Қазақстан • 14 Тамыз, 2017

Жаһандану жағдайындағы жоғары оқу орындары

1580 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін транформациядан өтуі − заман талабы

Жаһандану жағдайындағы жоғары оқу орындары

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының алдында тұрған бірден-бір өзекті тапсырма, ол әрине, жоғары дәрежеде білім беру сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында ең алдымен білім беру жүйесі жаңа сапалы сатыға көтерілуі тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары білім алушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға, IT-білімін, қаржылық сауаттылығын қалыптастыруға, ұлтжандылықты дәріптеуге баса көңіл бөлу қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын.

Бұл жағдайда, менің ойымша, үш негізгі бағыт бар. Біріншісі, ол нарық талабына немесе жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес оқу бағдарламаларын қалыптастыру болып табылады. Аталған оқу бағдарламасын қалыптастыру кезінде, тек қана ұсынылатын пәндердің атауларын өзгертіп қана қоймай, есесіне сол пәндерді нарық талаптары мен сұраныстарына үйлестіріп, біздің келешек түлектеріміздің арнайы құзыреттерді игеруі үшін қолайлы жағдайлар жасауымыз қажет деп есептеймін.

Жоғарыда аталған құзыреттерді үш түрге бөлуге болады. Біріншіден, жалпы ақпараттық технологиялармен жұмыс істеу, сонымен қоса топтық жұмыс жасау тұрғысында мәселелерді бірлесе шешу және қойылған мақсаттарға жету. Екіншіден, білім алушы өзі таңдаған мамандығына сәйкес тереңдетілген білім алып, кәсіби дағдыларды меңгеріп және келешекте өзінің нақты бір саласын таңдаған соң нарық тұрғысынан қойылатын талаптарға жауап беру. Мысалға, экономика саласының маманы болса, экономикалық және қаржылық талдау, сонымен қатар, салыстырмалы тұрғыда сыни талдаулар мен сараптамалар жасау құзыреттілігтерін меңгере алуы. Бұл жаһандық әлемнің талабы. Үшіншіден, пәнаралық білім алу мен қолданбалы құзыреттіліктерді дамыту болып табылады.

Қазіргі таңда әлемдік деңгейде ашылып жатқан ғылыми жетістіктер жетерлік. Сондықтан алдыңғы қатарлы білімді игеру үшін, шет тілін меңгеру қажеттігі анық. Ағылшын тілінде ақпаратты еркін меңгере отырып, сол тілде жарық көрген, елімізге пайдасы тиетіндей жаңа зерттеулер мен жетістіктерді, ғылыми жаңалықтарды келешекте дұрыс бағытта бейімдеу шарасын қолға алу керек деп есептеймін. Сонда ғана ғылыми орта мен бизнес саласында құзыреттіліктердің қолдану аясы кеңейе түспек.

Әрине, жоғарыда аталған жұмыс бір күннің ішінде жүзеге аса алмайтыны белгілі. Бұл тұрғыда, біз ең бастысы, жұмыс берушілермен бірлесіп, олардың нарықтағы сұраныстарын ескереміз. Аталған саланың жұмыс ерекшеліктерін назарға ала отырып, академиялық тұрғыда қажетті пәндерді қалыптастырамыз.

Әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарында оқытылатын кейбір пәндер бұрыннан келе жатқан өздерінің дәстүрлі классикалық мектептерінің академиялық және ғылыми-инновациялық жетістіктеріне сүйене отырып құрастырылады. Әрине, біздің еліміздің білім беру жүйесінде кейбір оқу бағыттары болмауы мүмкін. Өз кезегінде, біз аталған озық шетелдік оқу бағыттарын ашық түрде жарияланған деректер көздерінен алып, жаңартылған оқу бағдарламаларына енгізу жұмыстарын еселеуіміз керек деген ойға сүйенемін.

