Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Ізгілікке бастайтын ілім

373 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру – менің түсінігімде әр адамның санасына сәуле жағып, қо­ғамның таным, талғам, түсінігіне өзге­ріс әкелу. Себебі, қаншама дүбірлі дода, көр­некі шара, тарихи-мәдени, әдеби нәр­селер жасалса да, ол мәселенің сырт жағы ғана, жылтыраған қабығы ғана болып қала бермек.

Ізгілікке бастайтын ілім

Соның бәрін көретін көзі, ұғатын жаны, сараптап қабылдайтын пайымы бар қоғам болмаса не жаңғырады, шулап жүріп нені жаңғырта аламыз?!. Бұл бағдар, бұл бағыт құр науқанға, дабы­ралы мерекеге көнбейді. Бұл әріден ой­лап, беріде жұмыс істеп, нәтижесін бо­лашақтан күтетін үлкен сана төңкерісі.

Жасыратыны жоқ, заман ырқына қарай адам өзгерді. Қарым-қатынас, көзқарас, тəр­тіп, тал­ғам... бəрі басқаша қазір. Жə­не жақсы жаққа қа­рай емес, ке­рісінше кетіп бара жатқандай. Ел­ба­­сының көк­­се­гені – осы жағ­дайды оңалту, сол ар­қы­лы ор­та­мызға рухты оралту. Ар-ож­­дан қадалары дұрыс қа­ғыл­ған жəне шай­қал­мас­тай нық тұр­ған қоғамда ғ­ана мамыражай өмір орнамақ. Өкінішке қарай, сол қа­дал­арымыз құлау­дың алдында тұрған си­яқ­­ты көрінеді маған.

Не істеу керек? 

Ең бірінші, мектептегі тəрбие жұмысын қада­ға­лау керек. Қадағалайтындардың өздері дұрыс адам­дар, яғни ұлттық тəр­бие­нің уызына жарып өс­кен, өзінің ада­ми-имани қасиеттері сыннан өтіп тұр­ған, түсінігі бар адамдар болуы керек. Қа­ғ­аз­дың бетімен емес, адал ниетімен жұ­­мыс істей алатын кадрлар майданға шы­­ғуы керек. 

Иə, бұл – майдан.

Шынайылық пен жасан­дылық, ұлт­жан­­дылық пен қан­сыздық бетпе-бет келген рухани май­дан.
Біраз жыл мектеп басқарып, ұлттық тəрбие маңыздарын ұл мен қыздың санасына сыналап сіңіру мақсатын алдыма қойып еңбек еттім. Ұжым­ды да соған жұмылдырдым. Халық жоғы та­­был­­ған­дай қуанды, мықтап қолдады. Нə­ти­­же­ле­рді сараптауға көмектесіп, осы мек­тепте оқып жүрген бала­л­арының бойы мен ойын­дағы өзге­ріст­ерді талай ата-аналар жиналыс­тарында əң­гі­мелеп бе­ріп жүрді. Студент бол­ғандар кей­ін «Се­н­дерді қа­лай тəрбиелеп тастаған» деп қатарластарымыз таң қалады деп күліп айтып кетіп жүрді. Сондағы менің əсі­ресе қадағалайтыным – адамгершілік, пей­іл тəрбиесі еді. Халық даналығының бастауынан бас алдырмай «суғарып» отыру. Шешен де, уағызшы да, «көрнекі құрал» да болуға тура келді. Бірақ, сана­­ны қалыптастыруда да, мақсатқа жетуде де ең негізгі қару − тəрбие екен­ді­гіне көзім жетті. «Май­дан» дейтін се­бе­бім, өзінен басқаша ойлап, қағазды бас­қаша жазғанды кем яки дұрыс емес адам­ға санайтын «шо­лақбелсенділермен» ар­­па­­лы­­суға да тура келіп жатты осы жолда...

Екіншіден, тəрбие – өте күр­делі, көзге кө­рінер-кө­р­інбес­тей мысқалдап сіңірі­ле­тін ұзақ мерзімді жоба.

Оған дейінгі «сірісі қисық басылып кеткен» мынау қи­сық қалыптағы ересек­тер­ді қай­теміз, ал? 

Міне, осы жерде заңның көмегі керек. Мем­ле­кеттік мекемеде істейтін адам­дар­­дан талап еті­ле­тін арнайы адам­гер­­шілік кодексі болуы керек. Қоғамдық кеңес­тер­дің аясы кеңейтіліп, қоғамның өз ық­палы, талап-тəртібі қалыпқа ке­ле­тіндей тетіктер ойластырылуы қажет.
Адам қарауға ұялатындай бюрократ, өркөкі­рек, зиянкес мамандарды тезге салып, бағалап оты­ратындай күнге жетуіміз керек. Біз кешегі өт­кен ағалардың ізгілігін неге жоқтаймыз? Себе­бі бүгінгі күн сол ізгі­лікке зармыз. Абзал­дық­ты пір тұт­қан аза­мат­тарымыз сау­сақпен санарлық қа­на. Ба­ра-бара олар да болмай қала ма деген де қау­пім бар. Себебі сондай адамдар көбіне көре алмау­шы­лықтың, қысастықтың құрбаны болып кетуде.
Қысқасы, рухани жаңғыру сыртқы көрініспен емес, ішкі мазмұнмен ба­ға­ла­нады. Ішіне үңіліп көрейікші қоға­мы­мыздың да, өзіміздің де.

Дариға МҰШТАНОВА,

Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері, 
айтыс ардагері

Орал