16 Тамыз, 2017

Киелі жерлер картасы

1074 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұшса құстың қанаты, жүгірсе аңның тұяғы талатын Қазақстанның ұлан-байтақ аумағы қаншама тылсым сырларды ішке бүгіп, жұмбақ күйде қалып отыр десеңші! Ата-бабаларымыз аманаттап кеткен Ұлы Даланың мыңжылдық рухани өркениеті, ғажап тарихи-мәдени құн­дылықтары төрткүл дүниені тамсан­дырып отырғанда ескіліктің ерекше ес­кер­ткіштерін ескермеуіміз бәріміз үшін кешірілмес күнә болар еді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­­дарламалық мақаласында таяу жыл­дар­да атқарылатын міндеттердің ішін­де «Қа­зақстанның қасиетті рухани құн­ды­лық­тары», «Қазақстанның ки­елі жер­ле­рі­нің географиясы» жобала­рын жү­зеге асыруға айрықша көңіл бөлінуі бекер емес.

Киелі жерлер картасы

Мақалада атап өтілгендей, шынында да, ел тарихында осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісі бұрын-соңды жасалған емес. Бұл идея­ның түпкі төркіні Алтайдан Арқаға дей­ін созылып жатқан ұлан-асыр жері­міз­­­дегі киелі мекендерді, қасиетті орын­дар­­ды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қа­лып­тастыруды көздейтіні анық. 

Жуырда халқымыздың ұлттық бі­ре­гей­лігінің мызғымас негізін құрау­ды мақсат еткен осындай бірегей ша­ра­лар аясында «Солтүстік Қазақ­стан облысының киелі жерлері» ин­тер­активтік картасының тұсауы ке­сілді. Мұрағат директоры Сәуле Мә­лі­кова осыдан төрт ай бұрын тарихи құжаттар негізінде материалдар жи­нақ­тау, кең көлемде жүргізілген зерттеулер не­гізінде 14 нысан киелі жерлер картасына енгізілгенін жеткізді. 

– Ауқымды жобалар ғалымдардан, өл­кетанушылардан, арнайы құрылған ко­миссиядан мол білімділікті, жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Өйткені, өлкенің киелі жерлерін жүйе­леу бір күннің еншісі емес. Қол­дағы бай де­ректерге қарағанда, карта­ның көлемі ұлғая түсері сөзсіз, – деді  Сәуле Зейноллақызы.

Өңірдің киелі картасына Ботай қонысы, Абылайханның резиденциясы, Сырымбет усадьбасы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіш ке­шені, әулие Петр мен Павелдің шіркеуі се­кілді тарихымен де, сәулетімен де ту­ристерді қызықтыратын қастерлі мұ­ралар екшеліп алынған. Мәселен, ашық аспан астындағы мұражай іс­пет­тес Ботай қонысы көп жылдан бе­рі шетел ғалымдарының да зерттеу обьектісіне айналып келеді. Бұл ау­мақ­та осыдан 50 ғасыр бұрын тарпаң мі­незді жылқы түлігі қолға үйретіліп, арбаға жегілгені, қымыз ашытылғаны әлдеқашан мойындалған. Сол сияқты белгілі ғалым К.Ақышев жетекшілік еткен экспедиция Шал ақын ауданында орналасқан Байқара қорғанынан арғы бабаларымыз скиф, сақ тайпалары өмір сүрген дәуірді дәлелдейтін баға жетпес археологиялық қазбалар тауып, біздің заманамызға дейінгі V ғасыр жәдігерлеріне жатқызылған болатын. Ел жадында «Абылайханның ақ үйі» ретінде жатталып қалған кешенді мұражай да үлкен маңызға ие. Оның іргетасы XVIII ғасырда қаланып, кейін жер­мен жексен болудың аз-ақ алдын­да тұрғанда Елбасының қолдауы арқа­сын­да қалпына келтірілген. 

Тұсаукесер рәсімге жиналғандар 1800 және 1900 жылдары араб, орыс тіл­дерінде жазылып, жергілікті ме­шіт­тер мен шіркеулерде қаз-қал­пында сақтаулы тұрған тарихи метркелік құ­жат­тармен де танысты. 

Иә, халқымыздың баршаға ортақ қа­сиетті жерлерінің біртұтас желісін жа­сау арқылы өскелең ұрпақ бойына ұлт­тық мақтаныш сезімдерін ұялата білу – баршамыздың міндетіміз.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы