Қоғам • 17 Тамыз, 2017

Түйе еті қаңсық, түйеқұс еті таңсық па?

1729 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемдегi 190 миллион бас Ойсылқара тұқымының 190 мың басы Қазақстанға тиесілі екен. Ал Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сы­ның мә­лiметiнше, өңiрдегi түйе саны 27 мың басты құра­са, со­ның 9000-нан астамы Созақ ауданында. Негiзiнен Со­зақта еттi, ал Отырарда сүттi түйелер өсiрiледi.

Түйе еті қаңсық, түйеқұс еті таңсық па?

Осы түйе шаруа­шы­лы­ғының жай-жапсарына қа­нығу үшiн Оңтүстiк-Ба­тыс мал және өсiмдiк ша­руа­шы­лы­ғын зерттеу институтына бас сұққан едiк. Мұнда түйе шаруашылығымен ай­­на­лысатын арнайы бө­лiм жұмыс iс­тейдi. Атал­мыш бөлiмнiң же­текшi қыз­меткерi Мей­рамбек Ер­ма­хановтың айтуынша, түйе ша­руа­шы­лығы Оң­түстiкте Созақ, Отырар ау­дандары мен Түркiстан қ­а­ласында, Арыс қаласының Ақдала, Бәйдiбектiң Мың­бұлақ, Шардараның Достық ауылдарында қолға алынған. Аталған елдi мекендердегi тұрғындар түйе өнiмдерiн түгелге жуық тұтынады деу­ге болады. Ал, Сарыағаш, Төлеби, Түлкiбас, Қазығұрт, Сай­рам аудандарында түйе­нiң етi мен сүтiне сұраныс жоқ. «Өкiнiшке қарай, түйе ша­руашылығының дамуына халықтың түйе етiн көп жемейтiнi де кедергi кел­тiр­iп отыр. Өйткенi, Созақ жақ­та еттi түйелер көп өсi­рiл­генiмен, еттiң негiзгi тұ­ты­нушылары сондағы жер­гiлiктi тұрғындар ғана. Демек, басқа аймақтардан түйе етiне деген сұраныс аз деген сөз. Одан кейiнгi мәселе, iрi қара мен қой тұқымын асылдандыруға мем­лекеттен қыруар қаржы қа­рас­тырылса, түйе өсiру үшiн бюджеттен соқыр тиын да бөлiнбейдi. Сондық­тан шаруа­лар түйе­ге қа­ра­­ған­да сиыр мен жыл­қы өсiру­ге құм­был», дейдi М.Ерма­ха­нов. 

Ер­ма­хановтың бұл ойын Со­зақ ауданында 300-ге жу­ық түйе өсiрiп отырған Мұ­­рат Аяпов та растайды. Түйе­­ден пайда аз болған­дық­­тан бү­гiн­де ол да сиыр шаруа­­шы­лы­ғы­мен ай­на­лысуды ой­ластырып жүр. Мұ­рат аға­ға «Неге мұндай ше­шiм­ге кел­дiңiз?» деймiз ғой баяғы. Ол кісі әң­гi­менiң әл­қ­­ис­сасын түйе етiн сатып ала­­тындардың аздығынан бастады. Оның түйе өсiретiн шаруа қожалы­ғында жыл сайын қараша-наурыз ай­ларында 50 шақты ғана түйе сойыла­ды. Келiсi 1000 тең­геден аспайтын түйе­нiң етiн көбiне созақтықтар ғана жей­дi. Екiншiден, түйенiң жүнi ар­зан. Үлек түйе 3-4 келi жүн бер­се, ұрғашы қос­пақ 7-8 келi, буралары 15 ке­лi­ге дейiн жүн бередi. Бiрақ бұдан үш-төрт жыл бұ­рын әжептәуiр табыс әке­ле­тiн түйе жүнi қазiр күзеу­ге кет­кен шығынды да өте­мейдi. Келiсi – не­бәрi 200 теңге. Үшiншiден, түйе баяу көбейедi, екi жылда бiр рет боталайды. Осындай ерек­шелiктерiнен болар, түйе ша­руашылығында iл­герiлеу баяу. «Ал, бұл ты­ғы­рық­тан шығу үшiн мемлекет тара­пынан қолдау, тұр­ғын­дардан түйенiң етi мен сүтiне сұраныс болуы керек. Сонда ғана оларды ша­ғылыс­тыру арқылы жыл сайын бота­латар едiк, я болмаса будан­дас­тыру арқылы еттi әрi сүт­тi түйенiң түрлерiн кө­бей­тер едiк», дейдi шаруа. Ра­сында да облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сының дерегiнше, өткен жы­лы Оңтүстiк Қазақстан облы­сында 25 267 түйе болса, биыл ол 26 916-ға жеткен. Яғни, облыс бойынша бiр жылда түйелердiң саны 1649-ға көбейген. Ал, өткен жылы 254 408 болған жылқы биыл 301 937-ге жетiптi. 

