Бизнес • 16 Тамыз, 2017

Өткен 6 айда 31 индустриялық жоба іске қосылды

292 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір елімізде индус­трия­лық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағдар­ла­масының екінші бес­жыл­дығы жүзеге асырылу­да. Бұл бағдарламаның нә­ти­жесінде Қазақстанның 2019 жылға қарай ау­қы­м­ды экономикалық көр­сет­кіштерге қол жеткізу қа­жеттігі межеленген. Бүгін­де бұл бағыттағы жұ­мыстар қай деңгейде атқа­ры­лып жатыр? Биылғы жарты­жыл­дықтағы көрсеткіштер қан­дай? Қанша жоба іс­ке қосылды? Осы және өз­ге де сұрақтарымызға Ин­вес­тициялар және даму бі­рін­­ші вице-министрі Алик АЙДАРБАЕВ жауап берді.

Өткен 6 айда 31 индустриялық жоба іске қосылды

– Алик Серікұлы, еліміз­дегі ин­дустрияландыру бағдар­ла­ма­сы­ның жүзеге асырылу барысы қа­лай?

– Елбасының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағ­дарламалардың ішіндегі ел эко­номикасының дамуына тың серпін беретін дәл осы индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасы екені анық. Сон­дықтан, бағдарламаға барынша жан-жақты мемлекеттік қолдау көр­сетіліп, қомақты қаржы да бөлініп келеді. Тиісінше, жетіс­тік­тер де аз емес. Мысалы, бағ­дар­ламаны жүзеге асыру жылда­рын­да 4,7 трлн теңгенің 1 056 жо­басы енгізіліп, 98 мың тұрақты жұ­мыс орны ашылған. Сонымен қа­тар, бағдарлама жобалары 8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Кей­інгі жылдарды айтар болсақ, мә­селен, 2016 жылы 2,2 трлн тең­ге­нің өнімі шығарылған екен. Ал Ин­дустрияландыру картасына ен­гізілген жобалар орта есеппен алғанда ай сайын 180 млрд тең­генің өнімін өндіріп отырған. Бұл түсінген адамға аз көрсеткіш емес. 

Тағы бір айта кететін жайт, картаға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен авто­бустар, трансформаторлар, рент­ген аппаратуралары, жарық-ди­одты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнім­дері және тағы басқалар. 

– Айтқандай, биылғы жыл­дың басында кеңейтілген Үкі­мет отырысында Мемлекет бас­­шысы ИИДМБ аясында кей­­бір келеңсіздіктердің де барын айтып, Индустрияландыру кар­­тасы аясында іске қосылған 72 кәсіпорынның тоқтап тұр­ға­нын сынға алған еді. Бұл кәсіп­орын­дардың қазіргі жағдайы қалай? 

– Сұрағыңызға рахмет. Мен сіз­ге мәселені мейлінше түсіндіріп өте­йін. Индустрияландыру бағ­дар­ламасы қолға алынғаннан бері 1 056 жобаның жүзеге асқанын жоғарыда айтып өттім. Егер, мәсе­леге терең үңілетін болсақ, ке­рек десеңіз дүние жүзіндегі кез кел­ген дамушы немесе дамыған елдерде болсын дәл осындай жо­балар бірден аяққа тұрып ке­те алмайды. Өйткені, бұл на­рық­­тық экономиканың заңы. Мың­да­ған жоба ашылуы мүмкін, бі­рақ соның бәрі жұмысын ой­да­ғыдай жалғастырып кетеді деу өте қиын. Егер мына 72 кә­сіп­орын­ды жүзеге асқан 1056 кә­сіп­орынға шағатын болсақ, бар жо­ғы 7 пайызы ғана екен. Ендеше, бұл жерде өте күрделі мәселе жоқ екенін түсіну қиын емес деп ойлаймын. Сондай-ақ, 1056 жо­баның басым көпшілігі жеке ин­вес­тициялар арқылы жүзеге ас­қанын айта кеткеніміз жөн. Иә, Үкі­меттің кеңейтілген отырысын­да Индустрияландыру картасы аясында іске қосылып, тоқтап тұрған немесе жүктемесі төмен 72 жобаның жүктемесін ұлғай­ту, қызметін жандандыру бойын­ша тиісті шаралар қабыл­дау туралы тапсырма берілді. Со­ған орай, тоқтап тұрған кәсіп­орын­дар қызметін жанданды­ру мен төмен жүктемедегі жо­ба­лар­дың жүктемесін ұлғайту мақ­са­тында Инвестициялар және да­му министрлігі Энергетика жә­не Ауыл шаруашылығы мини­стр­лік­те­рімен, сондай-ақ өңірлер әкім­дік­терімен бірлесіп, әрбір жобамен жұмыстар жүргізді. 

Қазіргі уақытта 64 жоба бой­ын­ша қадамдық іс-шара жол кар­талары бекітілді. Бүгінгі таңда осы жол картасы негізге алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жа­тыр. Ал 8 жоба жұмысын тоқ­татты. Олар бұдан әрі қарай жұ­мыс істей алмайды. Өйткені, оның ши­кізат тапшылығына қатысты, жа­ңа экономикалық талаптарға төтеп бере алмау сияқты бірқатар себептері бар. 

Айта кету керек, бір жыл ішінде жобаларды 50 пайыздан жоғары жүктемеге шығару жөнінде арнайы шаралар қарастырылып отыр. Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «КамАЗ Инжиниринг» АҚ, жүйе құ­рушы кәсіпорындармен және жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді меморандумдар және келісімшарттар жасау, экс­порт нарықтарын із­деу және экс­портты жылжытуда жәрд­ем­десу, стратегиялық серік­тес­тер мен инвесторлар іздеу сияқты шараларды іске асыру қолға алынды. 

Жалпы алғанда, Индустрия­лан­дыру картасы жобаларының жү­зеге асырылуы Инвестициялар және даму, Энергетика, Ауыл ша­руа­шылығы, Ұлттық эконо­мика министрліктерінің, облыстар, Алматы мен Астана қала­ла­ры әкімдіктерінің тұрақты бақы­ла-
у­ында болады. 

– Ал биылғы жылдың алты айы­ның қорытындысы бойын­ша қандай салаларда өсім бай­қалды?

– Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторындағы нақты өсім 6,5 пайызды құрады. Оның ішінде металлургия 7,9 пайызға, мұнай өңдеу 7,2 пайызға, құрылыс материалдары өндірісі 3,7 пайызға, фармацевтика 34,6 пайызға, машина жасау 3,8 пайызға өскен. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долл./адам болды. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 5,3 пайызға артты. Бұдан бөлек, 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде өңдеу өнер­кәсібі экспортының көлемі өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен са­л­ыстырғанда 20,8 пайызға артып, 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім металлургияда 1,2 есе, кокс пен мұнай өнімдерінің 1,8 есе және химиялық өнеркәсіп өнімдерінің 1,5 есе өсуіне байланысты артып отыр. Осы арқы­лы өңдеу өнеркәсібі экспорт құны­ның жалпы үлесі 86,1 пайызды құ­ра­ды. Биылғы бес айда өңдеу өнер­к­әсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 303,1 млрд теңгені құрағанын да айта кеткен артық болмас. Кокс пен мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің қарқынды өсуі нәтижесінде өңдеу секторындағы инвестиция көлемі еселенді. 

Бұл көрсеткіштердегі өсім ди­­на­­микасын жыл соңына дейін жал­­ғастыратын болсақ, саланың даму қарқыны еселене бермек. 

− Сонда өзі бірінші жарты­жыл­­дықта қанша жоба іске қо­сы­лып отыр?

− Биылғы бірінші жарты­жыл­дық­та 25,7 млрд теңгеден астам со­ма­ға 31 жоба іске қосылды және 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Индус­тр­ия­лық-инновациялық даму мемлекеттік бағдар­лама­сы­ның екінші бесжыл­дығын іске асыруда 1,7 трлн теңгенің 258 жобасы енгізіліп, 21 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың бірінші жар­тыжылдығында іске қосылған ма­ңызды жобалардың қатарында Аты­рау облысындағы «Жі­гер­мұ­найсервис» ЖШС ро­бот­тық дәне­кер­леу әдісін қолданатын металл құ­рылғылары өндірісі ұйымы, Жам­­был облысындағы құрғақ құ­ры­лыс қоспаларын, жұқа ұнтақ­тал­ған толықтырғыштар мен гипс өндіретін «Alina Holding» ЖШС зауыт кешен құрылысы бар.

– Келесі жартыжылдыққа да жоспар ауқымды шығар?

– Кез келген шаруа үлкен жос­пармен қолға алынатынын жақсы бі­ле­сіз. Сондықтан, бағдарлама дай­ындалған кезден бастап іске асырылуы тиіс негізгі жобалар жос­парланады. Сол сияқты би­ыл­ғы жылдың соңына дейін та­ғы қанша жобаны енгізетініміз жос­парланған. Мәселен, 2017 жыл­дың екінші жартыжылдығында жал­пы сомасы 1 трлн теңге болатын 100 жобаны қолға алмақпыз. Жобалар іске асқанда 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бұлардың қатарындағы 40 жоба шетелдіктердің қаты­су­ымен іске аспақ. Мұндағы ма­ңыз­ды жобалардың қатарында Павлодар облысындағы темір жол доңғалақтарын өндіретін кешен «Проммашкомплект» ЖШС жә­не «Giessenhaus» ЖШС қо­сын­дыланған алюминий ұйы­мы, Ал­мат­ы облысының Қапшағай қа­ла­сындағы азық-түлік өндіретін зау­ыты «Мареван фуд» ЖШС бар.

Сонымен қатар, Индустрия­лан­дыру картасынан тыс арнайы эко­номикалық аймақтар мен ин­дус­триялық аймақтарда жалпы құ­ны 280 млрд теңге болатын ша­ма­­мен 100-ден астам жобаны іске асырып, 6800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

− Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 
Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»