Спорт • 17 Тамыз, 2017

Жарыстар күнделігі (17.08.2017)

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі (17.08.2017)

Теннис

Қазақстандық теннисші Александр Бублик АҚШ-та өткен жекелей сындағы халықаралық ATP Challenger турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалдық сайыста британиялық теннисші Лиам Броудиді екі сетте 6:2, 6:3 есебімен жеңді.

Турнирдің жүлде қоры  100 мың АҚШ долларын құрайды. Еске сала кетсек, бұл Александр Бубликтің ATP Challenger сериясына енетін турнирдегі екінші жеңісі. Алғаш рет ол осы жылдың ақпан айында Мексикада өткен бәсекеде жеңімпаз атанған еді.

Волейбол

Волейболдан қыздар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары Вьетнам қыздарынан бес партияға созылған ойында жеңіліп қалды. Алғашқы екі партияда отандастарымыз қарсыластарынан басым түсіп жатқан болатын. Алайда соңғы үш партияда вьетнамдық әріптестеріне ұпай беріп қойды. Қорытынды есеп, 3:2 (25:22, 25:18, 21:25, 20:25, 15:5).
Енді отандастарымыз Азия чемпионатының соңғы күнінде біріншіліктің жетінші орыны үшін жарыс қожайындары Филиппин елінің спортшыларымен кім мықтыны анықтайды. 

Велоспорт

Алматыда спорт күніне орай әуесқой велоспортшылар арасында «Tour of World Class Almaty» веложарысы өтеді. Спорттық шара 20 тамыз, яғни жексенбі күнге жоспарланған. Биылғы турнирге былтырғыға қарағанда аздап өзгеріс енгізілген. 
Бүгінде айтулы шараға 750 адам тіркеуден өтіп, жарысқа қатысуға ниеттеніп отыр. Соны­мен қатар, Алматыдағы белгілі велокомандалар: Almaty Bro Team, World Class Almaty, Alatau Racing Team, Apple City Team, Isker Company, Good Energy топтары да бақ сынайды. Қатысушылар 14, 34 және 57 шақырымдық қашықтықты бағындырады. 

Универсиада-2017

Алматыда студенттер арасында өткен Қысқы универсиада халықаралық жарыс­тардың тарихындағы ең үздігі деп танылды. Бұл туралы Халықаралық студенттік спорт қауымдастығының (FISU) атқарушы комитетінің сарапшылар кеңесінің қорытынды есебінде айтылды. Отырыс кезінде кеңестің жетекшісі Милан Августин сөз сөйлеп, 2017 жылғы Универсиаданың жетістіктерін айтты.
Айта кетейік, XXIX Жазғы Универсиада 19 тамызда Тайбэйде басталады. Бұл жарыста қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, жүзу, бокс, күрес және басқа да спорт түрлері бойынша сынға түседі.

Әзірлеген 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»