ЭКСПО-2017 • 17 Тамыз, 2017

Дәстүрге берік фиджи

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде орналасқан Фиджи Республикасында небәрі 100 мыңдай адам тұрады.

Дәстүрге берік фиджи

Осындай шағын елдің ЭКСПО көрмесінде тіккен павильоны да шағын – бар-жоғы 18 шаршы метрді құрайды. Кеше осы елдің ұлттық күні өтіп, оған премьер-министрі Джосайа Вореке Байнимарама және Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысты.

– ЭКСПО аясында өткізіліп жатқан ұлттық күндер халықаралық мәдени байланыстардың дәнекері ғана емес, елдердің өзара сенімін нығайтатын маңызды тетік. Осындай күндері біз белгілі бір елдің салт-дәстүрімен етене танысып, олардың рухани-мәдени әлеміне де терең бойлай түсеміз, – деді Сыртқы істер министрі.

Қазақстан мен Фиджи арасындағы дипломатиялық байланыс 2012 жылдың 6 маусымында орнаған. Қысқа мерзімге қарамастан екіжақты қарым-қатынас жоғары деңгейге жетіп, алыс-беріс көбей­ген.

Ал Фиджидің премьер-министрі: «Мен Қазақстанмен жарасымды байланыс орнатқанымызды, өзара қарым-қатынасымыз нығайып келе жатқанын көрсеткім келіп, арадағы алыс жолға қарамастан ғаламшардың сонау шетінде жатқан алыс мұхиттан ұшып келдім», дей келе, жұртшылыққа өз елі жөнінде баяндады.

Фиджи – баламалы энергияны тиімді пайдаланатын мемлекет. Мұндағы әлеуметтік нысандардың барлығы күн энергиясынан қуат алады екен. Ты­нық мұхит плазасында орналасқан ел­дің сұлулығына тәнті болу үшін жылы­на миллиондаған турист осында ағы­ла­ды.

«Біз табиғатты қорғауды ең бас­ты мақсатымыз санаймыз. Елімізге әке­лі­нетін жобалардың алдымен экологиялық қауіпсіздігіне көз жеткізіп аламыз. Сыртқы ортаға зиянын тигізбейтін шараларды ғана бе­кітеміз. Осы арқылы біз әлемге таби­ғат­тың адамзат үшін қаншалықты құнды екенін дәлелдік», дейді Фиджи премьер-министрі.

Фиджи жаңғырмалы энергия көзде­рі­не ерекше қызығушылық танытады. Себебі, бүгінде Фиджи импортталған қазба отынға жылына миллиардтаған доллар жұмсап отыр. Енді олар 2030 жылға қарай су, жел және биоотынға біржола көшуді өздеріне мақсат етіп, көміртек шығындарын 30 пайызға қысқартпақ.

Бұдан кейін фиджиліктер құрметті қонақтарға көрсететін «Тама» сәлем салу рәсімін жасады. Байқағанымыз, фиджи – өте ырымшыл әрі дәстүрге берік халық. Мінездері ашық-жарқын, ән мен биге бейім болғанымен, әр нәрсені баптап, бипаздап жеткізгенді жөн көреді екен. Бір сәлем салғанының өзі бір сағатқа созылды. Одан кейін ерекше қонақтар мен қолбасшыларға арналған «кава» рәсімін өткізді. Бұл дегеніңіз, сол қонақтың енді «бөтен емес, өз адамы болғанын» білдіретін қасиетті рәсім. Осы арқылы фиджиліктер қазақтарды өздеріне дос тұтатынын білдіріп, қошемет көрсетті.

Ұлттық күн әдемі ән мен билерге ұласып, фиджиліктер тек өздеріне ғана тән ерекше әуендерімен айналаны мейірім шуағына бөледі. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар