Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Біз мектепке барамыз

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биыл 12 мыңға жуық бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова хабарлады.

Біз мектепке барамыз

2017-2018 оқу жылында өңірде 381 мем­лекеттік күндізгі жалпы білім бере­тін мек­тепте 94 мыңнан астам оқушы білім ала­ды деп күтілуде. Өңірдегі мектеп саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 3 бірлікке азайған. Қазталов ауданында Хайруш және Саралжын бастауыш мектептері, Теректі ауданындағы Қандық бастауыш мектебі оқушы саны азаюына байланысты жабылды. Оқушы саны тұрақты көбейіп, дәрежесі жоғарылап жатқан білім ордалары да бар. Мысалы, Ақжайық ауда­ны Атамекен ауылын­дағы М.Өте­місов атындағы негізгі мектеп орта мек­тепке айналды. Енді бұл мектепке жаңа ғимарат керек. Жарты ғасыр бұ­рын салынған көне мектеп ғимаратының жағ­дайы сын көтермейді.

Дәл қазір облыста 9 білім нысаны­ның құ­ры­лысы жүріп жатыр. Мәселен, Орал қала­сының Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындық 2 мектеп, Қашаған кентіндегі Сарытау шағын ауданында 900 орындық мектеп Ұлттық қор есебінен жаңадан салынса, Орал қаласында №4 мектептің апат­ты жағдайдағы ғимараты да қайта көтеріліп жатыр. Бұл құрылыстың бәрі де биылғы қараша-желтоқсан айларында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық ин­тер­натымен 300 орынға арналған мектеп ғимараты салынып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауылындағы 100 орындық мектеп жанындағы интернат пен Бөрлі ауданының Кеңтүбек ауылындағы 50 орындық балабақша ғимараттары тұрғызылуда. Ал Бөрлі ауданының Аралтал ауылындағы 300 орындық және Ақжайық ауданының Шардаршап ауылындағы 198 орындық мектептер ше­тел инвестициясы есебінен салынып жатыр. 

Бұған қоса, жергілікті бюджет есебі­нен 12 білім беру нысанына жалпы сома­сы 1241,0 млн теңгені құрайтын күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, дейді Зәуре Базарғалиқызы. Қазіргі таңда 5 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Білім мекемелерінің 71%-ында жылыту жүйесінің алдағы қыс мау­сымына дайындығы тексеріліп, бұл жұ­мыс әрі қарай жалғасуда.

Өңірде 2016 жылдан бастап жара­тылыс­тану-математика бағытындағы пәндер бойынша 563 педагог жергілікті бюджет есебінен ағылшын курстарында білімін жетілдірген. Енді осы пәндерді ағылшын тілінде оқыту эксперименті жүргізілетін мектептердің тізімі анықталып, 13271 дана ағылшын тіліндегі оқулық пен оқу-әдістемелік кешенге тапсырыс берілген. 

– Облысқа қажетті мектеп оқулық­тарын са­тып алу үшін жергілікті бюджеттен 2 334,9 млн теңге бөлінді. Жаңар­тылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2, 5, 7 сыныптардың барлық оқу­лы­ғы, мек­тепалды даярлық, арнау­лы мектеп оқу­лықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтар және қорды толықтыру бағытында барлығы 1 244 000-нан астам дана оқулық пен оқу-әдіс­темелік кешендерге тапсырыс берілді. Бас­палармен келісімшарттар жасалып, оқу­лықтарды тасымалдау басталды. Қазіргі таңда оқулықтардың 20 %-ы аудандар мен қалаға жеткізілді. Оқулықтарды тасымалдау тамыз айының 30-ына дейін жүргізіледі, – дейді білім басқармасының басшысы. 

2016-2017 оқу жылында облыстың білім беру мекемелерінде 21 850 педагог, жалпы білім беретін мектептерде 11 971 мұғалім қызмет еткен еді. Өткен оқу жы­лының соңында 105 педагогикалық қызметкер тапшы болған. Қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»
 
Батыс Қазақстан облысы