Созақтық Келер Теңiз­бе­­ков­­тiң де 30 бас түйесi бар. «Түйе түлігінің ең пай­да­лы­­сы – қысы-жазы да­ла­да жайылып, сексеуiл, жың­ғыл, шағыр, терiскен, жан­­тақ, қарасора сияқты ащы шөптердiң бәрiн жей бе­редi», деген ол соңғы жылдары қымыран мен түйенiң шудасына, әсiресе... зәрiне сұраныс күрт көбейгенiн ай­та­ды. Асқазанында кәкiрi бар­­лар Келер ағаның үйiн­де айлап жатып, түйе­нiң сүтiн iшiп, 
ауруынан айы­ға­ды екен. 

Осындай дер­тi­нен айыққан­дардың бiрi – терiс­кей­лiк Тазакүл Мүсә­нова. Асқазанында жара пайда болған соң iшпеген дәрi-дәр­мегi қалмаған ол түйе сүтi­нiң пайдалы екенiн естидi. Күн сайын аш қарынға үзбей түйе сүтін iшкен ол 2 айда дертiнен құлан-таза айығыпты. 

«Түйе шаруашылығын қар­қын­ды дамыту үшiн алдымен түйе­ етiнiң, сүтiнiң дертке дауа, емге шипа екендiгiн сауатты түрде насихаттай бiлу ке­рек. Ол үшiн Денсаулық сақ­тау министрлiгi мен Ауыл ша­руа­шылығы министрлiгi бiр­лесiп, шұ­бат пен түйе етiн ауру­ха­на­ның ас мәзiрiндегi тағамдар тiзiмiне енгiзсе, халықтың түйе етiне деген көзқарасы өзгерер едi». Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Ермахановтың осы ұсынысын облыстық диаг­­ностикалық орталықтың гас­тро­энтеролог маманы Сал­­танат Құттықожаева да құп­тайды. Оның айтуынша, қазiр асқазан ауруына шал­дық­қандарға жылқы сүтiн пай­далануға кеңес берiледi. Өйткенi, Денсаулық сақтау министрлiгi қымызды тексерiп, оның шипасын анық­таған. Сондықтан, министрлiк тарапынан шұбат­тың да шипалы екенiн растай­тын құжат берiлсе, қымыз си­яқ­ты қымыранды да ем үшiн пай­даланатындар саны күрт кө­бейер едi.

Қазақ тағамтану акаде­мия­сының президентi Төрегелдi Шар­­манов қазы-қартаның сi­ңiм­­дiлiгi мен ағзаға пайдасын анықтап, дәруменi көп тағам­ды спортшыларға жиi тұ­ты­нуға кеңес берген болатын. Нәтижесiнде, бүгiнде жыл­қы­ның етi мен сүтiн тұтынатын­дардың қатары қалың. Ал қы­мыранның да құнары мен пайдасы Таяу Шығыс пен араб елдерiнде зерттелiп, түйе­нiң етi мен сүтi мектеп пен балабақ­шаның ас мәзiрiне енгiзiлген. Түйе сүтiнiң құрамында кальций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты ағзаға пайдалы микро­элементтер жетiп-артылады, ол – демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына бiрден-бiр шипа. Тек Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлердiң түйеге деген сүйiспеншiлiгiн ояту керек болып тұр...

Ал ұзақ жылғы еңбегін түйе сауатын құрылғы құрастыруға арнаған Аймырза Тасов ақсақал түйе етiнiң желiнбеуi Кеңес одағында қалыптасқан қасаң ойдың кесiрi деп есептейдi. Әңгiмесiн қазiр қазақтардың көбi түйенiң етiн неге жемей жүр­гендерiн өздерi де бiл­мей­дi деп бастады ол. «Бұ­ры­­­нырақта күн ысығанда дала тышқандары жердiң бе­тiне шығыпты. Сол кезде тышқан­дардан өсiмдiктерге оба ауруы тараған. Соның салдарынан шөп талғамайтын түйелерге де жаман ауру жұғыпты. Содан түйелер қырыла бастаған соң ел iшiнде «түйенiң етiн жеуге болмайды» деген сөз тарайды. Бiз сол сөзден әлi құтыла алмай келемiз. Бұл ұғым санамызға әбден сiңiп кеткен. Сондай-ақ, «жүктi әйелдерге түйенiң етiн жеуге болмайды» деген де әншейін сөз. Бұрындары түйенiң етi iштегi балаға ауырлық қылар деп алаңдаған ғой. Бертiн келе оны да бұрмалап «түйенiң етiн жеген әйел бойына бiткен баласын тоғыз ай емес, он екi ай көтередi» дейтiн «данышпандар» пайда болды. Бұл айтылған долбар сөздердiң ешқайсысында ғылыми дәлел­де­ме жоқ. Ал түйенiң аз болу себебiнiң бiрi Кеңес Одағы кезiнде обадан бiр қырылды. Одан кейiн жүнi сатылмайтын, сүтi iшiлмейтiн, етi желiнбейтiн түйеге ақша шығындамас үшiн оның көзiн құртуға асықты. Соның салдарынан түйенiң небiр тұқымдары көзден ғайып болды. Оны қойшы, ол кезде кәрi түйелердi ет зауытына өткi­зетiн. Арық малдың етiн халық алмаған соң амалсыз хайуа­нат­тар бағындағы аңдарға беретiн бо­лды. Осының бәрiн көрген қазақ­ты «түйенiң етiн неге жемей­­сiң?» деп кiнәлау да қиын. Алай­­да, 3 жастан 7-8 жасқа дейiн­гi түйенiң етiнен сiңiмдi, одан жұмсақ ет жоқ. Қыста өрке­­шiне май байлағанда, яғни «екi өркешi баладай» болғанда, әсi­ре­се қараша мен наурыз айла­­ры аралығында дәмi тiл үйiредi. Бiз де отбасымызбен қыс бойы ауылдан түйенiң етiн алды­­рып жеймiз. Қазiр вете­ринар­­лық жұмыстар жолға қойыл­­ған, сондықтан халыққа ешқан­­дай қорқудың керегi жоқ. Түйе етiнiң майы да, маңызы да сор­па­сына шығады», дейдi ақсақал. 

Бүгiнде түйенiң етiне қа­ра­ғанда түйеқұстың етi қадiрлi болып тұр. Расында да, түйеқұстың етiн жейтiн қазақ төрт түлiктiң төресi атанған түйенiң етiн неге жемейдi? Әйтпесе, түйеқұстың етi ем болады деген қан қысымы мен қант диабетiне түйенiң етi екi есе артық шипа болмай ма?! Ең қызығы, 2 жылда бiр боталайтын түйеден гөрi 5 жылда бiр рет жұмыртқа шайқайтын түйеқұс шаруашылығы жанданып келе жатыр. Сондықтан, маң-маң басқан Ойсылқара түлiгiнiң көбейгенiн қаласақ, алдымен оның етi мен сүтiнiң қадiрiне жете бiлгенiмiз абзал.

Мақпал ТӨРЕБЕК, 
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы