АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау және қысқарту бағытында ынтымақтастық орнатты. Ал ядролық клубтағы басқа әріптестерімізге оны қысқарту жөніндегі бастамалар көтерудеміз, деді ол сөзінің соңында.
Осыдан әрі сөз кезегі МАГАТЭ-нің Бас директоры
Юкия Амонаға берілді. Ол өзінің сөзін ядросыз әлем құру мәселелеріне арналған осындай конференцияның Астанада өтіп отырғаны өте орынды екенін атап өтуден бастады. Өйткені, Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен қысқарту жолындағы әлемдік үдеріске сүбелі үлес қосып отырған ел, дей келіп, Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабуы мен КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартуына жоғары баға берді. Одан әрі Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-нің қосымша хаттамасына қол қойғанын қанағатпен атап өтті. Қазақстан 2009 жылы Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялау туралы келісімге көршілерімен бірге қол қойды. Бұл – өте маңызды үлгі, оны әлемнің басқа аймақтарына да тарату қажеттілігі өзінен өзі туындайды. МАГАТЭ өзі тарапынан Таяу Шығыс елдерін де осындай келісімге қол қоюға шақыруда. Ұйымның жақында Вена қаласында болатын жиынында осы мәселе де көтерілетін болады, деді ол.
Одан әрі МАГАТЭ-нің Бас директоры ядролық қуаттың тек қана бейбіт мақсатқа пайдаланылуы жолында ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. МАГАТЭ ұсынған қосымша хаттамаға қол қойған елдерде біз ядролық қуаттың қолданылуына бақылау жасаймыз. Біздің инспекторларымыз әлемнің көптеген елдерінде осы мақсатпен еңбек етіп жүр. Сонымен бірге ол өзінің сөзінде Қазақстанның өз аумағында ядролық отынның банкін құру туралы ұсынысын қолдайтынын және сол үшін Қазақстан басшылығына ризашылығын білдірді.
Сөз кезегі өзіне келгенде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы
Тибор Тот бұл күні біз ядролық қатердің осы уақытқа дейін әлемге қауіп төндіріп тұрғанын еске алуымыз керек, деді. Сондықтан біз осынау қатерді жою жолында күш біріктіруіміз керек. Қазір әлемде 20 мыңға жуық ядролық оқтұмсықтар шоғырланған. Біздің міндет – тез арада әлемді олардан арылту. Осы міндетті орындауда біз Қазақстанның үлгісін басшылыққа алсақ болды емес пе, дей келіп, біздің елдің өзіне «мұраға» қалған қуаты әлемде төртінші орын алатын 1400 оқтұмсықтан еш өкінішсіз құтылғанын еске алды. Осының өзі ядролық қарудан арылу иллюзия емес екенін көрсетпей ме? Ол үшін тек мемлекеттер көшбасшыларының саяси қарымы, ерік-жігері ғана қажет. Қазақстан өзіне де, өзгеге де зиян келтірмей, осынау қарудан бас тартты. Соның арқасында біз бүгін қатты дамып келе жатқан Қазақстанды көріп отырмыз, дей келіп, ол Қазақстан басшылығын экономикалық табыстарымен құттықтады.
Одан әрі ол ұйымның жұмысына тоқталды. Соның ішінде шартқа Үндістан, Пәкстан және КХДР сияқты ядролық қаруы бар елдердің әлі күнге қол қоймай отырғанын жеткізді. Сөзінің соңында ол ядролық қарудан бас тарту аса қажетті міндет екенін атап өтті.
Келесі сөз АҚШ Конгресінің мүшесі
Эни Фалеомаваегаға берілді. Өзінің сөзінде АҚШ конгрессмені Президент Н.Назарбаевтың шақыруымен Семей ядролық сынақ алаңында болып, жарылыс зардаптарын көзімен көргенін жеткізді. Ондағы жағдайды еске алудың өзі ауыр екенін айта келіп, ол осы полигонды жапқан Н.Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Бұл шешім бүкіл әлемдегі ядролық сынаққа деген көзқарасты өзгертті, деді ол. Одан әрі Қазақстанның 1991 жылы ядролық державаға айналуға қызығушылық танытпағанын жоғары бағалап, қатты құрметтейтінін айта келіп, сондықтан да мен жарты әлемді артқа тастап, ұзақ жол жүріп, осы форумға қатысып отырмын, деді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол шешімі нағыз батырлық екенін ауызға ала отырып, ол бұл еңбектің бейбітшілікті сақтау саласындағы Нобель сыйлығына татитынын ескертті. Одан әрі конгрессмен АҚШ пен Францияның ядролық сынақтар жүргізген аймақтарындағы зардаптарды да тілге тиек етті.
