15 Тамыз, 2017

«Шырақ жанған түн» қойылымы сахналанды

719 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Жастар театрында Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн» атты спектаклі көрермен назарына ұсынылды.

«Шырақ жанған түн» қойылымы сахналанды

Қоғамдағы өзекті тақырыпқа қозғау салған туынды жастарға ой тастайды. Отбасылық өмірдің мәні неде деген сұраққа жауап іздейді. Достарымен бас қосып, әзіл қалжыңы жарасқан топтың ішінен  Сағым мен  Нұргүлдің кенеттен ұрыса кеткенін байқайсыз. Сол күні Нұргүлдің туған күні еді. Алайда, ащы суға сылқия тойып алған  Сағымның есінен бұл күн  тарс шығып кетеді. Бар мәселе қалта телефонда еді. Кім соқты телефонды, деген күйеуінің сөзіне жауап бермеген әйелінің теріс қылығы ерінің намысына тиіп, одан әрі шиеленісті ушықтыра түседі. Қызғаныш деген қызыл оттан шаңырақтың шырқы бұзылып, аспан айналып жерге түскендей болады. Байлық пен даңққа мастанып, жұртты аузына қаратқысы келген  Сағымға көрші қария ағалық ақылын айтып, сабырға шақырады.  Бес күндік жалған өмірде сыйластықпен, адамгершілік  қасиетті аяққа таптамай өткізгенге не жетсін шіркін! Десек те болмашы нәрсеге шаңырағы шайқалып, екі жаққа айырылысып жататын жастар қаншама? Автор екінші жақтан параллель картинаны қоса суреттейді. Онда жолдасының қызғанышынан мезі болған әйелдің сол бір балалық шақты, алғашқы сезімді,  өткен күнге деген сағынышқа толы жылдарды аңсауы шығарманың өн бойынан кіршіксіз тазалықты елестетеді.  Үйінен кетіп қалған  Нұргүл жол бойынан  Таңат есімді жігітті жолықтырады.  Таңат пен Нұргүл бір біріне ғашық болып, ессіз сезімнің етегінде жүреді, алайда Нұргүл бұл ойыннан бас тартады. Сен жассың, болашағың әлі алда, мен сенің тұп тұнық өміріңді лайлағым келмейді, деп одан ат ізін суытады. Бозбаланың отбасылы әйелге ғашық болуын көрсете отырып  автор, жігітті  анасынан ана сүті кетпеген сәбидей аңғал,  ақкөңіл, жамандық атаулыға қарсы, адамның бәрін жақсы көретін марсианаға теңестіреді.

Осы орайда басты рөлді сомдаған Айнұр Рахипованың да пікірін білдік. –Шығармадағы негізгі ой адамдардың бір-бірін бағалай білуі. Адами құндылықтың, адами қарым қатынастың жоғары деңгейде тұруы ерлі-зайыптылар арасында сезім қылын үзіп алмауды мақсат тұтады. Адамның ең алғашқы сезімі тазалықты аңсайтын,  ең нәзік  лирикаға құрылған туынды.

−Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театрына  70 жылдың басында актер болып  келгенмін.  Бұл Нұрлан Оразалиннің  ең алғашқы драмалық шығармасы болатын. Бұл шығарма алғаш рет 1972−73 жылы сахналанды. Сол жерде Таңаттың рөлін мен ойнаған болатынмын. Сол жылдары қазақ театрында резонанс тудырған, үлкен  аншлагпен өткен спектакльдің бірі болды. Тіпті  9-10 жылға дейін сахна төрінен түскен жоқ.  Астана Жастар театрында жүріп жатқанына да 4 жылдай уақыт болды.  Өзгешелігі қазіргі көзқарасқа жақын, бұрынғы форматтағы тексттерді алып тастадық, адами тартыстарда ғана қалды. Декорация жағынан да түрленіп, қазіргі заман талабына сай  жаңаша ұсындық, көрермен жылы қабылдады деп ойлаймын − дейді, режиссер Нұрқанат Жақыпбай.

Сахнада күйеуі Сағымды – Азамат Есқұлов, Нұргүлді – Айнұр Рахипова, Таңатты – Ербол Тілеукенов, көршіні – Бейбіт Құсанбаев, Монтерді – Бекжан Керімбаев, аула сыпырушыны – Алтынай Нұрбек, Сантайды – Айман Есенқызы сәтті ойнап шықты. Шығарманың қоюшы режиссері Нұрқанат Жақыпбай.

Айман Мұқышева