Екінші басты бағыт, яғни оқу бағдарламаларын толыққанды қалыптастыру жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, кейінгі нақты шараларға көшу мәселесі. Бірінші кезекте әрине, пәндерді жоғары деңгейде оқытатын сапалы педагог-мамандарды даярлау жұмысына көбірек көңіл бөлу қажет. Өкінішке орай, соңғы жылдары елімізде ғылыми-педагогикалық бағыттарда магистратура мен докторантура бағдарламаларына мемлекеттік білім беру гранттарының аз бөлінуіне байланысты аға буынның өздері игеріп және қалыптастырған білімдерін жастарға жеткізу мүмкіншілігінің төмендегенін айта кеткен жөн. Себебі, ғылым бұл бір күндік нәрсе емес, ол үзіліссіз ізденіс үрдісі болып табылады. Мысалға, қазіргі таңда 50 мың профессор-оқытушы құрамы болатын болса, оның ішінде 50 пайызға жуығы 60-жастан асқан ғылыми дәрежесі бар мамандар. Сол себепті бізге осы бағытта магистрлік және PһD дәрежесі бар сапалы мамандардың санын еселеп арттыру маңызды екеніне назар аударғым келеді. Әрине, ондай мамандарды даярлау оңай шаруа емес. Бүгінде зерттеу жұмыстары тек қана ғылыми жетекшінің көзқарасы шеңберімен шектелмеуі тиіс. Соның өзінде ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптар әлемдік деңгейге сай келмей жатады. Сол себепті ғылыми тақырыптар таңдаған кезде дүние жүзінде терең сарапталып жүрген үздік өзекті зерттеулерге сүйенуге кеңес берер едім. Келешек буынның жас ғалымдары зерттеу барысында сол тақырыптарды тереңдетілген тұрғыда зерттеуге талпынулары тиіс. Мысалға, қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласында әлемдік деңгейдегі бірден-бір жаңалық − жасанды интеллект жетістіктері. Оның ішінде жаңадан ашылған методологиялық әдіснамалар мен технологияларды үлкен көлемдегі ақпараттарды (Big Data) өңдеу жұмысында пайдалану немесе келешектегі роботты техника саласын жоғары деңгейде қалыптастыру маңызды болып табылады. Бұл жаңалықтар біздің елімізде әлі де аса тереңдетіліп зерттелмей келеді.

Әрине, айтылған бағыттар бойынша қазақстандық ғалымдардың жасап жатқан біршама жетістіктері барын айта кеткім келеді. Алайда, сол жетістіктердің көпшілігі, өкінішке орай, нақты оқу үрдісіне енгізілмеген. Бұл білім алып жатқан студенттер, магистрлер және докторанттар сол білім мен жаңалықтарға дер кезінде қол жеткізе алмайтындығын білдіреді. Сондықтан, жаңа ілім мен ғылыми зерттеулерді білім алушыларға жеткізе алатын жоғары дейгейлі мамандар ЖОО жүйесінде қызмет жасауы тиіс деп есептеймін.

Отандық мамандарымыздың ішінде қажетті ғылыми дәрежелерге қол жеткізгеннен кейін, әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізетіндері санаулы ғана. Көпшілігі тек қолданбалы түрде ғана зерттеулер жүргізеді. Ал өз кезегінде, біздің академиялық қоғамымыз фундаменталды түрде тереңдетілген зерттеулер жүргізуді талап етеді. Бұның барлығы заманауи сабақтасқан және үзіліссіз ғылыми үрдіс. Бүгінгі күні университет көлемінде мамандарды даярлау үшін ілгері ғылымды дамытып, күнделікті туындаған мәселелерді шешу үшін қолданбалы ғылымдармен қатар, өндірістерден тапсырыстар алу қажеттігін айта кеткім келеді. Сол тапсырыстарды орындау, қазіргі таңда «коммерцияландырудың» бір түрі болып табылады. Демек, ғылым саласындағы мамандар еңбек нарығынан тапсырыс беруші инвесторлармен келісімшартқа отырып, сонымен қатар солардың қойған міндеттерін ойдағыдай орындап, олардың сұраныстарына жауап бере алатын зерттеулерді жүзеге асыру керек. Бұл бағыт қазіргі заманғы университеттер жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Үшінші бағыт. Отандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеру қажеттілігі. Менің ойымша, осы мәселені шешудің бір ғана жолы бар, ол − халықаралық аккредиттеу рәсімдерінен өту іс-шаралары. Қазіргі таңда еліміздегі аккредиттеу рәсімдері екі бағытқа бөлінеді.

Біріншісі − жалпы университеттердің деңгейін институттық аккредиттеу рәсімі. Бұл университеттер ішінде өткізілетін білім беру сапасын қамтамасыз ету деңгейін бағалауды іске асыратын аккредиттеу.

Екіншісі − бағдарламалық аккредиттеу рәсімі. Бұл бағытта Қазақстандағы ЖОО-ның оқу бағдарламалары аккредиттеуден өткен деп айта аламыз, алайда көпшілігі, өкінішке орай, әлемдік деңгейдегі стандарттарға сай келмейді. Біз неліктен ондай талап қоямыз дейтін болсақ, еліміздегі университеттер деңгейіне дұрыс баға беру үшін міндетті түрде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін Орталық Азия елдеріне, жалпы, Азия аумағында интернационалдандыру жұмыстарын іске асыру қажет. Яғни шетелдік студенттердің Қазақстанға келіп білім алу шарасын арттыру. Ол үшін оқу бағдарламалары ағылшын тілінде жүргізілуі қажет, себебі олар өз елінде белгілі білім деңгейін аяқтаған соң, міндетті түрде шетелдерде жоғары және сапалы білім алғысы келеді. Сондықтан студенттерге әлемдік стандарттарға сай білім беру үшін әр университет өзінің шама, деңгейіне сәйкес айқындалған оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде жүзеге асыруы тиіс деп ойлаймыз. Сол жағдайда ғана халықаралық деңгейде, біздің университеттерге оқуға түсетін шетелдік студенттердің саны артатын болады. Алдыңғы қатарлы іргелі білімді қазақ тілінде беруге мүмкіндік жоқ емес, бар. Егер сол білімдер мен ғылыми жаңалықтарды дер кезінде түпнұсқадағыдай, еш өзгертулер мен толықтыруларсыз аударып отырған жағдайда ғана ол мүмкін болмақ. Алайда, ол жағынан да артта қалып отырмыз. Мысалға, ағылшын тіліндегі бір кітапты (оқулықты) орыс тіліне аударуға кемінде 5 жылға дейін уақыт кетеді екен, ал оны қазақ тіліне аудару үшін тағы да біршама уақыт жоғалтамыз. Сонда біздің жас буын алдыңғы қатарлы ілімді 10 жылдан кейін меңгерген соң, қандай бәсекелестік болмақ? Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100 оқулық қазақ тілінде шығарылатындығын айтып, осы іс-шара күллі қазақтың өрісін кеңейтіп, деңгейін көтеретін жоба деп атап өткен болатын.

Білім беру жүйесінің құрамдас бөліктерінің барлығы дұрыс деңгейге қойыла білген жағдайда, Қазақстан университеттерінің ішкі бәсекелестік деңгейі көтеріліп, сонымен қоса әлемдік деңгейдегі бәсекелестігі арта түседі. Осының барлығы Халықаралық Бизнес Университетінің алға қойған бірегей мақсаттары. Аталған бағыттар, біздің стратегиялық даму жоспарымызға сәйкес келеді. Қазіргі кезде университеттің ішкі дәстүрлері сақтала отырып, жаңа оқу бағдарламалары нарық талабына сәйкес қалыптастырылу үстінде. Профессорлар мен оқытушылардың жалпы біліктілігін арттыра отырып, халықаралық деңгейде аккредиттеу рәсімдері өткізілуде. Сонымен қоса, жоғары деңгейдегі серіктестермен тығыз байланыс орнатылып, жаңа білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

Отандық университеттердің халықаралық мәртебесі көтерілген жағдайда ғана бізге түсетін шетелдік студенттердің саны артады деп ойлаймын. Осы таңда, Халықаралық Бизнес Университеті эксперименттік оқу бағдарламаларын қалыптастырып, жүзеге асыру үстінде. Мысалға, жаңа оқу жылынан бастап, біз жаңа тұрғыдан қалыптастырылған оқу бағдарламаларын білім нарығына ұсынып отырмыз. Нақтырақ айтқанда, бакалавриат бағдарламасы бойынша: «Халықаралық сауда» және «Халықаралық қауіпсіздік және геосаясат»; «Аймақтық және жергілікті басқару» және «Қоғамды басқару (Public administration)»; «Маркетинг және сатылымдарды басқару» және «Маркетинг және е-бизнес»; «Digital маркетинг» және «Big data аналитика»; «Журналист және бұқаралық ақпарат құралдары аналитигі (бизнес саласында)» және «Журналистика және коммуникациялық менеджмент»; «Бизнесті басқару» және «HR-менеджмент»; «Қаржы нарығы және қаржы институттары»; «Халықаралық құқық және халықаралық әділет» және «Логистика және бизнес».

Магистратура бағдарламасы бойынша: «Экономика және халықаралық сауда саясаты»; «HR менеджмент»; «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау»; «Қаржы менеджменті»; «Жергілікті білімді басқару»; «Қазіргі заманғы маркетинг және сатуды басқару»; «Сандық маркетинг және электронды коммерция ақпараттық жүйелері».

