Білім • 16 Тамыз, 2017

Есілбайлықтар мәдениет үйі болғанын қалайды

791 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғаты ерекше, қалың қарағайлы орман шетінде отырған Есілбай ауылына барып қайттық. Ойлы-шұңқырлы жол дегеніңіз сол баяғы қалпы. «Барайын десем жол шалғай, бармайын десем ел қандай» деген осы. Ауылдың халқы төзімді, осы жолмен күн сайын көршілес Арбиген, Галкин ауылдарының тұрғындары аудан, облыс орталығына барып-келіп жатады.

Есілбайлықтар мәдениет үйі болғанын қалайды

– Жолдан бұрын ауылы­мыз­ға мәдениет үйі керек болып тұр. Жолдың нашарлығына шыдап кел­дік, шыдай береміз де. Өзің көріп тұрғандай, біз алыстағы орманды ауылда тұрамыз. Біз бәріміз ауыл болып «Егеменді» оқимыз, күн­делікті пошта қазір келіп тұра­ды. Бұрынғы аудан әкімдерінің бәрі уәде берді, бірақ Есілбайда мәдениет үйі әлі ашылған жоқ. Осы мәселені енді газетіңе жазсаң, – деді ауылдықтардың атынан сөз алған жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Қисамиден Мақауұлы.

Негізі ауылдың бас көте­рері, әрбір іске бастамашысы, демеушісі де осы кәсіпкер  көрінеді. Ауылда «Қа­зақ хандығының 550 жыл­ды­­ғына» арналған ескерт­кіш­тің ашылуына, «Мәңгілік ел» бей­­­нелі стелласының жасалуына, балалар ойнайтын ойын ала­­ңын жасауға үлес қосыпты. 

Шегірен ауылдық аума­ғы­на қарасты Есілбай ауыл­ында 650-дей адам тұрады. Ауыл­дық­тар­дың дені орманшы, Сейтен орман шаруа­шы­лығында еңбек етуде. Күн­діз-түні қалың қарағайлы ағашты өрттен қорғап, аң-құстарын сақтауға үлес қосуда. Сондықтан, кішкентайларынан қалың ағашқа көз­дері үйреніп, бүлдіргенін, қа­ра­қатын теріп жейтін балалар әке, ағаларының жолын қуып ор­­ман­нан алыс кете алмайды екен. Со­лар­дың бірі – Қобыланды Аты­ғай С. Торайғыров атындағы уни­вер­си­теттің орман шаруа­шы­лы­ғы фа­культетін бітіріп, қазір ша­руа­шы­лықта қызмет атқаруда. 
Ауыл мектебінің алдында ойлана қарап Шоқан Уәлиха­нов­тың мүсіні тұр. Күтім қа­жет-ақ. Жалпы, мектептің сыртқы көрінісі де жүдеу тартып тұр. Мектеп 1992 жылы жаңадан салынып, пай­да­лануға беріліпті. Айтпақшы, 1990 жылы мектептің құрылыс жұ­мыстары тоқтап қалған кезде ауылдың өтінішін арқалап, мар­құм Қайкен Исабек ақсақал Ал­ма­тыға дейін барған. Шегірен кең­шарының директоры Қалау Қаратайұлы осы мектепті салуға бастамашы болып, ауыл көшелерін жөндеп беріпті. Қазір мектепте 77 оқушы білім алуда. 

– Мен осы ауылда туып-өс­тім. Мек­тепте талай жыл мұ­ғалім бол­дым. Осы жақын­да ғана әкім­дік қыз­метке келдім. Бір­лесіп «Ту­ған жер» бағ­дарламасы аясында жұмыс жасай­мыз деп ойлаймын, – дейді ауыл әкімі Жасұлан Әбелдинов.

Ауыл дастарқаны мол, қаймақ, сүт, балқаймақ, құрт, ірімшік, нан-тоқаш дейсіз бе, бәрі жайнап тұр, мал-жан аман. Әттең, қолдары жетпей тұрған әлеуметтік мәселелер – жол, ең бастысы, мәдениет үйі керек. Әкімдер талай жылғы өтінішті орындап, шалғайдағы ауылды қуантса екен дейміз. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Есілбай ауылы