Германияның экс-канцлері
Г.-Д.Геншер денсаулық жағдайына байланысты бұл форумға қатыса алмайтындығына өкініш білдіре отырып, Елбасына және форумға қатысушыларға құттықтау жеделхатын жолдаған екен. «Осы конференцияны өткізу арқылы Қазақстан тағы да бүкіләлемдік ядролық қарусыздану жолындағы өз жауапкершілігін көрсетіп отыр, делінген жеделхатта. Қазақстан өз Президенті Н.Назарбаевтың басқаруымен ядролық қарусыз әлем құру мақсатына жету жолындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Елдеріңіз Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін ел аумағында орналасқан ядролық қарулар мен нысандарды толық жойды. Бұл – қарусыздануды нақты түрде іске асырғандықтың айғағы. Бүгінгі күнгі біздің басты міндетіміз, барлық ядролық қаруларды жою, болашақ ұрпақтарымыздың өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етудің негізі деген түсінікті сіңдіріп, осы мақсатқа сай қимылдау. Мен Германияда отырып, Астанадағы халықаралық жиынның өту барысын үлкен назармен бақылаймын және оның табысты өтуіне барынша тілектеспін».
Осыдан кейін Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев конференцияның пленарлық отырысы аяқталғанын айтып, үзіліс жариялады. Осыдан кейін конференция жұмысы панельдік сессияларда жалғасты.
Негізгі баяндамалардан кейін Ядролық қарусыз әлем үшін халықаралық қатысушылары көптеген мәселелер бойынша талқылауларды панельдік сессияларда жалғастырды. Ядролық қарудан ада – бейбітшілікке қол жеткізу тақырыбындағы сессияда осы мәселе жан-жақты қаузалды. ТМД Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары
Владимир Гаркун алдымен халықаралық конференцияда өзіне сөз сөйлеуге мұрсат берілгені үшін үлкен ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл конференция ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналғандықтан да мәні зор. Семей полигонының жабылуына 20 жыл толуын еске алуды ұсынған шешен, аталған шараның қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізу қиын емес екенін атап өтті. Қазақстан 20 жылдың ішінде осындай жаһандық қауіпсіздікке өзінің үлесін қосып келе жатқанын жан-жақты көрсетіп отыр. ТМД елдерінің бірлестігіндегі саясатта осы ұстаным басшылыққа алынып келеді, деді ол.
Өткен уақытта бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. ТМД елдерінде халықаралық шарттарға қатысты үлкен жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ол ядролық қаруға, әсіресе, ядролық қаруды таратпау мәселесіне, Еуропадағы жәй қару-жарақтар бойынша да келісімдерге қатысты. Мұндай құжаттардың барлығы да нақты қарудан бас тартуға бағытталған. Осы ретте бұл мәселелер ТМД үшін де маңызды екендігін алға тартқан шешен Қазақстанның шешімі өзге елдер тарапынан оң қолдауға ие болып отырғандығына назар аудартты. Олай болса бүгінгі таңда ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұған дейін жүзеге асқан барлық келісімдерді орындау керек.
Фукусиманың әкелген зардабы ядролық энергияны пайдалануға тыйым салуға негіз болмауы керектігін
Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Лорд
Джон Десмонд Андерсон Уэйверли өз кезегінде ерекше айтып кетті. Өтіп жатқан халықаралық конференцияның маңызын атай келіп, мәртебелі мейман 20 жыл ішінде жүзеге асқан бастамаларда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі үлкен екендігін, яғни жаһандық қауіпсіздік пен әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесінің зор екендігін ерекше атады. Ядролық қару-жарақты таратпау, жаһандық ауа райының өзгеруі сияқты маңызды мәселелерде қарсы іс-қимылдарды ұйымдастыра білген орынды. Ядролық әлеуетті тек бейбіт мақсатта дамыту – уақыт талабы. Сонда ғана біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, деді шешен.
Әлем ядролық қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан да ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді болашақты дамыту жолындағы бір шарт ретінде қарастырған жөн. Сондай-ақ, өз еркімен бейбіт атом технологияларын дамытуға бет бұрған елдердің әлеуетін толықтай қолдауымыз, Қазақстанның көшбасшылығы мен тәжірибесін қолға алғанымыз дұрыс. Бұл жерде Вена конференциясында да Қазақстанның тәжірибесін зерделеу орынды болмақ. Лорд Дж. Уэйверли өз сөзін халықаралық проблемаларға бірлесе төтеп бере аламыз деген оймен қорытындылады.
