Суретші піл
Сергей МИХАЛКОВ
Суретші піл сурет салды
табиғатты бейнелеп.
Көргеннен соң «Керемет қой!»
дей ме деп,
Шақырды кіл достарын
сурет қойған бөлмеге,
Біліп алып бағасын,
Ұсынбақшы көрмеге.
Келді бәрі,
Кемшілігін суреттің
Қолтырауын ә демей-ақ аңдады:
«СуретіңдеНіл өзені жоқ, – деді, –
Неге оны салмадың?».
«Маңызды емес ол өзеннің
жоқтығы, –
Деді итбалық,
– Мұздық қайда, қар қайда?!
Оларсыз бұл суретіңнен не пайда?»
Одан кейін қатал әрі қырағы
Көртышқан да суретшіні сынады:
«Мұздық түге ескерілмей әу баста,
Қалыпты тыс
назардан –бау-бақша».
Осы сәтте қорсылдады дәу шошқа,
Көрініп тұр кезек күтіп қалғаны:
«Сурет жақсы! – деді, –
орны бір бөлек,
Ұмыт қапты, әттең,
емен жаңғағы».
Суретші піл бар пікірді тыңдады,
Тыңдады да көп ойланып тұрмады.
Бақша, емен,
өзен, қар, мұз, балды да
(Аю келіп, балды жоқтап жүрер деп)
қоса салды суретіне,
қылқаламын бояуына малды да...
Келді тағы аң-достары
біткен істі көруге,
және оған әділ баға беруге...
Қарап олар
«табиғаттың» суретіне осынау,
«Сурет емес, – десті пілге, –
қойыртпақ қой, досым-ау!».
***
Суретші дос,
Мына пілге ұқсама!
Түйін сөзім қысқа әрі нұсқа да:
Өз талғамың,ұстанымың болмаса,
Бар өнерің – далбаса!
Аударған
Абатбай КІРҚАБАҚОВ
АЛМАТЫ
Атақты «маскүнеммен» сұқбат
− Аса құрметті Күндемас Басжазарұлы, сіздің атақты маскүнем екеніңізді бүкіл қала жұртшылығы жақсы біледі. Айтыңызшы, не үшін іше бересіз?
− Өте орынды сұрақ. Бірақ неге іше беретінімді өзім де білмеймін.
− Кейбір маскүнемдерден неге іше бересің деп сұрасаң, «іш, іш» деп шайтан түртіп тұрады, − дейді. Сізді шайтан түртпей ме?
− Шайтан дегенмен шаруам жоқ.
− Шайтан түртпейтін болса, неге іше бересіз?
− Ой, сіз түсінбейсіз ғой. Мен тектен-текке ішпеймін.
− Сонда енді не үшін ішесіз?
− Мен елдің, жердің, қоғамның жағдайын ойлағандықтан ішем ғой. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз?
− Анығырақ айтсаңыз.
− Мен енді бәрін тізе бермей, қатты ішіп кеткен кездерімді айтайын. Сонау бір жылы банкке салған ақшамның 500 мың теңгесі күйіп кетті. Өліп-тіріліп жинаған ақшам ғой. Сосын мен де күйіп кеттім. Әйда, сілтедім кеп. Естен танғанша іштім.
− Енді сіз сілтеді екен деп, банк ақшаңызды қайтарып бермейді ғой.
− Мәселе банкте емес, мәселе Үкіметте болып тұр ғой. Біздің Үкімет көк тиын да қайтарып берген жоқ. Сосын сілтедім. Өшімді «ақаңнан» алдым. Әйтпесе, сілтеп жыным бар ма?
− Иә, содан кейін.
− Біз өзі қаланың шетінде тұрамыз, мал ұстаймыз. Бірде қорадағы бұзаулы сиырымды, құлынды биемді бір түнде ұрлап кетті. Сотқа арызданып едім, сот: «Сіздің бар малыңызды елімізде әбден байып, Англияға былтыр қашып кеткен атақты жемқор Жайынбай Қарынбаев ұрлапты. Соны сыртынан соттап, 15 жылға үкім шығардық», − дейді.
− Ау, айналайын, сот-ау, менің малым былтыр емес, бір ай бұрын ғана ұрланған десем, «жоқ, былтыр ұрланған, біз атақты бақсыға бал аштырдық, Англиядағы Қарынбаев ұшақпен келіп алып кеткен» деп бет бақтырмайды. Ал енді осындай сотқа қалай күйіп кетпейсің, қалай ішпейсің?
− Сіз ішкенде сот басқа үкім шығарар дейсіз бе?
− Сот басқа үкім шығармайтынын білген соң ішкен жоқпын ба? Әйтпесе, ішіп жыным бар ма?
− Иә, содан кейін.
− Осы менің маскүнем болуыма теледидар деген «пәле» кінәлі. Содан небір «қызықты» көремін де, ішемін кеп.
