«Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, 2016 жылы демалысын шетелде өткізгендер арасында Түркия танымалдыққа ие. Былтыр шетелге шыққан қазақстандықтардың 19 пайызы Анадолыға қыдырып барған екен. Отандастарымыздың келесі таңдауы Біріккен Араб әмірліктеріне түсіпті. Абу-Дабидің кереметіне тамсануға аттанғандар туристердің 17 пайызын құраған. Таиланд та қазақстандықтар арасында танымал (8,1%). Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі (32%) Еуропаның салтанаты жарасқан көне қалаларын тамашалап, Жерорта теңізінің суына шомылуды жөн деп тапқан көрінеді. Әйтсе де, шетелге ағылған туристердің қарқыны бұрынғыдан басылған. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2015 жылы алыс-жақын елдерге аттанғандар саны 11 миллионнан асыпты. Былтыр бұл меже 9,8 миллионмен тоқтаған болатын. Соның ішінде демалуды мақсат етіп шетелге кеткендер саны 200 мың көлемінде ғана. Есесіне, «тоғызыншы территорияны» тамашалауға келгендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 79 мыңға ұлғайыпты. Демалу мақсатымен келгендердің саны 50 мыңның шамасында.
Әлемдік экономикалық форумы ұсынған Travel and Tourism Competitiveness Report 2017 рейтингінде Қазақстан 81-орынға жайғасып, 2015 жылғы тізімге қарағанда 4 саты көтерілген. Алайда аталған рейтингте табиғаты тамаша болғанына қарамастан, Қазақстандағы туристерге қызмет көрсету сапасы төмен саналады. Мәселен, таза ауыз су деңгейі бойынша еліміз 6-орында. Есесіне демалуға кететін қаржының аздығы жөнінен Қазақстан алдыңғы қатарда. Ranking.kz сайтының есептеуіне сүйенсек, шетелдік мейман бір күнге 11,3 мың теңге жұмсайды екен. Алайда, қонақтарды көлікпен қамтамасыз ету, қызмет көрсету саласында еліміз Әлемдік экономикалық форумның төмен балын иеленген. Табиғи байлығын туристік нысанға айналдыру жөнінен де «тоғызыншы территория» көп мемлекеттен артта қалып қойыпты.
Шабаданын құшақтаған жиһанкездер азайғанымен, отандық туризмнің тасы өрге домалауды. 2016 жылы 3,5 миллион адам еліміздегі туристік нысандарды аралап шыққан. Әсіресе, Алматыдағы демалыс орындарына деген сұраныс өте жоғары (236,6 мың). Бурабайдың баурайында тынығып қайтуды дұрыс көргендер де аз емес (127,3 мың). Халық арасында танымал тағы бір мекен Алакөлге 96,2 мың адам қыдырып барған. Ішкі туризм бойынша биыл қаңтар-наурыз айларында 760 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы осы уақыт аралығына қарағанда 65 мыңға көп.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де туризмді дамытуға үлкен әсер етіп отыр. Қазірге дейін көрмені 2,5 миллион адам тамашалап үлгерді. Соның 10-15 пайызы алыс-жақын шетелден келген қонақтар. Былтыр алыстан ат терлетіп келген меймандардың саны 730 мың шамасында болған еді. Биыл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің арқасында еңселі елорда мен Қазақстанға келетін шетелдіктер саны 1 миллионнан асады деп күтіліп отыр. Соның нәтижесінде туризм саласына түсетін қаражат көлемі де ұлғаяды.
Туризм саласы көп ел экономикасының қозғаушы күшіне айналса да, қаптаған қонақтардан зәрезеп болғандар жетерлік. Таяуда Еуропаның бірқатар елінде туристерге қарсы наразылық шеруі өтті. Ең әуелі Венеция тұрғындары меймандарға жылы ықылас танытпай, жаппай наразылық акциясына қатысқан еді. Кейінірек венециялықтардың әрекетін басқа қала тұрғындары іліп әкетті. Барселона қаласының оңшыл жастары қала көшелерін қиратып, әр жерге «туризм достықты бұзады» деп жазып кетіпті. The Guardian газетіне сұхбат берген шаһар әкімшілігінің бизнеске жауапты өкілі Санти Виланың айтуынша, мұндай әрекеттер Барселонаның имиджіне нұқсан келтіреді. Алайда оған бас ауыртайын деген каталониялықтар жоқ. Шаһар тұрғындарының наразылығының өз себебі бар. Мысалы, жыл сайын Барселонаға 32 миллион қонақ келеді. Соның нәтижесінде, қала көшелері құжынаған адамға толып, тұрғын үй құны шарықтап кеткен. Испаниядағы жағдай Еуропаның басқа елдерінің де бас ауыртар мәселесіне айналды. Италия, Хорватия секілді бірқатар мемлекеттер турист ағымын азайтудың қамына кірісіп кетті.
Есесіне, бағытын қарт құрлықтан басқа жаққа бұрушылар көбейген. The World Bank деректері бойынша, қазірдің өзінде Азия елдеріне келетін меймандардың саны күрт артқан. Осы орайда, Қазақстанға туристерді тартудың түрлі тәсілдерін жоспарлап, аталған саланы дамытуға күш салу керек екені айтпаса да түсінікті.
Абай Асанкелдіұлы,
«Егемен Қазақстан»