Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтты. Сөйтiп, 1981-1984 жылдары Түркiстан археологиялық отряды қазба жұмыстарын қолға алды.
Соның нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталды. Белгiленген аймақтар алты метрге дейiн қазылып, одан сайын тереңдей түстi. 23 қыш ыдыстың сынығы табылды. Бiрақ, олар толық зерттелген жоқ. Археологтардың болжауынша, бұл ыдыстар IV-V ғасырларда кеңiнен қолданылған.
Қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еденiнде балқыма дақ бар екен. Балқыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзеңгi, төменгi жағынан төрт қырлы сырғалығы бар белдiк, белдiктiң күмiс қапсырмасы және жалғыз шығыршықты темiр ауыздық шықты. Мұндай заттарды Орталық Азия мен Қазақстан аймағындағы жылқы көмiлген қабiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны VI-VII ғасырлардың аяғына жатқызды.
Қазба жұмыстары жүргiзiлген 6 құрылыс белдеуiнен XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың бiрiншi жартысында қолданылған шағатайлық теңгелердiң қоймасын да кездестiруге болады. Олар әшекей бұйымдар салынған ыдыс сынығынан алынды. Тарихшылар осы XIV ғасырда Күлтөбедегi бекiнiс қиратылып-жойылғанын, оның бүкiл аумағы зиратқа айналғанын айтады.
Едiлбай КӨШЕРБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi орталықтың қызметкерi