− Қандай қызықты айтып отырсыз?
− Ой, қызық көп қой. Мәселен, жоғарыдағы атасақалы аузына біткен қазақтардың қазақша сөйлемейтіні, сөйлей алмайтыны қандай қызық.
− Енді олар қазақшаны басқа ұлт өкілдері түсінбейді деп ұялады ғой.
− Иә, сол ұялғанының өзі қандай қызық десеңші. Біздің биліктегілер өте ұялшақ. Үкіметтің мәжілісін қараңызшы. Бірыңғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлейді...
− Күндемас Басжазарұлы, сонда сіз қазақша сөйлемейтін Үкімет үшін ішпейсіз бе?
− Неге ішпеймін, ішемін. Маған сылтау керек. Мен қазақшаға аузы қисаймайтын ұялшақ министрлер мен әкімдер үшін де, жоғары лауазымды шенеуніктер үшін де, теледидардан қазақша қойған сұраққа орысша жауап беретін ұялшақ кемпір-шалдар үшін де ұялыңқырап отырып, іше беремін. Осылар мені әбден маскүнем етіп болды.
− Сонда сіз бұларға күйінгеннен ішесіз бе, жоқ әлде сүйінгеннен ішесіз бе?
− Бірде күйінгеннен, енді бірде сүйінгеннен іше беремін.
− Күйінішіңіз көп пе?
− Көп қой, көп. Қазақ көші неге тоқтап қалды деп күйінемін, жетім қазақ балаларын жылатып, неге шетелге саттық деп күйінемін, қолжетімді баспанаға неге қол жетпейді деп күйінемін, мыңдаған қазақ қыздары неге байға шыға алмай жүр деп күйінемін, өмірімізге нәр беретін, сән беретін стратегиялық маңызы зор нысандарды неге кәріс, қытай үндіс сияқты жатжұрттықтарға беріп қойдық деп күйінемін, құдай жаратқан жерімізді, көлімізді, тауымызды, орман-тоғайымызды неге жекеге саттық деп күйінемін. Ой, мен күйінетін нәрселер көп қой, көп.
− Сонда осылардың бәрі үшін күйініштен іше бересіз бе? Жанып кетуіңіз мүмкін ғой.
− Әрине, оңай емес, денсаулық та дал-дал болды. Сонда да, ішпесем − мұрным қышиды, табаным ысиды, шекем тырысады, арқам құрысады, қолым қалтырайды, буыным сырқырайды, тізем дірілдейді, көзім іріңдейді, тамағым құрғайды, басым қалтылдап, бір «орнында» тұрмайды.
− Астапыралла, астапыралла! Не деп кеттіңіз? Неге доқтырға көрінбейсіз?
− Ау, айналайын, оның емі «анау» ғой, «ақаң» ғой. Қырлы стақанмен біреуін қылғытып жіберсем, «манағының» бәрі қоя қояды, жым болады.
− Денсаулығыңыз дал-дал болса, қоймайсыз ба?
− Жо...жоқ, қоймаймын, қоя алмаймын. Мен шенеуніктер таза қазақша сөйлегенше, бойдақ қазақ қыздары түгел байға шыққанша, Англияға ұрлап әкеткен малдарымды қайтарып бергенше, іше беремін, іше беремін, іше беремін...
Дамир ӘБІШЕВ
Қостанай
«Жасыңыз үлкен ғой»
«Айқын» газетінің бір топ журналистері түскі асқа бармақ боп кафеге қарай беттейді. Асхана Желтоқсан көшесінің арғы бетінде орналасқан. Бәрі жолды жаяу жүргіншілер өтетін жермен қиып өтпек болады. Ол жерде бағдаршам болмағандықтан, ағылып жатқан көліктердің алдын кесіп өту – өте қауіпті. Сонда қашанда әзілі әзір жүретін Ермахан замандас ағасы Жолдасбек Дуанабайға қарап:
– Жөке, жасыңыз үлкен ғой, өзіңіз бастаңыз, – деген екен жолды нұсқап.
«Аққу ұшырып, қаз қондырамын»
«Айқын» газетінің жауапты хатшысы Асқар Алтайұлы қаламақы қойылған қағаздарға қол қойдыру үшін Ермахан Шайхыұлына келеді. Ол қолын шиырып тұрып қойып береді.
– Сіздің қолтаңбаңыз министрлердікіндей ғой, – деп тамсанады Асқар Алтайұлы. Сонда Ермахан:
– Е, мен қолтаңба арқылы аққу ұшырып, қаз қондырамын, – деген екен.
