Суретті түсірген: Абзал ҚАЛИЕВ
Корпорация қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарын ең әуелі «1414» бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен таныстырды. Орталық басшысы Анар Улманованың сөзіне сүйенсек, күніге әр қызметкер 200-ге жуық қоңырауға жауап береді екен. Қазіргі таңда call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне «1414» қызметіне 15 мыңнан астам адам жүгінсе, түнгі мезгілде орта есеппен 500-дей қоңырау түседі.
А.Улманованың айтуынша, «1414» қызметіне жүгінетіндер көбейгендіктен, call-орталыққа хабарласу күннен күнге қиындап келеді. Осыған байланысты алдағы уақытта орталықта жаңарту жұмыстары жүргізілмек.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» тағы бір ерекшелігі ‒ мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Бүгінде корпорацияда 470 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істейді. Ал «1414» байланыс орталығында олардың саны 11 екен. Оларды жұмысқа әкелу, үйіне апарып салу орталықтың міндетінде.
Call-орталықтың қызметі жақсарғанын әрі танымалдығы артқанын мынадан да байқауға болады. Биыл «1414»-ке 2 миллионнан астам қоңырау келіп түскен. Ал 2016 жылы хабарласқандар саны 3,5 миллионға жуық болған екен. Орталық басшылығының айтуынша, қоңырауға жауап беруге міндетті қызметкерлердің бәріне тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Олармен мекеменің арнайы психологы жұмыс істейді.
Содан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жұмыс барысымен танысты. Корпорация басшылығы қазіргі таңда ХҚО-да кезек күту уақыты азайғанын, адамдар әрі кетсе 15 минут күтетіндігін жеткізді. Мұны тексеріп көру үшін орталық қызметіне жүгініп көрген едік. Он минут өтпей-ақ кезегіміз келді. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқтың қасы. ХҚО-дағы келесі жаңашылдық ‒ қызмет алу жеңілдетілген. Бұған дейін ЭЦҚ міндетті болса, ендігі жерде ұялы телефон арқылы керекті құжатқа қол жеткізуге мүмкіндік бар.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» 70 шұғыл тобы тұрақты түрде шалғай аймақтарға барып халыққа керекті қызмет көрсетеді. Корпорация басқарма төрағасының орынбасары Әсемгүл Балташева алдағы уақытта шұғыл топтың санын көбейтуді көздейтінін жеткізді. Сонымен қатар, корпорация алдағы уақытта «Қазпошта» компаниясымен бірлесіп, шалғай ауылдарда ХҚО қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр.
Таныстыру жұмыстары барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Онда халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінше, Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезектің туындауына ақпараттық жүйедегі ақау себеп болады. Министр бұл мәселенің жыл соңына дейін шешілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ақаудың кесірінен биыл ақпараттық жүйеде 35 сағаттық іркіліс болған. Сонымен қатар, Дәурен Абаев келешекте сенім телефондарының бәрін біріктіріп, оны «1414» орталығына тапсыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл жоба келесі жылы жүзеге асады.
«ХҚО-дағы кезек «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің немесе оның қызметкерлерінің кемшілігі емес. Мәселе ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Оны әрдайым жаңалап отыру керек. Оның үстіне, бірде-бір ақпараттық жүйе «Азаматтарға арналған үкіметке» тікелей тиесілі емес», деді Дәурен Абаев журналистермен кездесуінде.
Сонымен қатар, министр халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөніндегі ұсынысты қолдайтынын жеткізді. «Өкінішке қарай, ХҚО қызметкерлерінің жалақысы жоғары емес. Мұны Үкімет деңгейінде шешу керек. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», деді Дәурен Абаев.
Бүгінде елімізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 349 фронт-кеңсесі және 637 бэк-кеңсесі бар. Фронт-кеңседе қызмет алу дәл сол сәтте, мекеме ішінде жүргізіледі. Бэк-кеңседе ұсынылған қызмет қолданушы назарынан тыс жағдайда өтеді. Корпорацияда жалпы 22 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Былтыр мекеме көрсеткен қызметтердің саны 37 миллионнан асып түсіпті. Солардың 24,5 миллионы электронды түрде көрсетілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылай Оспановтың айтуынша, елордада шетелдіктерді тіркейтін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, автокөліктерге арналған тағы бір қызмет көрсету орталығы іске қосылады.
«Өз ұсыныстарымызды Ішкі істер министрлігіне жібердік. Қазірге дейін келіссөздер жүргізіп, орталық орналасатын ғимараттарды таңдадық. Қызметті бөлісу мәселесі алдағы уақытта анықталады», деді Абылай Оспанов.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»