Ұлттық спорт • 14 Тамыз, 2017

«Алтын жебе» румын мергенінің қанжығасында кетті

432 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында жамбы атудан өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирі аяқталды. Бабадан қалған бекзат өнерді екі күн бойы тәмам елдің алдында дәріптеген бұл шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркия президентінің ұлы, Дүниежүзілік этноспорттар конфедерациясының басшысы Несметтин Біләл Ердоған арнайы соғып, құралайды көзге атқан мергендердің өнерін тамашалады.

«Алтын жебе»  румын мергенінің қанжығасында кетті

Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»

«Алтын жебе» турнирінің ережесіне сәйкес жарыс үш кезең бойынша өтті. Жеңімпазды анықтау үшін мергендердің үш кезеңде жинаған барлық ұпайы есепке алынды. Алғашқы кезең – «Шапшаң ату» сынында садақшылар нысана тұсына атпен келіп тоқтап, төрешінің «Атыңдар!» деген бұйрығы бойынша шапшаңдықпен оқ атты. Уақыт мерзімі – 10 секунд. Осы 10 секундта спортшы жебені үлгергенінше атуы тиіс. Нысана он қадам жерде тұрды. Оқ нысананың ортасындағы қызыл шеңберге тисе – 3 ұпай, сары шеңберге тисе – 2 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай берілді.

Ал екінші кезең «Қалқан ату» деп аталды. Мұнда спортшылар жолақты арқанмен көрсетілген, ені үш метрлік дәліз жолдан 10 метр қашықтықтағы, арасы 35 метрден, 1 метр биіктікке орналастырылған, диаметрі 60 сантиметр болатын қалқан пішіндес үш нысананы атпен шауып келе жатып кезекпен атып өтті. Оқ нысана ортасындағы қызыл шеңберге тисе – 5 ұпай, сары шеңберге тисе – 3 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай болып есептелді. Спортшыға екі мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындауға 25 секунд уақыт берілді. Ол осы уақытта үлгергенінше оқ ата алады. Атпен шауып өтетін дәліз-жолдың ұзындығы – 200 метр. Егер осы жолды спортшы 25 секундтан ұзақ уақытта шауып өтсе, онда оның ұпайлары есепке алынбайды.

Үшінші кезең – «Жамбы ату». Спортшылар дәліз-жол бойымен әртүрлі қашықтықтағы 2,4 метр биіктікке ілінген, диаметрі 20 сантиметр үш нысанаға шауып келе жатып үлгергенінше оқ атып өтті. Бірінші нысана – «Қола жамбы» жолдан 8 метр қашықтықта, екінші нысана – «Күміс жамбы» жолдан 10 метр қашықтықта, үшінші нысана «Алтын жамбы» жолдан 12 метр қашықтықта орналастырылған. Нысаналардың өзара қашықтығы – 30 метр. Жебе «Қола жамбыға» қадалса – 5 ұпай, «Күміс жамбыға» тисе – 10 ұпай, «Алтын жамбыға» қадалса 15 ұпайдан берілді. Егер жебе жамбы ілініп тұрған қылды қиып өтсе, 20 ұпай есептелінді. Бұл тұста анықтап айтарымыз, жебенің жамбыға қадалғаны ғана есепке алынды. Спортшыға екі мүмкіндіктен берілді. Бұл кезеңде де садақшының атпен шауып өтуіне 25 секунд уақыт берілді.

«Алтын жебе» жарысының бірінші кезеңі – «Шапшаң ату» сыны аса тартысты өтті. Он қадам жердегі ат үстінен қозғалмай тұрып атуда біздің жігіттердің қолы жүрмеді. Жылдамдата ату сынында моңғол мергені Дунчиг Отгонбямба мен малай мергені Мұхаммед Акмал бин Мұхаммед Дакалан жеті ұпайдан, Мажарстаннан келген мерген Немоти Кристоф Арпад пен румын мергені Михай Кузми сегіз ұпайдан алғанда, қазақ мергендерінің арасынан алты ұпайға қолды әзер жеткізгені Айтбек Сарыбай болды.

Екінші кезең – «Қалқан ату» сынында 15 секунд ішінде үш нысананы шапшаңдата атуға алты оқ жұмсаған Михай Кузми екі мүмкіндіктен соң ұпай санын 27-ге жеткізді. Польша мергені Радослав Козуч пен Мажарстанның мақтаулысы Немоти Кристоф Арпадтың да қарқыны қатты болды. Ал біздің садақшылар ішінен Елдос Бадашев, Бекқали Өзденбаев және Абзал Тұрлыбектің бар жиған ұпайы оннан аспады. Тек Оралхан Айкөз деген мергеніміз ұпай санын 16-ға әрең дегенде жеткізе алды.

Сонымен, алғашқы кезеңде бар-жоғы алты-ақ ұпай алған Айтбек Сарыбай келесі сында атпен ша­уып келе жатып садақ атудың хас шебері екенін көрсетті. Нәтижесінде, 30 ұпайды олжалаған Айбек мерген алғашқы күннің жеңімпазы атанды. Екінші жүлдені 27 ұпай жинаған румын мергені Михай Кузми иеленді. Үшінші орын 19 ұпайы бар мажар мергені Немоти Кристоф Арпадқа бұйырды.

 Ал жарыстың екінші күні өткен сында Румыниядан келген мерген Михай Кузми өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, екі күнгі сайыс қорытындысы бойынша «Алтын жебе» жарысының бас бәйгесін жеңіп алды. Қазақстандық мерген Айтбек Сарыбай күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қола жүлдені тағы бір жерлесіміз Ералхан Айкөз қанжығасына байлады.

«Алтын жамбы» турнирінің марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан, Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысып, жеңімпаз бен жүлдегерлерге сый-құрмет көрсетті. Жарыстың бас жүлдесін иеленген жеңімпазға 2 миллион теңгенің, екінші орын алған мергенге 1 миллион теңгенің және қола жүлде алған мергенге 700 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.

Газетіміздің өткен санында хабар­лаға­нымыздай, «Алтын жебе» турниріне Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының арнайы шақыруы бойынша Жапониядан «Ябусамэ» атты дәстүрлі садақ ату өнерінің дәріптеушілері келген болатын. Жарыс барысында жапондық сегіз мерген атпен шауып келе жатып, қағаз, ағаш және шыныдан жасалған нысаналарды атып, жанкүйерлер алдында өз өнерлерін паш етті. Әскери садақ ату өнерін діни жоралғымен астастырып көрсеткен «Ябусамэ» көрсетілімі шынында да жұртшылық сүйсініп тамашалаған қойылым болып шықты. Жүйрікпен құйғытып келіп, алақандай шыны нысанаға жебесін дәл дарытқан 70 жастағы жапондық мерген Тоиодо Сигэюкидің өнеріне көрермен қауым түрегеп тұрып қол соқты.

Токиодо Сигэюкидің айтуынша, Жапонияда ат үстінен дәстүрлі садақ атушыларды тәрбиелейтін «Такэда» және «Огасавара» атты қос мектеп бар екен. Бұлардан өзге садақ атумен «хобби» ретінде айналысатындар қатары да аз емес көрінеді. Мысалы, Тоиодоның өзі «Ябусамэ» өнерімен 18 жасынан бастап айналысқан. Елу жылдан астам ат үстінде өнер көрсетумен келеді. Ұстазы – Канэко Иурин. Бұрын мектеп Токионың іргесіндегі Камакура атты көне қалада болған. Қазір Токионың өзінде жаттығады. Бірталай шәкірттері бар. Негізінде, «Ябусамэ» спорттық ойын түрі емес, жапонның ежелгі садақ ату өнерін насихаттайды. Жапонияда жылына екі мәрте ірі көрсетілім және шеберлік дәрістерін жұртшылық назарына ұсыну дәстүрге айналған. Кейінгі жылдары осылай шет мемлекеттерде де өнер көрсету қолға алына бастаған.

«Астана – заманауи, өте әдемі қала екен. Қазақ халқының қонақжайлығына, оның «Жамбы ату» сынды ұлттық өнеріне деген зор сүйіспеншілігі мен қамқорлығы бізді ерекше тәнті етті», деп ағынан жарылды Тоиодо Сигэюки бізбен әңгіме барысында.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»