Қажының қалжыңы
Жаратқан ием жар болып, Ермахан Шайхыұлы үлкен қажылық парызын өтеп қайтады. Әзілдемесе жүре алмайтын әдетіне басып, қасиетті жерге аяғы тие салысымен Ерекең уатсап арқылы үйіне: «Қажыны мазаламаңдар. Дүние істеріне араласпаймын» деп сәлемдеме жазады да хабарласпай қояды. Арада апта өтеді. Бір күні зайыбы Күлайша хабарласып, Қалдыгүл әпкесінің күміс тасбих алып келуін өтініп жатқанын айтады. Ерекең қуана келіседі. Ертесіне Нәзік қызына кимешек пен көйлек ала келуін тапсырады. Ерекең оны да құп алады. Күлайша апай тағы бірде хабарласып, Мұхаммед пайғамбарымыздың өз қолымен еккен «Ғаджуа» атты құрма ала келуін сұрайды. Ерекең ол құрманы алып қойғанын айтады. Сөйтеді де жанындағы Сәкен Сыбанбай мен Есей Жеңісұлына қулана күліп:
– Күлайша апай Айша анамыздың менюін тауып алмай тұрғанда бұл жерден кетіп қалу керек еді,– деген екен әзілдеп.
Әдеби қажылық
Ермахан Шайхыұлы қажылық парызын өтеуге асыл ағалары Әбдіғаппар Сыбанбай мен Аманхан Әлімұлы және алғыр інілері Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңісұлы, Мақсат Мыхыбаевпен бірге барады. Ұлы сапардағы игі де ізгі амалдарды ылғи да бірге жүріп атқарады. Сәл қолдары босай қалса өткен-кеткенді айтып әзілдеседі. «Данышпан жеңешемнің ақылы таусылып қалып, Аманхан ағама қиын болып жүр-ау» деп Аманхан ағамызды қажап қалжыңдасады. Аманхан ағамыздың қожа екендігін астарлап, оған «Местный жігіт» деп ат қойып, айдар таққан да – Ерекең. Сондай қол босай қалған кездің көбісінде Аманхан ағамыз тек әдебиет төңірегінде ұзақ сонар әңгіме айта берсе керек. Соны меңзеген Ерекең жігіттерге көзін қысып қойып:
– Осы Әбекең әдеби қажылыққа келген-ау шамасы,– деген екен.
Ермахан Шайхыұлы атындағы грант
Ермахан Шайхыұлының Мағауия атты ұлы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Осы жағымды жаңалықты естіген әріптес інісі Есей Жеңісұлы Ерекеңді қызу құттықтап, ізгі тілек-ниетін білдіреді. Ерекең де оған алғысын жаудырып, жұғысты болсын айтады.
– Айтпақшы, інішек грантқа түскен шығар,– дейді Есағаң сауалын нақтылай түсіп.
Сонда Ермахан жанындағы Асқар Алтайұлына көзін қысып қойып, еш саспастан:
– Иә, ол Ермахан Шайхыұлы атындағы грантқа түсті ғой,– деген екен қаржысын өзі төлейтінін меңзеп.
Бану ШАЛОВА
АЛМАТЫ
Түкпірдегі «тұщы» тіркес
Түкпірде тіршілік етіп жатқан пенде бір күндері Мәскеуге барып келіпті де ел-жұрт ортасында отырып: «Е, Мәскеуге барып, санама сана қосылды. Мәселен, Карл Маркс, Фридрих Энгельс дегендерің біз ойлағандай төртеу емес, ал «Жасасын КПСС» деген тіптен адам емес екен» депті.
* * *
Түкпір тұрғыны ғұмырында берідегі орыс ауылына келіп, аралап жүріп құдық басында тұрып:
– Жер астындағы судың дәмі қандай болады? – деп сұрайды.
– Ғажап! Бұл құдықтан менің арғы атам да су ішкен.
– Ойпыр-ай-ә, аталарыңның мойны соншалықты ұзын болған болды ғой...
Ақыл айтайын ба?
- Пайдалы кеңестер:
- Әйелдерді басқарудың екі әдісі бар, бірақ оны ешкім білмейді.
- Жақсы әңгіме жұмыс күнін қысқартады.
- Кешке кездескен қыздан: «Таңертеңгілік шайды бірге ішуге қалай қарайсыз?» деп сұра.
- Қысқартуға ұшырауы мүмкін мемлекеттік қызметкерге психологиялық кеңес: «Қысқартуға бойыңызды үйрету үшін алдымен шашыңызды, сосын шылым шегіп, арақ ішуді, үйге не болса соны алуды, бастығыңызға ғайбат сөз айтуды және күні-түні қыдыруды, қонаққа баруды әрі оларды шақыруды қысқартыңыз».
- Көрші жігіттердің әңгімесінен:
– Ауылдан атам келіп еді, «Киноға немесе бір спектакльге апар» дейді. Бірақ, өзінің құлағы естімейді. Не істерімді білмей тұрмын.
– Қиналатын несі бар, Ермек Тұрсыновтың «Келін» атты фильміне ертіп бар.
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР