Тәрбие • 16 Тамыз, 2017

Әр сыйлықтың өз орны бар

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әр сыйлықтың өз орны бар

Қолымызға қалам алып осы мақаланы жазуға белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде (26.06.2017) жарияланған «Кәденің қадірін білейік» де­ген мақаласы себеп болды. Онда автор «...Сатып алу­ға домбыра да тапшы, көз­ге қо­раш көрінсе де көк ша­па­ны­ны­ң өзі қат кеңес­тік заман­-ай десеңізші! Сөй­тіп жүріп 90­-жыл­дарға жет­тік. Фосфоры таусылып, бу­дақ­­-бу­дақ түтіні өшкен Жам­был­дың суперфосфат зау­ы­тына шетелден инвестор­лар келе қалсын! Күтіп алу­шылар бір қайнауы ішін­дегі келісімшарттың дүм­­білездігіне қарамастан, қо­нақ­тармен сыйласудың жөні осы­-ау деп шамалап, шетелдіктерге шапан жауып, қолдарына бір-­бір дом­быра ұстатады. Таяу Шы­ғыс­ты бетке алған әуе лай­не­рі Алатаудың иығынан асқан­да мей­мандармен қимай қош­та­­сып тұрған тараздықтар әуе­­жайдың қоқыс салатын кір-­­­кір темір жәшігінде қос дом­быра мен қос шапанның еш­­кімге керексіз үйме-­жүйме жат­қанын білмейтін...» деп жаз­ады. 

Мақаланы оқи отырып, «Қа­зақтың салт-дәстүріне сәй­­кес қадірлі қонақтың иы­ғы­на жабылатын шапаны мен домбырасының қадірін біл­мегендердің қастерлі дү­ние­мізді қор қылғандары-ай!» деп іштей налисың. Мүм­кін, кейбір шетелдіктер қа­зақтың бұл ата дәстүрін, ұлт­тық кәденің қадірін толық ұға біл­меулерінен болған шы­ғар. Бә­рі-бір, әттең-ай... деп күй­іне­сің. 

Қазақтың шапанын қадір тұтып, қазақ елінің азаматы ретінде әлемдік шаршы алаңға шапан киіп шығып жүрген  белгілі боксшылар Генадий Головкин және Қанат Исламға шексіз риза боласың. Қайда жүрсе де туған топырағын, өскен елін естен шы­ғармай, қазақ ұлтының ша­панын ту етіп жүрген азаматтарға көпшіліктің рах­мет­­тен басқа айтары жоқ. Ту­ған жерінің, Отанымыздың на­ғыз патриоттары деп осындай ардақты азаматтарды ата­сақ болады. Оларға ешкім «қазақтың шапанын киіп шы­ғасың» деп нұсқау берген жоқ қой...

Иә, әр ұлттың ғасырдан-ғасырға көшіп, өзімен бірге жасап келе жатқан өз салт-дәс­­т­үрі бар, қонақтарына көр­се­­тетін кәдесі бар. Оларды сақ­­­тап, іске асырғанымыз жөн шығар. Бірақ, кейде оған да сын көзбен, санаға салмақ са­­лып, өзгеше қарағанымыз, ақыл­ға салғанымыз жөн болар. 
Өмірде болып жатқан шын­­дықтың бірі – қандайда бол­­сын тойдың басында «ауы­лы­мыздың ақсақалы», «рулас ағайындардың қариясы», «ел ағасы» деп бата сұрау үшін белгілі ақсақалдарды той төріне шақырады. Той иесі ба­та берген әлгі қарттардың иық­тарына шапан жауып, бас­та­рына қалпақ кигізеді. Кейбір қарт­тарымыз киген шапанын «жұғысты болсын» деп дастарқан басында отырған інілерінің иығына жауып жатады. Өйткені, ай сайын бірнеше тойда болып, бата беріп жүрген қарияның үйін­де шапаннан көп дүние жоқ. Жинай беріп оларды не қылады...

Заманның өзгеруіне, уа­қыт талабына сай ұлттық кә­де­лер де өзгергені жөн-ау деген ой қаузаймыз. Шетелдік қо­нақтарға шапан, домбыра берудің қажеті бар ма? Олар қастерлі қоңыр домбыраның қасиетін біле ме? Оны олар музыкалық аспап деп ұқпай, ағаштан жасалған епетейсіз таяқ, шоқпар ретінде қарауы да мүмкін ғой. Өйткені ол домбырада ойнай алмайды, сондықтан оған керексіз, пайдасыз дүние ретінде қарайды. Журналист Т.Сүйінбай жазғандай, «Попқа баян не керек?».

Қазіргі дүкендерде не көп, әртүрлі сый ретінде ұсы­нылатын әшекей дүние­лер жайнап тұр, тіпті, қызық­ты­рып көз жауыңды алады. Шапан немесе домбыра бе­рудің орнына естелік сувенир­лер, еліміздің қылқалам ше­бер­лерінің картиналарын, зер­­гер-шеберлердің қолынан шық­қан асыл дүниелерін, әсем көркемделген фотоаль­бом кітаптарды сыйлап жат­сақ жақсы емес пе!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры