Мақала тақырыбындағы сөйлем АҚШ Президенті Барак Обаманың «Ядросыз әлем үшін» атты Астана форумына қатысушыларға Жолдауынан алынып отыр. Осы сөз кеше жиынның Семей және Курчатов қалаларында жалғасқан екінші күнгі іс-шараларында оған қатысушылардың пікір-лебізімен қайта жаңғырып, қуатты үнмен естіле бастады.
Биылғы жылдың тамыз айының соңында Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы осы бір аса маңызды оқиға кешегі алып империя ыдырамай жатып жүзеге асырылғанын ескерсек, оның мән-маңызы өз-өздігінен айқындала түседі ғой деп ойлаймыз. Міне, содан кейінгі жерде әлем картасында пайда болған жаңа тұрпатты мемлекеттің ізгі бастамасы алпауыт елдердің тарапынан да қолдау тауып, жер жаһанда тыныштық орнай бастағаны да шындық.
Ал егемен ел атанған сәттен бастап кешегі атом полигонының астанасы Курчатов қаласының болмысы бүтіндей өзгеріп, бейбіт мақсатта жұмыс істей бастағаны тағы рас. Өтпелі кезеңнің осы шақтағы экономикалық қиындықтарына қарамастан, аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан еліміздің ядролық сынақтардан зардап шеккен отандастарымызға түрлі жеңілдіктер қарастырып, өтемақы төлеу мәселесін өз иығымен көтеріп алғаны да баршамызға аян.
Одан бергіде қасиетті Семейде, ерке Ертіс өзені айрығындағы аралда «Өлімнен де күшті» деген атпен ядролық сынақ құрбандарына зәулім монумент орнатылды. Мұның сыртында заманында Алаштың туы көтерілген тарихи қала енді бейбітшілік ордасына айналып келеді. Соның айғағындай, Елбасының Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы идеясына орай, Семейде осыдан бес жыл бұрын Орталық Азия өңіріндегі бес республиканың Сыртқы істер министрлері өзара шартқа қол қойса, ал бұрнағы жылы жоғарыда аталған монумент жанында ондаған мың адам қатысқан бейбітшілік митингісі өткізілді. Сол алқалы жиында Елбасы ұсынысымен Семей ядролық полигоны жабылған күн – 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні деп жариялау туралы үндеу қабылданды. Сол ұсыныс іле Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан қолдау тапты. Біріккен Ұлттар Ұйымы демекші, өткен жылдың сәуір айында осы мәртебелі ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей өңірінде болып қайтты.
Көріп, біліп отырғанымыздай, соңғы жылдары әлемде бейбітшілікті орнықтыру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Айталық, жуырда ғана бұл өзекті мәселенің Біріккен Ұлттар Ұйымының алқалы жиынында қаралып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сөз қозғағаны белгілі. Ал оның соңы бұрнағы күні Астанада «Ядролық қарусыз әлем үшін» форумына келіп ұласты. Осылайша қашанғыдай әлемдік әңгіме Қазақ елінде жалғасын тапты.
Кеше түске жақын сол салиқалы жиын қонақтары Семейге ат басын тіреді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастап келген құрамында МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано, АҚШ-тың Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеман, Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру жөніндегі халықаралық комиссияның тең төрағасы Йорико Кавагути, Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ, АҚШ-тың біздің еліміздегі елшісі Кеннет Фэйрфакс және басқа әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлерін, шетелдік және отандық белгілі ғалымдарды, бұқаралық ақпарат өкілдерін әуежайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов қарсы алды. Халқымыздың қонақжайлық дәстүрімен меймандарға гүл шоқтары, ұлттық дәм ұсынылды.
Семейліктердің бұл салтанатқа қызу әзірлікпен келгені әуежайдан бастап көрініп тұрды. Иә, бұл форумның маңыздылығы сондай, Мемлекет басшысының тапсыруымен Семейді көріктендіру жұмыстарына Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінген болатын. Соған орай әуежайға да жаңартылу жұмыстары жүргізілді. Негізгі жұмыстар басты үш нысан бойынша атқарылды. Соның жақсы бір көрінісі – Семейден ұлылар еліне қарай бастап баратын күре тамырдай қасқа жолдың бойында «Абай жолы» стелласы бой көтерді. Ал қаладағы орталық алаң тұтасымен өзгертілді десе де болады. Сөйтіп, соңғы отыз-қырық жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бұл жер жайнап, жаңғырып шыға келді. Алаң төсеніштері ауыстырылып, жаңадан субұрқақ орнатылуы, сонымен бірге алаңның түрліше безендірілуі де оңды шаруа болды.
