Қазақстан • 15 Тамыз, 2017

Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шараға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары түгел қатысты. Осылайша, кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев, Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян өзара тиімді мәселелерді талқылады.

Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті

Еуразиялық үкіметаралық ке­ңестің бұл биыл үшінші мәрте өт­кізіліп отырған отырысы. Бұ­ған дейін кеңес отырыстары нау­рыз айында Қырғызстанның Біш­кек қаласында, ал мамырда Ресейдің Қазан қаласында өткен болатын. Бұл жиын да әдет­те­гідей алдымен шағын құрамда өтіп, кейін кең құрамға көшті. Шара аясында Еуразиялық эко­но­микалық одақтың цифрлы тех­нологияға көшу күн тәрті­бін іске асырудың негізгі бағыт­тарын дайындау мәселелері, Еур­АзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ең­бекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасы талқыланды. Айта кетсек, зейнетақы жөніндегі құжат зейнеткерлікті қамту саласында тең құқықты қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім күшіне енгеннен кейін, ЕАЭО-ның кез келген елінде, яғни, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аума­ғында жұмыс істеу барысында еңбек өтілі мен зейнетақыны жо­ғалтпастан, жұмыс істеу мүм­кіндігі іске асырылмақ.

Отырыста сонымен қатар, ЕурАзЭҚ пен Иран Ис­лам Рес­публикасы арасында еркін сауда аймағын құруға бағытталған уақытша келісімге қол қою бойынша келіссөздер жүргізу барысы қаралды. Сондай-ақ, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге әкелінетін тауарларды кедендік декларациялауға жүргізілген мониторинг қоры­тын­дысы шығарылды және одақ ая­сында авиациялық оқиғалар­ды зерттеу комиссиясын құру мәсе­лелері қаралды. Бұдан өзге, одақ­тың аумағында кәсіпкер­лік қызметті жүзеге асыру үшін, Еуразиялық экономи­калық одаққа мүше бір мем­ле­кетте берілген ұлттық және халықаралық жүргізуші куә­лігін өзара мойындау мәсе­лесі қозғалды. Мұнымен қоса, Қа­зақ­стан тарапының бастамасы бо­йынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экспорттаушыларының Ресей теңіз порттары инфра­құ­ры­лымы қызметіне қолжетімдігі туралы мәселе талқыланды. Айтқандай, бірыңғай көлік кеңіс­тігін құру тұрғысында әуе кө­лігі саласында «жол кар­тасы» қабылданбақ. Бұл өз кезе­гінде әуе сапарлары мен әуе­жай­ларда тарифтерді теңес­тіруге мүм­кіндік ашуды көздеген.

Кең құрамдағы отырыс­та Үкімет басшылары кезек-ке­зе­гімен сөз сөйлеп, одаққа ортақ мәселелерді ортаға салды. Қазақ­­стан Премьер-Министрі Б.Сағын­­таев Үкіметаралық кеңес­тің оты­рысы Астанада өтіп жат­қан ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көр­месіне орайлас­ты­рыл­ға­нын атап өтті, сондай-ақ, қатысу­шы­лардың қолдауы мен елдердің ша­раға белсенді атсалысып жат­қан­дарына алғысын білдірді. 

Б.Сағынтаев ЕурАзЭҚ аясында, сондай-ақ, үшінші елдер­мен саудадағы тауар айна­лы­мы өсімінің оң қарқы­нын атап өтті. «Біздің бірлес­кен жұмы­сы­мыздағы көрсеткіш­тердің бірі ЕАЭО аясында тауар айна­лы­мының оңтайлы өсім қарқынына қа­тысты болып отыр. Сонымен қатар үшінші елдермен де сауда-саттықта оң көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, үшінші елдерге ЕАЭО экспортының жалпы кө­ле­мінде өңделген тауарлардың үлесі артты», деді Қазақстан Пре­мьер-Министрі. Сондай-ақ, бү­гінде Қазақстанда ЕАЭО елдері­мен бірлескен 8 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті. 

«Бұл кәсіпкерлер тарапынан интеграцияны қолдаудың жақсы көрсеткіші деп есептеймін. Бірлескен кәсіпорындар қа­та­ры­­ның артуы қуантарлық жайт», деді Премьер-Министр. Со­нымен қатар, Үкімет басшысы 2015 жылдың мамырында қол қойылған ЕАЭО-ның Вьет­наммен еркін сауда аймағын құру туралы бірінші келісімі өзін­дік артықшылықтарға ие еке­нін атап өтті. Осы бағыттағы алғаш­қы оңтайлы тәжірибе  шет мем­лекеттерімен сауда-эконо­микалық ынтымақтастығы үшін берік негізді құрап отырғандығын жет­кізді. «Өткен жылы бірқатар елдермен еркін сауда аймағы ту­ралы келіссөздер бастау жө­нін­де Жоғары Еуразиялық эко­но­микалық кеңестің шешімі қа­былданды. Бұл тұрғыда Иран, Үндістан, Сингапур қамтылып отыр. Иран бойынша бізде қо­сым­ша келіссөздер өтіп, осы орайда келіссөздер ұстанымын байланыстарды нығайту жағына қарай пысықтауға тапсырма бердік», деді Б.Сағынтаев.

Қазақстан Премьер-Министрі Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі кедергілерді жою жұмыстарына ерекше мән беру керектігін баса айтты. Бұл үшін сауда-саттықты әрі қарай дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында кедергісіз ортаны құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажеттігін алға тартты. Бүгінде сауда-саттық барысында кездесетін 60-тан астам тосқауыл тізімі тараптармен айқындалған. Осы орайда оларды жою бойынша жол карталарын даярлау тұрғысында жұмыстар жүріп жатқаны айтылды. Аталған жол карталарын үкіметаралық кеңестің келесі отырысында қарастыру керектігін жеткізді.

Бұдан өзге, қазақстандық тарап көтерген мәселелердің ішінде ортақ қаржы нары­ғын қалыптастыру тұжырым­да­масының жобасын талқылау, кеме қатынасы туралы, сондай-ақ, еңбек ресурстарының ортақ нарығын құру мәселелері болды. Оған қоса, өнеркәсіп салаларын одан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешені және ғылыми әзірле­ме­лерді коммерциялау салала­рын одан әрі дамыту мәселе­лері қаралды. Сондай-ақ, экс­порт­таушының ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің қайсысына жататынына қарамастан, теңіз порттарына шығуға тең құқықты қамтамасыз ету қажеттігі туралы ұсыныс жасалды.

Отырыс қорытындысында бірқатар көпжақты құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде «2016 жылы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің бюджет­тері­нің арасында кедендік әкелім баж­дарының сомасын есеп­теу және бөлу туралы», «Еур­АзЭҚ ортақ электр энергети­калық нарығы аясында орталықтандырылған сауданы ұйым­дастыру үшін сауда алаң­дарын пайдаланудың және ЕурАзЭҚ ортақ электр энергети­ка­лық нарығын қалыптастыру бойынша іс-шаралар­ды қар­жы­ландырудың кейбір мә­селе­лері туралы», «Еура­зиялық үкімет­аралық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты және орны ту­ра­лы» Үкіметаралық кеңестің өкім­дері бар. 

Қатысушылар ЕҮАК-тің ке­зек­ті отырысын биыл қазанда Ар­­менияның астанасы Ереванда өткізу туралы ортақ шешім қа­был­дады.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»