Кездесу барысында құқық қорғау қызметінің мәселелері мен «Пробация туралы» Заңды тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Парламент депутатын Департамент және оның бөлімшелерінің қызметіндегі проблемалық жайттар, әлеуметтік жұмыс бағыттары, сотталған азаматтарға психологиялық көмекті ұйымдастыру, аталмыш бағыттар бойынша Департаменттің үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас деңгейі қызықтырды.
Жиында айтылғандай, бұрын істі болған жандарды сот шешімі шыққан сәттен бастап түзету мекемелерінен босағанға дейін қайта әлеуметтендіру бойынша көп жақты жұмыстар жүргізіледі, оның қатарында тұрғын үй жайын анықтау, құжаттарын дайындау мен қайта қалпына келтіруге көмектесу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бар. Алайда, бұрын сотталған азаматтарды тіркеу мәселесі біржақты шешілмеген. Заң бойынша, жаңа мекенжайға келген адам 10 күннің ішінде жергілікті жері бойынша тіркеуге алынуы қажет. Бірақ, бұл мерзім ішінде түзету мекемесінен пошта арқылы келетін құжаттар дайын болып үлгермейді. Нәтижесінде, бостандыққа енді шыққан адамға себепсіз айыппұл салынуы мүмкін.
Осыған байланысты, Бейімдеу орталығын сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіру орталығы ретінде қайта бағдарлау туралы ұсыныс жасалды. Гүлнәр Бижанова бұл мәселеге Халықты әлеуметтік қорғау басқармасын, Қаржы басқармасын және әкімдіктерді тарту қажеттігін алға қойды.
Қадиша Оспанова да аталған мәселені құрамына облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кіретін партиялық комиссияда қарауды ұсынды.
Сондай-ақ, кездесуде Мәжіліс депутаты Қарағандының еліміздегі №1 ХҚКО негізінде Дағдарыс орталығы ашылған алғашқы қала екендігін білді. Бұл Орталықтың жұмысы «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастырылған. Мұнда пробация қызметінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкерлері жұмыс жасайды. Проблемалық мәселелердің бірі ретінде, Департамент және Пробация қызметі жұмыскерлерінің тапшылығы айтылды.
Көтерілген барлық мәселелер депутаттың бақылауына алынатын болды. «Қандай да бір заңнамалық бастаманы жүзеге асыру оңай емес. Ол үшін, заңды барлық жағынан негіздеп, оның қажеттілігін дәлелдеу керек. Сондықтан, мемлекеттік органдардың, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жұмыс атқаруы маңызды», деді халық қалаулысы.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы