Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы брифингтер легі бұл жолы Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына арналды. Оған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, вице-министр Рүстем Құрманов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасы Жандар Омаров қатысты.
Қ.Айтуғанов өз кезегінде аграрлық қайта өңдеу саласын кешенді дамыту үшін 4 айдың ішінде кең көлемде талдау жүргізілгенін және алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының мәліметтер базасы жасалғанын атап өтті. Бұл база ағымдағы жағдайды бағалауды, қуатын, іске қосу жылын, жабдық түрін, жүктемесін, өнімнің көлемі мен номенклатурасын, сондай-ақ, тежеуші проблемаларды қамтиды.
Қайта өңдеудің басымдыққа ие 9 түрін дамыту үшін есептер жүргізіліп, оның ішінде әр облыс және аудан бойынша «Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының орналасу картасы» жасалған.
«Картаны қаржыландыру мәселесінде бюджетке түсетін салмақты азайтудың бірнеше нұсқасы да қаралды. Талдау, ең алдымен, айналым қаражаттарын толықтыруға несие ресурстары қажет екенін көрсетті. Екіншіден, қаражат жаңа кәсіпорындарды жаңғырту мен салуға қажет», деді Қ.Айтуғанов. Сондай-ақ, ол бұл міндетті орындау үшін аталған бағыттар бойынша қаржы институттары несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ұсынылғанын, мұндай тәсіл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және банктермен талқыланғанын, олар аталған схема бойынша жұмыс жасауға әзір екенін атап өтті. Айтуынша, қазіргі уақытта картаны ресімдеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Содан кейін еліміздің барлық өңірлерінде оны іске асыру басталады. Бұл қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, азық-түлік өнімдері экспортын ұлғайту бойынша міндеттерді орындау үшін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ сыртқы нарықтарда барлық ауылшаруашылық өнімдерін сату жөніндегі операторға өзгергенін, ол енді астықпен ғана емес, ауылшаруашылық өнімдерінің басқа түрлерімен де айналысатынын хабарлады.
Ағымдағы жылы 850 мың тонна ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға 43,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оған қоса, экспортқа арнап сатып алынатын майлы дақылдар мен қой еті алдын ала отандық зауыттарда қайта өңделеді, осылайша олардың жүктемесі артады. Нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айында 880 млн АҚШ долларына АӨК өнімдері экспортталды немесе өсім 4 пайызды құраған. Қайта өңдеу экспортының көлемі 7,6 пайызға өскен.
Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өнімдері өндірісі 7,5 пайызға ұлғайды. Өткен жылмен салыстырғанда ұн, макарон өнімдері, жарма, өсімдік майы және өңделген сүт өндірісі өсімі байқалды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Құрманов атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті әлі де соңына дейін пайдаланылмаған, осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды орналастыру картасы әзірленіп отыр. Бүгінде Қазақстанда 1 345 белсенді кәсіпорын бар, олардың ішінде министрлік басымдықты орталық топты анықтады, бірінші кезекте соларды дамыту көзделген.
Жоғарыда аталған карта тоғыз бағытты – сүт, ет, тері және жүн, майлы және дәнді дақылдарды, қант қызылшасы мен картопты өңдеуді қамтиды. Бұл бағыттар 435 кәсіпорында ұсынылған. Сонымен қатар, картада үш жүйелі қағидат негізге алынған. Біріншісі – несие ресурстарына қолжетімділік және ауылшаруашылық кооперативтері арқылы қаражат жинау есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды барынша жүктеу. Екіншісі –жұмыс істеп тұрған 80 кәсіпорынды жаңғырту. Үшіншісі – шикізатпен қамтамасыз етілген, бірақ жеке өндірісі жоқ өңірлерде 79 жаңа қайта өңдеу кәсіпорнын салу.
Брифингте сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Н.Сарыбаев Қазақстанның экспортқа бағдарланған ауылшаруашылық кәсіпорындары «АгроЭкспорт» арнайы бағдарламасы бойынша төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша тиімді несие қаражаттарын ала алатынын мәлімдеді. «Май шығаратын зауыттарды, ет комбинаттарын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, құрамажем зауыттарын, жеміс-көкөніс қоймаларын, жылыжай кешендерін, тауарлы балық өндірісін және тағы басқаларды құру, кеңейту және жаңғыртуға қатысты инвестициялық жобалар қаржыландыру басымдығына ие. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2016 жылдың соңынан бастап инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған «АгроЭкспорт» бағдарламасын іске асырып жатыр. Биылғы жылға бағдарлама бюджеті шамамен 80 млрд теңгені құрайды», деді Н.Сарыбаев.
Айтуынша, «АгроЭкспорт» бағдарламасы отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге несие алудың барынша төмендетілген мөлшерлемесін ұсынады. Ол соңғы қарызгерге жылына 8 пайызды құрайды. Несиелендірудің ұзақ мерзімді түрі – 10 жылға дейін қарастырылған, ал жеңілдікті кезең 2 жылға созылады, ол аяқталғаннан кейін несиені төлеу кезеңі басталады. Бағдарламаның міндетті талаптары – тұрақты қаржылық ахуал, бизнес жоспардың болуы, жобаға кем дегенде 15 пайыз жеке қаражатпен қатысу, сондай-ақ, кепілзаттардың болуы болып табылады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасы Ж.Омаров өз кезегінде жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылшаруашылық кооперативтердің қолдау тетіктері туралы баяндады. Мәлімдеуінше, ауылшаруашылық кооперативтерін несиелеу «Ынтымақ» бағдарламасы сервистік дайындау қызметтерін ұйымдастыру және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге 7 жылға дейін жылына 6 пайызбен 50 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап кепіл мүлкін қамтамасыз етудің жеңіл механизмі жұмыс істейді, кепілге қаражат есебінен сатып алынған мүлік қабылданады. Кооператив мүшелері үшін «Береке» және «Игілік» бағдарламалары бойынша жеңіл несиелеу қарастырылған. Бұлар бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Мал бордақылауды ұйымдастыру үшін кооперативке қатысушылар 6,5 жылға дейін 4,0 млн теңгеге дейін қаражат ала алады. Малды өсіру үшін 6,5 жылға дейін 6,0 млн теңгеге дейін несие беріледі. Осылайша, ағымдағы жылы ауыл тұрғындары мен ауылшаруашылық кооперативтерін қаржыландыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 41 млрд теңге беру жоспарланып отыр.