Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Біртанов жедел жәрдемді шақыртудың жаңа ережесіне түсініктеме берді

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жедел жәрдем қызметінің жаңа стандартына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, жаңа ереже жыл соңына дейін өз тиімділігін көрсетпек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Біртанов жедел жәрдемді шақыртудың жаңа ережесіне түсініктеме берді

«Әлбетте, жедел жәрдем көліктерінің ауылды жерлерге жету мәселесі өткір күйінде тұрғандығын білеміз. Бұл үшін жедел жәрдем қызметін орталықтандыру бағытында, яғни қолда бар көліктерді тиімді түрде қолдану мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ негізінен халықтың 50-60 проценті қалаларда тұратындықтан, ол тұрғыда медициналық көліктердің жетуіне қатысты мәселе жоқ. Дамыған елдерден гөрі бізде жедел жәрдем көлігі халықтың санымен салыстырғанда тым көп шақырылады. Ал дамыған елдерде аз шақырылғанымен бірге оларда өлім жағдайы да аз. Ал керсінше бізде жедел жәрдем көп шақырылғанымен, оның тиімділік нәтижесі төмен», - дейді министр.

Осыған байланысты министрлік дәрігерлер бригадасымен жұмыс жүргізіп, жаңа бұйрық шығарылғанын жеткізді.

«Мен жедел жәрдем қызметі жұмысының жаңа стандарты арқылы тиімді түрде жұмыс атқарамыз деген ойдамын. Ең бастысы жаңа ереже тиісті орынға жету мәселесін жақсартуды көздейді. Жылдың соңына дейін тиімді нәтижесін байқаймыз деген ойдамын», - деді Елжан Біртанов.

Еске сала кетейік, қабылданған жаңа ережеге сәйкес жедел жәрдемнің келу уақыты 1 сағатқа дейін ұзартылған болатын.