PhD бағдарламасы бойынша «Экономика салаларының менеджменті», «Мемлекеттік және корпоративтік қаржы» секілді экперименттік білім беру бағдарламаларын UIB университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып іске асыруға қол жеткізіп отыр.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық. Алайда, жаһанданған әлем күн санап, өзінің жаңа талаптарын қоюда. Мысалы, нарықтық экономика жағдайында кейбір мамандықтардың сұранысқа ие болмай қалу мүмкіндігі жоғары. Өйткені, өндіріс орындарының автоматтандыру жүйесіне ауысуы нәтижесінде қолмен жасалатын жұмыс орындары азаяды. Сондықтан да біз жоғарыда көрсетілген классикалық мамандықтар шеңберінде, жаңа заман талабына сай сапалы мамандарды даярлау қажеттігін ұғына отырып, эксперименттік білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударып отырмыз. Бұл шара біздің түлектерімізге еңбек нарығында өздерін еркін сезініп, университет қабырғасында меңгерген құзыреттері мен қолданбалы білімдерін толыққанды пайдалануына мүмкіндік береді. Нарық жағдайында бәсекеге қабілетті болу үшін еңбек нарығы мен білім беру жүйесі өзара ынтымақтастықта жұмыс жасауы қажеттілікке айналып отыр.

Келесі үлкен бағыт – білікті педогог мамандарды даярлау мәселесі. Соңғы жылдары педагог мамандарды даярлау жүйесінің даму қарқыны ойдағыдай емес. Өкінішке орай, қазіргі кезде мектеп деңгейінде білім беріп, сол салада зерттеулер жүргізіп жүрген мамандардың көпшілігі байырғы дәстүрлер мен білімдерге сүйенген. Қазіргі таңда бұл бағытта көптеген жаңалықтар ашылып жатқаны белгілі. Аталған жаңалықтардың барлығын міндетті түрде елімізге жеткізіп, халықаралық деңгейде мойындалған жаңаша жүйелерді оқу барысына енгізуіміз қажет.

Сол себепті, 2019 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі университеттерге қойған мақсаттарды орындау жолында жаңғыртылған оқу бағдарламаларын бірнеше пәндер бойынша ағылшын тілінде өткізуді қолға алып отыр. UIB университеті аталған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жаңа оқу жылынан бастап магистратура бағдарламасы бойынша «Ағылшын тілінде информатиканы оқыту», «Ағылшын тілінде физиканы оқыту», «Шетел тілі және бизнес білім беру», «Кәсіби іскери қатынастардағы қазақ тілі» секілді экперименттік білім беру бағдарламалары жүзеге асыратын болады.

Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі болып бүкіл әлемде танылған. Қазіргі кезде 70% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, еліміз ұлттық прогреске жете алмайтындығын Елбасымыз әрдайым еске салып, жас буынға келешек даму бағдарын көрсетіп отырады. Сондықтан, UIB университетіндегі ағылшын тілінде берілетін экперименттік білім беру бағдарламаларының әлеуеті өте зор деп есептейміз.

Біз жаңа оқу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін серіктестермен бірлесе отырып жұмыс жүргіземіз. Олардың ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім және инновация лицейлері бар. Ағылшын тілінде өткізілетін жаңа оқу бағдарламалары үш құрамдас бөліктен тұрады.

Бірінші бөлім − орта білім беру жүйесінде енгізіліп жатқан, жетілдірілген мазмұндағы оқу бағдарламаларының сипаттамасы мен мазмұнын меңгеру;

Екінші бөлім − ағылшын тіліндегі пәндерді оқытудың халықаралық дәрежедегі «Content and Language Integrated Learning (CLIL)» пәндік және тілдік ықпалдастық жүйесіне сәйкес оқу үрдісін қалыптастыру;

Үшінші бөлім − қазіргі таңда біздің педагогтар оқушылармен оқу үдерісі барысында коммуникацияға түскен кезде, тек ескі жүйеде қалыптасқан әдіс-тәсілдердің қолданылуын өзгерту. Бұл бағытта қазіргі кезде коучинг және тренинг секілді жүйелер бойынша бизнес саласындағы ең озық өзін-өзі ұстай білу, сөйлей білу немесе сол білімдерді дұрыс жеткізе білу секілді технологияларды біздің жаңа буындағы педагог мамандарға үйрету қажеттігі туындап отыр.

Осы үш құрамдас бөліктен құралған жаңғыртылған іргелі оқу бағдарламасы өз бәсекелестігін арттырумен қатар орта білім беру жүйесімен қоса, еліміздің барлық деңгейіндегі білім беру мекемелерінің қызметіне оң септігін тигізетіні сөзсіз.

Халықаралық бизнес университеті Елбасымыздың білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру тапсырмасын орындау мақсатында, өзінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, өзіне әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті келешек мамандарды даярлау секілді үлкен міндеттеме жүктеп отыр.

Ахмед-Заки Дархан ЖҰМАҚАНҰЛЫ,
 Халықаралық бизнес университетінің президенті