Сессияны жүргізуші Қазақстан тарапынан ұсынылған ядролық отын банкингін құру туралы бастамаға қатысты әлі шешім қабылдана қоймағандығын ескерте кетіп, сөзді Ресей саяси зерттеулер орталығының президенті
Владимир Орловқа берді.
Ресейлік ғалым
өзінің аталған халықаралық конференцияға қатысуы үлкен мәртебе екендігін тілге тиек ете келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзі басшылық жасайтын орталықтың ядролық қарусыз әлем номинациясында лауреат болғандығын ерекше мақтанышпен жеткізді. Осы жерде Қазақстанның ядролық және жаппай қырып-жоятын қарулардан бас тартуы бастамасы айтарлықтай қолдауға ие. Нұрсұлтан Әбішұлы осы шешімді қабылдар кезде қиындықтарды басынан өткерді және де Қазақстан ядролық қару-жарақты қайтару және ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімдерге қосылды. Осылайша ядролық қарусыз елдер санатынан табылып, ядролық қарусыз әлемге деген бір нақты қадам жасалды.
Бұл бағыттағы қозғалыста біз нақты қадамдарды негіздеуіміз керек, деген пайымымен бөліскен орталық басшысы оның нақты бес қадаммен байланыстылығын санамалап берді. Ядролық қарудан бас тарту және ядролық қарусыз әлем бір-бірімен қабысып жатыр, сондықтан да бұл мәселе мерзім белгілеуді қажет етпейді. Олай болса, іс-қимыл жоспарын конференцияда қабылданған құжаттарға негіздеп, ядролық қарудан бас тарту қадамдарын нақты жазу керек.
Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті
Джонатан Гранофф (АҚШ) Қазақстан эволюциялық шешімнің көшбасшысы екендігін алға тарта отырып, келісімдер мен шарттардың орындалуы міндетті болуы керек дегенді баса айтты. Мұндай шешім ядролық қаруды таратпау операцияларының негізі болды. Осы саланы дамыту үшін осындай негіздерді қалыптастырдық, дей келіп, Д.Гранофф кешенді зерделеу мәселелері қарастырылғанын, алайда нақты мақсат болмаса оған қол жеткізу де мүмкін еместігін зерделедік дегенді көлденең тартты. Ядролық қаруды таратпау шартына қол қойған тараптар ядролық индустрияны ары қарай да дамытып жатыр. Сондықтан да шешімдердің анық болғаны жөн. Ядролық қарусыз әлемді қалыптастыру үшін нақты шараларды қолға алу орынды, бірақ та ондай әлемді құру үшін бірнеше алғышарттар қажет. Бұл мәселеде ортақ көзқарас жоқ, тиісінше, пікір алуандығы бар. Олай болса, артқа кетуге жол бермейтін нормаларды қабылдау керек. Сонда ғана ядролық қарусыз әлемді құра аламыз. Ядролық қаруды таратпау конвенциясын жүйелі түрде іске асыру басты талап. Мұндай іс-қимылдардың нақты бағыттарынсыз жұмыс істей алмақ емеспіз, деді шешен.
Қазақстанның 20 жыл ішіндегі нәтижелі жұмыстары үшін ризашылығымды жеткізу менің міндетім, деп ағынан жарылған
АҚШ-тағы Канзас штатының губернаторы
Сэм Браунбек еліміздің ядролық қарусыз әлемді насихаттап отырғандығына ерекше тоқталды. Губернатор Қазақстанның көтерген бастамалары әлемде қолдау тауып келе жатқандығын алға тарта отырып, кейбір мәселелерде әлі күнге ауызбіршілік жоқ екендігіне өкініш білдірді. Алға жылжу барысында барлық күш-жігеріміз шынайы түрде ядролық қарусыз елді құруға әкелсе деп ойлаймыз, деген губернатор еларалық сенімділікті қамтамасыз етудің маңызды екендігін, ядролық қарусыз әлем құруды заңнамалық қамтамасыз етумен қатар, мақсаттар мен міндеттер нақтыланып, соның аясында көбірек жұмыс жасау қажеттігі тұрғысындағы ойын өрбітті. Өзінің осы идеяны насихаттап жүрген адамдардың қатарынан екендігін және осы идеяны іске асыруға өмірін, денсаулығын, жігерін беретін адамдардың бірі екендігін айтқан ол алда кездесетін кедергілерді еңсеру керек деді. С.Браунбектің бұл жалынды сөзін сессияға қатысушылар ерекше ықыласпен қол шапалақтай қуаттады. Сессия соңынан оған қатысушылар көптеген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, бірқатар сұрақтарын да қойып жатты.
Түстен кейін «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумының екінші және үшінші панельді сессияларының жұмысы әрі қарай жалғасты. Екінші сессияға қатысушылар «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жеделдетіп, күшіне енгізудегі үкіметтер мен қоғамдастықтың рөлі» деген тақырыпқа байланысты өзекті де өткір мәселелерді талқылады. Сессияға ЯҚТЖШ-ның атқарушы хатшысы
Тибор Тот модераторлық етті. Ол отырыста талқыланатын мәселелердің әлемдік қоғамдастық үшін ерекше маңызды екендігін айта келіп, сөз алушы спикерлерге белсенділік танытуды өтінді.
Алғашқы болып сөз алған АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі
Роуз Готтемеллер сөзін Қазақстанға осымен екінші мәрте келіп отырғанынан бастады. Оның айтуынша, сол алғашқы сапар есінен мәңгі кетпейді. Әсіресе, Алматының бал татыған алмасына ерекше қызыққан екен. Осы ойын ашық білдірген ол Қазақстанның ядросыз әлем құру идеясын қолдайтындығын, бұл АҚШ Президентінің бүгінгі үндеуінде де айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ шешен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанына, енді оны мемлекеттер ратификациялау қажеттігіне назар аудартты. «Шарттың күшіне енуіне Қазақстан Республикасы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды, деді ол осы жайында. Қазіргі кезде Қазақстан инновациялық үдерістерге бет бұрды. Ақпараттар алмасу жақсара түсті. Сондықтан да қазақстандықтар ұсынған ядролық қауіпті заттардың таралуы жөніндегі ақпаратты сол мезетте хабардар етудің маңызды екендігін баршамыз қаперден шығармауымыз керек».
Норвегия Парламентінің депутаты
Мортен Хоглундтың атап өтуінше, сессияның бұл отырысында өте маңызды мәселелер талқыланып отыр. Өйткені, бүгінде ядролық сынақтардан зардап шеккендер, оның ауыртпалығын тартқандар қатары азайған жоқ. Бұған мысал ретінде депутат өзінің Семей полигонында болғанын, ондағы жағдайлардан жақсы таныс екендігін тілге тиек етті. «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанымен, құжат әлі күшіне енген жоқ, деп жалғастырды сөзін депутат. Бірақ ядролық сынақтарға тыйым салудың негізі қаланды. Бүгінге дейін шартқа 150-ден астам мемлекет қол қойды. Елдердің көпшілігі оны әлі ратификациялаған жоқ. Сондықтан мен елдерді шартты ратификациялауға шақырамын». Депутат ядролық қауіп-қатердің кез келген уақытта туындауы мүмкін екендігінен де хабардар етті. Оған Фукусима АЭС-тегі апатты жағдай нақты дәлел болады. Мұндай мысалдар өткен тарихтан белгілі. Сол тарих таразысынан сабақ алған жөн. Шешен бұл жерде парламентаралық байланыстардың орны бөлек екенін де атады.
Жапония Парламентінің депутаты
Хироси Каваути Қазақстанның ұйытқы болуымен өтіп отырған бұл жиын ядролық қаруды жоюға жасалған нақты қадам екендігіне тоқтала келіп, Фукусима АЭС-інде болған апаттан және цунамиден қаза тапқандарға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтқандығын және көмек көрсеткендігіне тоқталды. «Жапония мен Қазақстан арасындағы ядросыз аймақ құру мәселесі бойынша парламентаралық байланыстар жақсы, деді спикер әрі қарай. Жапония халқы ядролық сынақтарды тоқтатуды қалайды және шарт жедел күшіне енеді деп санайды». Сонымен қатар, ол біраз елдердің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылмағанын, бұл ядролық қатерлердің әлі де сақталып отырғандығын білдіретіндігін алға тартты.
Жапония Парламентінің тағы бір депутаты
Наокадзу Такэмотоның хабардар еткеніндей, Жапония мен Қазақстанның ядролық сынақтарға байланысты тәжірибелері бар. Оны Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларының, Семей полигонында 40 жыл бойы жасалған ядролық сынақтардың зардаптарынан көруге болады. Бұдан бұрындары кейбір елдерде жасалған сынақтарға кезінде әлемдік қоғамдастық та алаңдаушылықтарын білдірген. Сондықтан да осындай халықаралық іс-шаралар жиі өткізілуі