Дағдарыс келгеннен бері оңай олжаға «кенелгісі» келетіндер қалада да, далада да сабылып жүр. Қалада қалтаға түссе, ауылда өрістегі малды айдап кетіп жатады. Тіпті аяушылық танытпай, өзім секілді адамның табан ақы, маңдай терінің «жемісі» деместен, тау тағысындай жылқы, сиырды атып алып кететіндер де төбе көрсетіп жүр.
Иә, несін жасырайық, ауылды діңкелетіп отырған сондай ұры-қарылар мен делдалдар, алыпсатарлар. Олар өндірген өнімді әлгілер арзан бағаға алып, былай шыға қымбатқа сатып жүреді. Тіпті ондайлар өнім өндірушілерді базар маңына жолатпай, сырттан күтіп алып жатады. Сол кезде екеуі саудаласқан болады. Бәрібір өндірушінің сөзі өтпейді, алушы-
ның айы оңынан туады.
Таяуда бір ауыл азаматымен тілдескеніміз бар. Оның айтуынша, өнімін делдалдарға бергеннен басқа мүмкіндігі болмайды екен. Себебі, қала базарынан алып қойған орны жоқ. Болған күнде де ол жердің өз заңы бар көрінеді. Бұған қоса ақша төлеп алатын сан түрлі құжат та олардың титығына тиеді. Сондай қыруар машақатқа бас қатырып, әуреге түскенше алыпсатарлардың сұраған бағасына беріп, құтылуды мақұл көреді. Әрине, шыққан шығын өтеліп жатса, әңгіме басқа. Табан ақы, маңдай тер ақталмаса, ол да ауыр азап. Сондай тірліктен еңбегі еш болған біраз азаматтар ауылды тастап қаладан жұмыс іздейді екен. Заманға қарай көлігің, өнім өндіруге қажет техникаң болмаса, ісің ілгері баспайды. Жалпы, Табиғат-Ананың ыстығы бет қарығанда, қыстың ақ бораны ұйытқып, қызыл шұнақ аяз қысқанда егін салып, мал баққан ауыл жұртына деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасап жатқан қамқорлығы көп жағдайда жете бермейтіні ақиқат. Оны ұтымды ұйымдастыруға тиіс жергілікті жерлердегі кейбір әкім-қаралар ауыл мен ауданның арасындағы жиналысқа барып келумен уақыттарын өткізеді. Қазір ауыл әкімдеріне көрсетіліп жатқан сенім-мүмкіндіктер, еркіндіктер, жетіп артылады, көзін тапса қаржыдан қысылмауына болады. Соны тиімді пайдалана алмай, ескі сүрлеуден шыға алмай жүргендер баршылық.
Иә, іскер әкімдер де жоқ емес. Ондай азаматтар алақандай ауылын қойып, елдік тірлікке де өз үлестерін қосуда. Осы жерде мына бір пікірді ортаға сала кетсек дейміз. Бір ұжымға бірігіп еңбек ету мәселесі көтеріліп жатқанда жергілікті жердегі әкімдер сырттай бақылаушы болмай, халықпен қоян-қолтық араласып, әр істің тетігін табуға, проблеманы шешуге жұмған жұдырықтай кіріссе, қазақ жерінің үстіндегі байлыққа жұртты кенелтері сөзсіз. Анау кеңес заманында кетпен ұстап-ақ төрткүл дүниеге танылған Ыбырай Жақаев, ақтылы қой өсірген Жазылбек Қуанышбаев сол жерүсті байлығының қазынасын қопарып халықты ақ күрішпен, сапалы етпен қамтамасыз еткенін үлкендер біледі, тарихтың бетінде сайрап тұр.
Елбасы кооператив құру арқылы бірлікте жұмыс істеуді көтеріп, ол қазір қанат жайып келеді. Бұл шашыраңқы тірліктен ортақ іске ұйытқы болуды ұйыстырады. Өз тірлігімен жүргендер ендігі жерде кооператив арқылы, қолын ұзартатыны анық. Базарларға бара алмайтындар өз өнімін кооперативке сенім тапсырады. Бұл өнім сапасының артуына да жол ашады. Бұрынғыдай делдалдарға бермей, өзінің бағасын қоя алады. Мұндай игі іс жүзеге асып жатса, шөп басын сындырмай көлеңкеде, жылы жерде отырып байитындардың өзі өнім өндірушілер қатарына қосылар еді. Қалай десек те, ауыл жұрты бейнеттің зейнетін көріп, өнімін жол бойында сатудан құтылады.
Нарық заманына ерте көшкен елдер өнім өндіруші мен тұтынушының ара- жігін анықтап, әрқайсысының жұмыс тәсілін белгілеп берген. Бұған бір мысал келтірер болсақ, іссапармен 2001 жылы АҚШ мемлекетінде болғанымызда бір фермердің еңбегімен танысқанымыз бар. Соны көріп осындай үлгілі іс біздің отанымызда да орнайтынына сенгенбіз. Біз жүздескен фермер сиыр бағумен айналысады екен. Өндірген өнімін өз аяғымен алушыға апармайды. Тиісті орындар жасасқан келісімшарт бойынша келіп, алып кетеді. Өнім бағасы да ортақ келісім негізінде жүзеге асырылады екен. Ал жем-шөпті дайындайтын жеке фермер. Оған ақшасын төлесең болғаны. Осындай үлгіні өз елімізде орнықтырсақ, қазақ жерінің мол байлығы өз жұртымызда ғана емес, өзгелерге де жетіп, халықтың тұрмысы жақсарар еді. Кем-кетігі көп ауыл бой жазып, адамдарының ажары ашылар еді. Бір сөзбен айтқанда, өнім өндіруші ұтылмауы керек. Бұл қазір еліміз үшін басты мәселе болып тұр.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»