Солай, Дәуренмен жолықтық. «Жылқы кісінескенше, жақсы адам сөйлескенше» деген ғой. Болашақ кейіпкерімізбен әп-сәтте әңгімеміз жарасып жүре берді.
2009 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде өтеген Дәурен, кейін сол әскери құрылымға «тастай батып, судай сіңген екен». Яғни, әскерден соң қызметін келісімшарт негізінде жалғастырған. Содан бері елім деген азаматтың саналы ғұмыры ел қорғау ісімен сабақтаса өрбіп келеді. Осы уақытқа дейін Дәурен Ұлттық ұланның кіші буын командирлеріне тиіс қандай лауазымды атқармады десеңізші. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының арнайы және әскери тасымал бөлімінде қызмет етеді. Жақында алғашқы офицерлік шенін алуға ұмтылып отырған жайы бар. Ол қандай лауазымдарда қызмет атқармасын, ең әуелі қыңқ деп қиындыққа мойымай, Отан үшін адал еңбек етіп келеді.
Дәурен осы күнге дейін Отан қорғау жолындағы қызметін айрықша ынтамен атқарып, адалынан абырой биігіне көтерілген азаматтар санатында. Оның ашықтығын, көпшілікке көмек қолын соза білетін жарқындығын, өз қызметін жетік білетін біліктілігін әріптестері құрмет тұтады. Үздік қызметі үшін бірнеше рет жоғары басшылықтың марапатына ие болған.
Темір жол қызметі саласының ішінде арнайы және әскери тасымалдау ісінің көтеретін жүгі қашанда қомақты. Бөлім басшылығының айтуынша, сержант Дәурен Омаров өз ісін жетік білетін маман.
«Қызметіме келер болсақ, біздің міндет тікелей темір жолмен байланысты. Біздің еліміз өздеріңізге белгілі, айналасында теңіз жолдары жоқ, құрлықішілік тасымалға ие ел. Сондықтан да бүкіл елдегі тасымал негізінен темір жол және автожолдар арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде темір жолдың жүк жеткізу үлесі 100 пайыздың 73 пайызына дейін.
Біз осы көлік түрінде арнайы және әскери тасымалды үйлестіреміз. Біздің қызметке еліміздегі кез келген мекеме арнайы тапсырыс беру арқылы жүгінеді. Мәселен, шекара қызметі өздерінің құрылымдық бөлімшелеріне әртүрлі жүктерді жеткізуге, ал Ұлттық банк валюта тасымалын ұйымдастыруға тапсырыстар беріп жатады. Көріп отырғандарыңыздай, біздің жүк тасымалына артылған жауапкершілік зор. Ол біріншіден, сол тасылатын жүктің маңыздылығына, сонымен бірге оның мемлекет үшін стратегиялық мәніне байланысты. Одан басқа, адамдарды темір жол арқылы тиісті жерге жеткізу, әскери техника, Қарулы Күштерімізге қатысты кез келген тасымал ісін біз атқарамыз. 2009 жылға дейін біз Ішкі істер министрлігінің құрамында болдық. Сол жылдан бастап біздің қызмет бүгінгі Ұлттық ұлан құрамына енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі үшін ведомствоаралық жүргізілген реформа нәтижесі болып табылады.
Арнайы және әскери темір жол жүк тасымалы қызметіндегі аса жауапты іс бұл – қауіпсіздік шараларына әрдайым бекем болу. Ол дегеніміз, тасымалданушы жүктерді, пайдалану техниканы қауіпсіздік талаптарына сай жабдықтау, мамандарға қауіпсіздік ережелерін ұдайы оқытып-үйрету. Қазіргі таңда бұл мәселелер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тасымалға қатысты бөлімшелерінде толықтай шешімін тапқан. Жыл сайын мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін жетілдіріп отырамыз. Мұның сыртында «Қазақстан темір жолы» АҚ мамандары қажетті әдістемелік көмектерін ұдайы көрсетіп тұрады», дейді ол қызметі жайлы.
Қорыта айтқанда, сөзі мен ісі бір арнада қабысқан жандарды сертке берік азамат дейміз. Олар әрқашанда бір сөзді келеді. Қиналыс танытпай, ел үшін жүгіне қызмет атқарды. Халқымыз айтатын «Ердің ісі – келіс» деген де осы. Тәуелсіз елдің тұғырын тіктеп, кемел келешекке нық қадам басуына да осындай нар азаматтардың ақ-адал еңбегі бірден-бір себепші екені анық. Олардың қатарынан Дәуреннің де орын алары рас.
Арман ӘУБӘКІРОВ,
журналист
Алматы