Аймақтар • 14 Тамыз, 2017

Қызылжардағы қызу қарқын

191 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл аяғына дейін 1000 пәтердің құрылысын аяқтауға мүмкіндік бергелі отыр. Облыс орталығында баспана жайы өткір күйінде қалып отыр. 13 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Оның басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған санатқа жатады. Осыған орай Елбасы тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде солтүстікқазақстандықтардың жайлы баспанаға деген мұқтаждығы мен сұранысын өтеу үшін аймақтық абаттандыру тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бір жыл ішінде 150-165 мың шаршы метр көпқабатты үйлер пайдалануға беріліп келсе, енді оның мөлшерін 30-40 мың шаршы метрге дейін ұлғайту белгіленді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен қала құрылысы кеңесінде осындай шешім алынып, әдетте мерзімі тым ұзаққа созылып кететін жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тарту, сараптамалық, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару, мемлекет-жекеменшік әріптестігін өрістету талап етілді. Мердігерлік компания басшыларының үйлердің бағасы арзан болу үшін құрылыс материалдарын жергілікті жерлерде шығару туралы ұсыныстары қабыл алынды. Басқа да шаралар қарастырылды.

Қызылжардағы қызу қарқын

Жасыратыны жоқ, «Солтүстіктің қақ­пасы» саналатын, ерекше стратегиялық маңызға ие шаһардың кіреберіс келбеті бүгінгі күн талабына сәйкес келмейтіндіктен жұртшылық та, сырттан келген меймандар да жаңартуды қалайтын. Әсіресе, үздік-создық, иін тіресе салынған әрі тозығы жеткен жеке лашықтар қала сұрқын қашырып тұратын. «ДСР» деп аталатын бұл аумақта бүгінде құлаққа жылы естілетін «Жас өркен» шағын ауданы бой түзеп, қаланың ең көрікті орнына айналып келеді. 62 гектар жерде қалай болса солай орналасқан ескі үйлер мен дүңгіршектер сүріліп, олардың орнында зәулім ғимараттар бой түзей бастады. Мұнда бас жоспар бойынша 11 тұрғын үй кешені озық үлгілермен тұрғызылады. Бұл шамамен екі мыңдай пәтер деген сөз. «Казградстрой», «Зерттеу СК», «Көкшетау жанармай базасы» компаниялары 384, 313 және 332 көп қабатты үйлердің құрылысын еңсеріп тастады. Болашақта 9 қабатты прокуратура ғимараты, 4 қабатты оқушылар сарайы, театр, басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызылады. Жарық диодты шамдар ілініп, сәнді қоршаулар орнатылады. Жасыл желектермен көмкеріледі. Айналма жолдың тұсына биіктігі 14 метрге жетеғабыл Қожаберген жырау Толыбайұлының ат үстіндегі ескерткіші алыстан «менмұндалап» тұратын болады.

«Бензострой» десе ат-тонын ала қашатын адамдар енді осы жаққа келуге ынтық. Өйткені, арамшөптер қаулап өсіп кеткен, жаңбыр жауса, топырағы қамырша иленіп қалатын иесіз жер бүгінде адам танығысыз өзгеріп, әдемі қалашыққа айналған. 720 орынды химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, 20-ға жуық көпқабатты үйлер бой түзеп, қоныс тойлар көбейді. Қазір 8 көп- қабатты үй тұрғызылуда. Бұдан тысқары 19-шы шағын ауданда құрылысы қызу қарқын алған көпқабатты төрт тұрғын үйге 3,5 миллиард теңге бағытталған.

Бағдарламаның өзекті бір бағыты – жеке тұрғын үй құрылысын жандандыру. Қаладан шеткерілеу орна­лас­қан «Солнечный» кентінде кезекте тұр­ған­дарға екі мың шаршы метр жер те­лімдері бөлініп, 200 жеке үйдің құрылы­сымен төрт компания айналысуда. Инфра­құ­рылымға 1,3 миллиард теңге қарас­ты­рылған. Ал мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі шеңберінде 7,6 миллиард теңге­нің алты ірі жобасын жүзеге асыру жоспар­ланған. Олардың қатарына келесі жылы іске қосылатын офтальмологиялық ор­­тал­ық құрамына күніне екі жүзден астам науқасты қабылдайтын емхана, 35 ке­реуеттік стационар кіреді. Балалар мен ере­сектерге сапалы офтальмологиялық қыз­меттің барлық түрі көрсетіледі. 1 200 орынға шақталған теннис орталығында төрт жабық, үш ашық корт болады.

Былтыр 107 аула асфальтталып, 80 балалар алаңы абаттандырылса, биылғы меже – 100. Мәдениет және дема­лыс сая­бағы өзгеше кейіпке енбек. Атап айт­қанда, 249 шам, 70 қоқыс жәшігі, 137 орын­дық, спорттық жаттығу құрылғы­лары ор­­на­тылады. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңы салынып, 2,5 шақырымдық велоси­пед жолы тартылады. Қураған 2 мың түп ағаш кесіліп, жас көшеттер отырғы­зылады.

Сөз арасында жолдарды жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарына 12,5 миллиард теңге қарастырылғанын, оның 1,2 миллиарды осыдан 60 жыл бұрын пай­далануға берілген көпірді жаңғыртуға ба­ғыт­талғанын айта кеткен жөн.

Тұтастай алғанда, биыл тұрғын үй құ­ры­лысы және инженерлік-ком­му­ника­ция­лық инфрақұрылымдар тартуға 5,7 мил­лиард теңге бөлініп, 1 446 пәтерлі 16 көп­қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қар­қынды жүргізілуде.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы