15 Тамыз, 2017

Ұстаздар ұясы

1092 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Аға! Сіз нарсыз! «Ағалар – қажымай­тын, қайыспайтын қара нар!»  деп ұстазым Оспанхан Әубәкіров айтқандай жолында жүк қалдырмайтын қара нарсыз.

Ұстаздар ұясы

Тайлақ кезіңізден келелі өмірдің керуеніне қо­сы­лып, ұстаздық етуден жалықпаған Қа­зымбет көкеңіздей келе-келе керуен басы болдыңыз. Жиделі Байсын жерінде туып, Қызылдың құмын кештіңіз. Қазақ даласын әуенмен тербетіп, әлдилеген ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той», «Теріскей», «Сағы­ны­шым менің», «Дүнген қызы» секілді әуезді әндеріне мәтін жазған мәйекті ақын Сабырхан Асанов қаламдас досы Мұқағали Мақатаевты өзіңіз өскен шағалалы Шардараға шақырған. Шағыл құмдарын аралаған. Хантәңірінің баурайында қабырғасы бекіген Мұқағали аға Қызылқұмның табиғатына тамсана қарап, шат көңілмен шабыттана өлең жазған. «Сабырханға» арнаған сол жырдың бірер шумағын бипаздайын. 

Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, 
Іздеген жан біздерді табар ма екен? 
Адасармыз адассақ, қарамай-ақ 
Кел екеуміз кезейік жалаңаяқ.

Қасиеттеп, қадірлі жерімізді, 
Қалдырайық, басайық мөрімізді. 
Әуестемей әлдекім салған ізді, 
Өзімізше сызайық таңбамызды... 

Қасиетті өлкеңізге қара табанмен мөр ба­­сып, әлдекімнің салған ізі­мен жүр­­мей, соны соқпақ іздедіңіз. Ша­ғыл құм­­ның етегіндегі Шардара орта мек­тебін алтын медальмен бітіргесін дәрі­гер болуды армандадыңыз. Көптеген шә­кірт­тердің көкейіне қиял құсын ұя­ла­тып, шартарапқа шарықтататын ең әуе­лі ұстаздардың ұлағатты тәлім-тәр­бие­сі ғой. Химия-биология пәнінің мұ­ға­­лімі Саттарова апайдың сабағы аса қызықты әрі тартымды өтетінін әр­да­йым әңгімелейтінсіз. «Әсіресе, адам ағзасындағы химиялық және биологиялық процестердің күрделілігін қарапайым тілмен қиял-ғажайып ертегі­дегідей елжіретіп түсіндіретін», дейсіз. Бәлкім мектеп бітірген түлек­тердің көп­шілігі химия-биология саласына мо­йын бұрғаны тегін емес шығар. Сіз дәрігер мамандығын таңдадыңыз. Неге? Сол жылдары созылмалы демікпе дер­тіне ұшыраған Сәли анаңызды қайткен күнде ауруынан айықтырам де­ген балалық құштарлықпен Алматы мем­лекеттік медицина институтының ем­деу ісі факультетіне түстіңіз. Сол дә­уірдегі Білім министрлігінің бәтуасы бо­йынша мектепті медальмен бітірген түлек жоғары оқу орнының алғашқы пәнін «5»-ке тапсырса бітті, бірден студент атанатын. Алғашқы емтиханнан қамшы салдырмай өтіп, айдарыңыздан жел ескен күндер естен кете қоя ма? Расында да аспандағы арман құсыңыз қолыңызға қонып, ақ халатты абзал жан­дардың қатарын толықтырдыңыз. Ау­зы дуалы ата-бабамыздың «Ең құн­ды мумин – хикметті сөзді үйреніп, басқаларға үйрететін адам» деген ұйытқы сөзін ұстанып, ұстаз болдыңыз. Дә­ріс оқып, студенттерді тәрбиеледіңіз. Сіз­ді «Келелі өмірдің керуен басы бол­дыңыз» деуіміздің де мәні осында. Қа­зақ мемлекеттік медицина институтын үздік бітіргеннен кейінгі басқан ізіңіздің баянды жылдары керуеннен кем бе?

Полат Қазымбетұлы – «Астана медицина университеті» АҚ Радиобиология және радиациялық қорғау институтының дирек­торы, медицина ғылымдарының док­торы, профессор, Нью-Йорк ғы­лым академиясының толық мүшесі, Қа­зақ­стан педагогикалық ғылымдар ака­демиясының академигі. Қысқаша лауа­зымыңыз солай. 
Ұстаздықтың ұшар шыңына шық­қан­ға дейінгі бұрылысы көп бұралаң жолда­рыңызға бір сәт көз салайықшы, аға. 

«...Рентгенология және радиология бо­йынша аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыған. Радиоизотоптар тобында ғылыми қызметкер, кейіннен аға ғылыми қызметкер қызметін атқар­ған. 1975 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Н.Н.Блохин атын­дағы Ресей онкологиялық ғылыми орта­лығында докторантурада оқыған (Мәс­кеу қаласы). «Обыр ауруына қарсы сәу­лемен емдеудің әдістері» деген та­қы­рыпта докторлық диссертацияны Санкт-Петербург қаласында қорғаған. Аға оқытушы, биология және радиобиология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті емдеу ісі факультетінің деканы болды. Қазақ мемлекеттік медицина академиясының оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор, университет ректоры қызметін атқарды. Астаналық мем­лекеттік медицина академиясын басқарған жылдары 5 жаңа факультет, «радиобиология», «сот меди­ци­насы», «аллергология және иммуно­логия» ма­ман­дықтары бойынша кан­­дидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес төрағасы болды. Радиобиология және радиациялық қорғау институтының алғашқы директоры болып тағайын­далды. Азиялық радиациялық зерттеулер ассоциациясының вице-президенті, БҰҰ Атом энергиясы бойынша халық­ара­лық агенттік сарапшысы болып сай­ланды. Полат Қазымбетұлы басқар­ған ұжымның ғылыми жұмыстары елі­міз­де және шетелдерде танымал. Оның жетекшілігімен 27 диссертация қор­ғалды, оның 10-ы докторлық диссертациялар. 200-ден аса ғылыми жұмыстары жарияланған, соның ішінде ЖОО-ға арналған 4 оқулық, 1 монография...» 

...Көл-көсір еңбек. Шәкірт – бұ­лақ болса, бұлақтың көзін ашып көл­ге айнал­дыратын ұстаз емес пе? Әри­не, ұстаз. Әсіресе, академик Са­йын Балмұхановтың сізге берген тә­лі­мі мен шарапатын, Мәскеудегі Бү­кілодақтық онкологиялық ғылыми ор­талықтың жетекшісі, әлемге әйгілі ға­лым, ұстазыңыз Самуил Петрович Яр­моненконың көп нәрсеге көзіңізді аш­қанын мақтаныш тұтасыз.
Радиацияның қол­данбайтын саласы жоқтың қасы еке­нін ескерсек, оны дұрыс, ұтымды және қа­уіпсіз пайдалана білу өте маңызды, әрине. Чернобыль, Фукусимадағы ра­диациялық апаттардың болғандығын бі­ле отырып, ядролық энергетиканың әрі қарай дамитындығы даусыз. Адамзат жер бетінде де, ғарышта да радиациялық ке­ңістікте өмір сүреді. Халықтың шамадан тыс радиациялық сәулеленуін болдырмау, алдын алу және оны тиімді әрі залалсыз пайдалану жолдарын медициналық тұрғыда зерттейтін республикадағы бірден-бір институт екен.

Ұстаздың орны бір бөлек, сіздің ал­ғаш­қы мұғалімдеріңіз кім? Әкеңіз Қа­зымбет Дәрімбайұлы мен сегіз сәби­дің бесігін тербеткен алтын құрсақ асыл анаңыз Сәли апай еді. Жалпы, сіз­дердің әулетті ұстаздар ұясы десе де болады. Жүзге таяп бақилық болған Қа­зымбет қария 1935 жылдан 1995 жылға дейін қаншама балалардың басы­нан сипап ұстаздық етті. Еңбек кі­тап­шасындағы өтілі – 60 жыл. Сәли ана­ңыз да соғыстан соң 10 жыл мұғалима бол­ды. Математикадан сабақ берген Жақсыгүл әпкеңіздің еңбек өтілі – 25 жыл. Химия-биологияның мұғалимасы болған қарындастарыңыз Жауһар мен Гауһардың еңбек өтілін қосқанда – 55 жыл. Сіздің студенттерге берген дәрістік өті­ліңіз 45 жыл. Міне, керемет! «Маған жақ­сы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйт­кені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің өсиеті сөзін өне­ге етіп ұстаған Қазымбет атамыздың шаңырағы шын мәнінде ұстаздар ұясы! Отбасының жалпы еңбек өтілі – 195 жыл екен. Екі ғасыр! Ерен еңбек!

Ертеде бір дангөйден: «Дүниеде кім бақыт­ты?» деп сұраса, ол: «Дүниеде көп адамды бақытты еткен адам бақытты!» деп жауап берсе керек. Екі ғасырдай шәкірт тәрбиелеген ұстаздар ұясынан қаншама балапандар қанат қағып ұшты. Ұстаз – ертеңгі күні бақытқа апаратын бас­палдақ! 

Қайсыбір жылы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қаулысымен Оң­түстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Жамбыл ауылдық окру­гінің «Арай» орта мектебіне Қа­зымбет Дәрімбайұлының аты берілді. Ашылу салтанатына атақты ғалым Әмір Мұсақұлов пен академик Өмірзақ Айтбайұлын, ақиық ақын Қайрат Жұ­ма­ғалиев пен сарбаз сыншы Құлбек Ергөбековтерді алдымызға салып арнайы бардық. Есімі елге мәшһүр қоғам қай­раткерлерін, сан алуан саладағы ға­лымдарды, аз-кем атап айтқанда, Са­бырхан Асанов, Еркінбай Әкімқұлов, Мұх­тар Құралов секілді қазақ әдебие­тінің қабырғалы қаламгерлері мен түрлі мамандық иелерін түлетіп, ғасырға жуық ғұмыр кешкен ұлағатты ұстаз атамыздың рухына бағыштап өлең оқыдым.
Қазымбеттей атамыз,
Атамыздың аты аңыз.
Өнегелі өмірден
Біз үлгі алып жатамыз.

Қазымбеттей қария,
Қариямыз дария.
Сусындарын қандырып
Сусып ұшты әр ұя.
Қазымбеттей Бәйтерек, 
Өсірген жоқ жәй терек.
Тамыр жайып орманға
Айналмаса қайтер ек?!

Қазымбеттей таулы шың,
Таста өсірген тау құсын.
Қырандарын баулыса
Қазымбеттей баулысын.

Ұстаз көзі қияда, 
Қияға қиял сия ма? 
Дейтін еді-ау: 
– Ілесің
Нені көрсең ұяда! 

Дейтін еді-ау: 
– Бәрін ұқ, 
Қадам жаса әрі нық. 
Шыңнан шырқап ұшырған
Сабырханы – Самұрық! 

Дейтін еді-ау: 
– Ылғи да
Қарамаңдар ылдиға. 
Шәкірт Мұхтар шүйіліп, 
Ұқсап ұшты қырғиға. 

Көктем мінез бұл кісі, 
Көпке мәлім үлгісі. 
Еркінбайдай қаламгер
Елге мәлім жыл құсы. 

Дейтін:
– Айды ап берем!
Ұстаз еді-ау ақберен. 
Бар байлықтың атасы
Білімде ғой Бақ деген.

Бақты тығып сақтай ма, 
Ау, ағайын, Бақ қайда?
Бақ дегенің ұстаздың
Жүрегінде жатпай ма! 
Кешегі Кеңес өкіметінің аштық пен ашар­шылық, қуғын-сүргін заманында Түркістандағы мұғалімдік курсты бі­тірген Қазымбет атамыз бар ғұмырын бала тәрбиелейтін ұстаздыққа арнаған. Жаппай сауатсыздықты жою науқаны басталғанымен бала оқытатын мектеп қайда? Жоқ! Жапан дала, жабырқаулы ел. Әуелгіде үш киізді біріктіріп со­ның ішін­де бала оқытты. Келесі жы­лы қабырғасын қам кесектен қалап «қор­жын там» тәрізді мектеп салды. Сыр бо­йындағы тоғайдан ағаш тасып, төбесін жапты. Ел ішінде «Қазымбет мектебі» аталып, абыройға бөленді. Атамыздың сол мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жан-жағын жасыл желекпен көмкеру әр кәсіпкердің қолынан келер-ау. Бірақ сіз, Полат аға, мектептің іргесінен екі қабатты мектеп пен шығыс үлгісінің жобасымен көз тартатын көркем кітапхана салып бердіңіз. Әдетте, мектепке компьютер сыйлаушы еді, сіз мектепке мектеп сыйладыңыз. Кітапханаға кітап сыйлаушы еді, сіз кітапханаға кітапхана тарту еттіңіз. Мектеп маңдайшасындағы «Ілім іздесең – інжу табарсың» деген ұла­ғат­ты оқып, қуанып қайтқанбыз. 

Сіз жанашырлығыңызды жарнама­лағанды ұнатпайсыз. Сонда да болса ай­тайын. Ел білсін. Елжіресін. «Туған жер­ге – тағзым» акциясы бойынша өз өлкеңізге жасаған қамқорлығыңыз қан­шама. Тізе берсе тіпті көп. Ұмыт­пасам, 2000 жылы Халық әртісі Қай­рат Байбосынов екеумізді Бәйдібек ауданындағы Алғабас орта мектебіне Таңатар Қазақбаевтың есімі берілген салтанатқа шақырдыңыз. Бардық. Ел қуанды. Ізгілік ісіңізге ілтипат білдірді. Сол мектеп қазір самал соққан саябақтың ортасында менмұндалап тұр. Былтыр Созақтағы Қарабура әулиенің кесенесін күмбездеп, бейітте жатқан Хақназар хан мен Құрбан Ата секілді бірсыпыра бабамызға қара мәрмәрден ескерткіш тақта қоюға мұрындық болдыңыз. Одан кейін Алтын Орданың атақты ұлысбегі (Хорезмде 1357 жыл ірге көтерген Қоңырат ұлысын құрушы), кейін Хиуа хандарының бабасы атанған Нағанай бидің жерленген жеріне ғылыми экспедиция ұйымдастырдыңыз. Мұндай ой санаңызды саралап, жүрегіңізді қалай тербеді? Академик В.Бартольдтің 1929 жылы жазған «Хорезм тарихы бойынша жаңа дереккөз» атты мақаласында дәл осы шейх Аббас Уәли сағанасы  жанында Нағанай бидің жерленгені туралы нақты мәлімет бар екенін білгесін жата алмадыңыз. Онда академик: «Хиуаның Қоңырат хандарының бабасы, Өзбек ханның замандасы Нағанай хан көне Қият қаласында дүниеден озып, шейх Аббас Уәлидің мазары жанындағы өзі салдырған кесенеде жерленген» деп жазған. Сол дәйекті тұжырымына көз жеткізгесін Жарылқап Бейсенбайұлы, Жамбыл Артықбаев, Керім Пірімқұлов, Зікірия Жандарбек, Хазыретәлі Тұрсын, Кенже Абдуллаев секілді тарихшы ға­лым­дар мен қоғам қайраткерлерін жа­сақтап бәрімізді бастап бардыңыз. Сол экспедиция биылғы наурыз мейра­мының қарсаңында көне Қият қаласының (қазіргі Беруни) шейх Аббас Уәли мазарындағы Нағанай ханның жатқан жерін тауып қайтты. Содан алынған топырақ арнайы ыдысқа салынып Түркістанда тұрғызылған Нағанай хан­ның стелласына сүйек қосу салты бойынша қойылды. Міне, Полат аға, сіздің ұйытқы болуыңызбен ұйымдастырылған мемлекеттік деңгейдегі шаралардың бір парасы ғана бұл. Бүгінгі заманның ғақлиясына құлақ түрсек: 
Азамат үш нәрседен қателеспеу керек:
1. Мамандық таңдағанда. 
2. Жар таңдағанда. 
3. Үй таңдағанда. 

Осы тұжырымды оқығанда Полат аға, көз ал­дымызға көркем мінезді Шы­­­рын жеңгеміз келеді. Жеңгемізбен емен-жарқын әңгімелескенде рухымыз оянып, байып қайтамыз. Абай мен Пуш­киннің, Сәкен мен Лермонтовтың өлең­дерін, әлемге әйгілі дарабоздар мен данышпандардың өнегелі сөздерін жатқа айтып, талайларды таң қалдырған жеңгеміз ғой. Тәкаппарлыққа жаны қас. Ондай сәттерде Омар Хайямның «Адам санасы қанша төмен болса, мұрнын сонша аспанға шүйіреді» деген тәмсілін қайталайтын. Әсіресе, Мағжан жырларын махаббатпен оқығанда ше? Тәлімі қандай, тәрбиесі қандай?! Күмбірлетіп тартқан күйлеріңізді ең әуелі ұйып тың­дайтын да жеңгем ғой.   

...Шырын жеңгейдің мамандығы дә­рігер. Ең басты ерекшелігі – ұстаздар ұя­сының алғашқы келіні. 
Сайдың тасындай жеті ұлдың әке­­сі ақын жан­ды азамат Құттыбек жез­деңіз алтын алқа таққан аяулы жары Жақ­сыгүлге: «Пұл тап!» дедің, пұл таптым. Менен қандай мін таптың?» деп әзілдесе, әпкеңіз де қалжыңнан қара жаяу емес. «Ұл тап!» дедің, ұл таптым. Менен қандай мін тап­тың?» дейді. Сол жиендеріңіз бен келіндеріңіздің бірсыпырасы ұлағатты ұс­таз. Мін жоқ! 

Әлемдегі әртүрлі қақтығыстарға қар­­ны ашты  ма  қайдам, атақты Бер­нард Шоудың мына дүниеге мін та­ғып сөйлеген сөзі бар «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында аспанда құс­ша ұшуды үйрендік. Суда балықша жү­зуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сү­руді үйренбедік», дейді. 
Балалардың басынан сипап, аяқ бас­қан­нан адамша өмір сүруді үйрететін кім? Ұстаз!
 
Көпен ӘМІРБЕК, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АСТАНА

Суреттерде: «Қазымбет мұға­лім» атанған ардагер ұстаз Қазымбет Дәрім­бай­ұлы; Полат Қазымбет, анасы және бауырлары