15 Тамыз, 2017

Несиемен неге оқымасқа?!

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде оқу гранттарының ие­­гер­­лері белгілі болды. Әрине, қай заманда болса да оқыған – біл­гір, оқымаған – ділгір. Бәрі біл­гір болғысы келеді, бәріне бірдей бол­мақ қайда? Зейін мен зерденің зәу­де оза­тын тұсы – осы. Сондықтан оқу грантына іліге алмаған жас тү­лек­тің жабырқаған жанын ет жа­қын­дары жұбатып жатады. Бірақ өмір жұбата ма?..

Несиемен неге оқымасқа?!

Әрбір ата-ана баласының беті бо­лашақта көншарық емес, жарық бо­лу үшін де оқытқысы келеді. Де­се де, ақылы оқуды кез келген отба­сының қалтасы көтере бермейді. Мұн­дайда солқылдақ шыбықтай санасы майысқақ жасөспірімге айы­бын айтқан оңай, байы­бын айт­қан қиын. Айталық, жыл бойы ҰБТ-ға мұқият дайындалып, келесі жы­лы қайта құжат тапсыруға кеңес бе­руіңіз мүмкін. Оған орқояндай ор­­ғып, от басайын деп тұрған ол шы­­дай ма?. Киіз қазықты жерге кір­­гізетін мықты тоқпағы – өтпелі жас­тағы өскінді қадағалаушы ата-анасы мен ет жақындарының немесе талапкердің өзінің қатаң қағи­да­сы болмаса, іске асуы қиын. Әл­бет­те, сырттай оқуға тапсырып, жұ­­мыс істеп, қаржы табуға шешім қа­был­­дауға шақыруға да болар. Бұл бозбаланың немесе бойжеткеннің ең­бектің ащылы-тұщылы дәмін та­туға, сол арқылы өзінің де оқуға ден қоюына себеп болуы кәдік. Тіпті бол­маса, оқуының төлемін өзі таба ала­тын деңгейге ұмтылуына негіз бо­лады. Алайда, мектептегі қатар құр­бы-құрдастарынан қалмау да ойында бар. Осы тұста мемлекеттің қолдауына арқа сүйеуге болатын тағы бір жайтты айта кетелік. Бұл – білім несиесі.

Осыдан он алты жыл бұрын оқуға тапсырдық. Қиырдағы Қытаймен шекарада жатқан алыс ауыл мектебінен алған орта біліммен биікке қол созған едік. Журналистика мамандығына республика көлемінде бар-жоғы 15 грант, 20 несие бөлінген екен. Барлығы – 35 орын. Байқау өте жоғары болды. Сәтін салғанда, ауыл квотасымен несие бағдарламасына ілігіппіз. Осы несие қайырлы несие болды. Бүгінде жемісін көріп келеміз. Әйтпесе, нарықтың нақ қос бүйірден қысып тұрған кезеңінде ауылдағы жұмыссыз ата-ананың ақылы оқытуға шамасы жоқ еді. Бү­гінде бұл жүйе болмағанымен талапкер өзінің атына несие ресімдеуіне бо­ла­ды. Яғни, грант ала алмағандар студенттік кредит бойынша оқуға түсе алады.

Биылғы мектеп бітірушілердің 30 па­йызы ғана білім гранттарына қол жет­кізгенін есепке алсақ, ақылы негіздегі оқу­шылардың қатары арта­тыны сөзсіз. Яғ­ни, бұл ретте ата-ана­ға иек артпай, өз күш-жігеріңізге сү­йе­ну арқылы оқы­ған­ға не жетсін! Аман-есен оқуды тә­мамдасаңыз асық­пай несиені де өтеп шығасыз.

Өткен сенбіде талапкерлердің ата-аналары мен туыстарын бі­лім гранттары мәселесіне орай қа­был­даған Білім және ғы­лым ми­нистрі Е.Сағадиев студенттер мен талап­керлерге оқуға ақы төлеуге қол­дау көрсету мақсатында білім бе­ру не­сие­лерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасы енгізілгенін, осы тұрғыда талапкерлер өз атына студенттік несие ресімдеуге бо­ла­тынын жеткізген болатын.

Яғни, қысқаша айтсақ, 12 жылға де­­йін берілетін бұл несиенің жылдық үс­темесі 10 пайыздан басталады. Ми­нистр­лікке қарасты Қаржы орта­лығы кепілдік беретіндіктен несие алу­шыдан ке­піл талап етілмейді. Оқу кезеңінде және оқуды бітірген соң 6 ай бойы студент несиенің пайыз­дарын ғана өтейді. Қазақстан азамат­тарына берілетін несиенің қарыз алу­шыға қоятын талабы – үлгерімі ҰБТ/КТ бойынша 50 балдан төмен болмауы керек. Сондай-ақ, табысы және зейнетақылық аударымы бар қоса қарыз алушы жеке тұлғаның болуы талап етіледі. Құжаттарды жинап, банкте келісімшартқа қол қойған соң ақша колледж немесе жоғары оқу орнының шотына аударылады.

Студенттік займдар өркениетті елдерде ертеден қалыптасқан. Мәселен, әлемдік оқу ордасының біріне саналатын Ұлыбританияда студенттік несиелер ел азаматтарымен бірге Еуропалық одақ елдерінің тұрғындары үшін де қол­жетімді әрі тиімді оқу жүйесінің бірі. Атал­­ған елде студенттік несиенің екі тү­рі бар. Оның бірі оқуға берілсе, екін­шісі тұрмыстық қажеттілікке беріледі. Тұр­­мыс­тық несиені тек күндізгі бөлімде оқи­тын студенттер ғана ала алады. Ал несиені өтеу студенттің оқуын тәмам­дағаннан соң табысы 21 мың фунтқа жеткенде жүргізіле бастайды. Сол сияқты бұл жүйе соңғы жылдары ТМД елдерінде енгізіле бастады. Қазақстан да студенттік несиені ресімдеуді қол­даушылар қатарына қосылып келеді.

Бүгінде той қуанышына да несие ресімдеп жатамыз ғой. Егер баланың шын мәнінде оқуға ынтасы зор болса, ой қуанышына, білім бәсекесіне не­ге несие алмасқа деген ой туады. Бұл да мүмкіндік. Бұл да инвестиция. Ақыл-ойға құйылған қаржы ақыл-­оймен қайтарылады. Өйткені, нарық­тың жалғыз заңы бар. «Мың ділдә – білімдінің жалғыз сөзі!».

Думан АНАШ, 
«Егемен Қазақстан»