Үшінші басты нысан – аралдағы «Өлімнен де күшті» монументінің маңайы да өзгеріп, құлпырып шыға келді. Мұнда жаңадан «Мутант» және «Қасиетті ағаш» алаңдары, «Бейбітшілік стелласы» архитектуралық кешені бой көтерді. Биіктігі 28 метр осы стелланың басында күн шапағымен көмкерілген шаңырақты айнала ұшып, көк аспанға талпынған жеті қарлығаш бейнеленген. Сондағы алтын түстес ұя бейбітшілік белгісін білдіреді. Қарлығаш демекші, ядролық сынақ аймағында ұзақ жылдан бері көрінбей кеткен бұл қасиетті құстың биылғы жылдан бастап бұрынғы құт мекеніне орала бастағанын қайтерсіз! Мұқағали сынды алып ақынның бір жыр жинағы сол қасиетті құсқа арналған өлеңімен «Қарлығашым, келдің бе?» деп аталатындығын баршамыз жақсы білеміз. Сондықтан полигонның жабылуының 20 жылдығы мен ақынның биылғы мерейтойына сәйкес келіп жатқан бұл құбылысты жақсылыққа балайық. Осы орайда сондай кешенді жұмыстармен бірге, қала ішін абаттандырып, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, жарықтандыру жұмыстары қоса жүргізілгенін айта кеткен жөн болар. Мұның бәрі және қысқа мерзімде ұйымшылдықпен атқарылды. Яғни, бұл мәселеде облыс, қала басшылығы іскерлік таныта білді.
Астанада өткен форум бағдарламасына сәйкес қонақтар мінген тікұшақтар алдымен Курчатов қаласына бет алса, олардың екінші бір тобы Семейдің денсаулық сақтау, білім және мәдениет орындарында болып, қала тіршілігімен жете танысты. Ал соңғы 20 жылда кешегі полигон астанасы болған Курчатов қаласы да өзгеріс, жаңалықтардан кенде емес еді. Мұнда Елбасы Жарлығымен құрылған Ұлттық ядролық орталығы қазірде толық күшінде жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары өмірге келген Ядролық технологиялар паркі болса ғылым жаңалықтарын іс жүзіне асыруда. Бір сөзбен айтқанда кешегі полигон астанасы бүгінде бейбіт мақсатта жұмыс істеуде. Оның үстіне ел тәуелсіздігіне қол жеткеннен бергі жерде қала болмысы бүтіндей өзгерген. Мәселен, Курчатовта бұрын болмаған жаңалық – қазақ мектебі, мешіт жұмыс істеп тұр. Оның сыртында осы қалаға шеттен келген қандастарымыз біртіндеп орныға бастады. Оларға арнап бұрын қаңырап бос қалған екі көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткізіліп берілді.
Форум қонақтары ең алдымен жоғарыда аталған Ұлттық ядролық орталығында болды. Тікұшақтардың қонуына арналған алаңда оларды облыс әкімінің орынбасары Е.Көшербаев, Курчатов қаласының әкімі А.Генрих және Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Қ.Кәдіржанов қарсы алды. Ұлттық киімдегі қыздар қонақтарға ұлттық дәм ұсынды. Орталықтың жаңа ғимаратында оның басшысы меймандарды қысқаша өз жұмыстарымен таныстырып өтті. Бұдан кейін қонақтарға Семей ядролық сынақ полигоны туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмнен соң олар осындағы полигон мұражайында болып, Семей өңірінің өткендегі қасіретімен және орталықтың болашақтағы жоспарларымен жете танысты. Экскурсиядан кейін МАГАТЭ-нің Бас директоры құрметті қонақтарға арналған кітапқа өз қолтаңбасын қалдырды. Осы жерде Нагасаки қаласының мэрі біздің әріптестерімізге сұхбат берді.
Қонақтар келесі кезекте «Ядролық технологиялар паркінде» болды. Оларға осындағы түрлі жобалар менеджері Ж. Жұмаділова радиациялық технологиялар кешені жобасы туралы түсініктеме берді. Форумға қатысушылар, сондай ақ Курчатовтағы «Токамак» материалдары жүйесіндегі термоядролық реакторының жұмысымен танысты. Бұдан кейін форум қонақтарының бір тобы Семей ядролық полигоны алаңында болды. Сол жерде МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано, ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, ОДВЯИ дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Тибор Тот баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасады. Ең соңында «Байкал-1» кешенінде болған олар мұнан кейін Семейге қайтып оралды.
«Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы осындағы «Өлімнен де күшті» монументінің басындағы 20 мың адам қатысқан Семей атом полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған бүкілхалықтық митингімен қорытындыланды. Оны қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл аса маңызды шараға 26 елдің, 20-дан астам халықаралық қоғамдастықтардың өкілдері қатысып отырғандығын айта келіп, Елбасының бейбіт мақсаттағы бастамалары ең алдымен кешегі кеңес заманында қырық жыл қырғынды басынан кешкен, одан зардап шеккен шығысқазақстандықтар тарапынан зор қолдау тауып келе жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Президентімізге АҚШ мемлекетінің басшысы тарапынан берілген «ядролық қауіпсіздік саласы лидері» ұғымының өте терең мәнге ие екеніне ерекше тоқталып өтті.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Елбасы Жарлығымен жабылғаннан бергі жерде атом полигонының әлеуеті тек бейбіт мақсатта пайдаланып келе жатқандығына тоқталды. Өткен жылы Семей өңірінде болып, көп нәрсені өз көзімен көріп қайтқан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун басқа елдің басшыларын Қазақстан жолымен жүруге шақырды, деді ол.
МАГАТЭ-нің директоры Юкия Амано да осы сөзді бекіте түсті. Қазақстан КСРО-дан қалған қатерлі мұрадан өз еркімен бас тартты деді ол. Таяуда Венада біз де осындай алқалы жиын өткізетін боламыз. Сонда бейбітшілік жолындағы Қазақстан тәжірибесін насихаттауды өз борышымыз деп білеміз.
Митингіде, сондай-ақ АҚШ-тың Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеман, Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ, жоғарыда есімі аталған Тибер Тот және Абыралы елінің тумасы Дүйсембай Қошқарбеков жүрекжарды сөздерін ортаға салды. Ал Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған митингке қатысушылардың Үндеуін Семей қаласының құрметті азаматы, ғылым докторы, профессор Михаил Панин оқып берді. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын Семей атом полигонын жауып, қолдағы ядролық әлеуеттен бас тартқаны теңдесі жоқ даналық қадам болғаны, сөйтіп ядролық қарусыз әлем үшін әлемдік қозғалысты бастағаны атап көрсетілді. «Біз қолында ядролық қаруы бар және оны сынауды жалғастырып отырған мемлекеттер халқын ядролық полигондар үнін мәңгі өшіру шараларын қолдануға шақырамыз», деп аяқталды Үндеу.
Осы орайда сөз соңын сол күні Семей өңірінде май тоңғысыз жаймашуақ шақ орнағанын айта кетсек дейміз. Мұның өзі алдағы уақытта кешегі ядролық сынақ аймағына қарлығаштардың топ-топ болып оралатындығына сеніміңді бекіте түседі. Солай болғай! Міне, тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл ішіндегі тағылымы мол тарих сабақтары осындай!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Курчатов – Семей.
––––––––––––––
Суреттерде: форум қонақтары Курчатов қаласы мен Семейдегі ескерткіш белгі орнатылған аралда.
* * *
БҰЛ – СІЗДІҢ ҒАЖАЙЫП ЕРЛІГІҢІЗ!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 40 жыл бойы байтақ даламызда ажал уын шашқан Семей ядролық сынақ полигонын өз Жарлығыңызбен жауып, сынақтарды тоқтатқаныңызға да міне 20 жыл толыпты. Бұл, әсіресе, біздер үшін ерекше маңызды оқиға. Біз, Семей халқы, осы ерлігіңіз үшін Сізге қарыздармыз. Өйткені бұдан 20 жыл бұрын кеңестік империяның ядролық залалды күші мығым, әскери жүйесі қуатты еді. Сіз бүкіл жүйенің қарсылығына тойтарыс беріп, ғажайып ерлік жасадыңыз. Одан кейін де Семей өңіріне ерекше ықыласпен қарап, жарылыстардан запы болған халықтың жағдайын жақсарту, азып кеткен жерді нәрлендіру, зардап шеккен адамдарды сауықтыру, жалпы Шығыс өңірін көркейту жолында қажырлы еңбек етіп келесіз. Семей өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін бірнеше үлкен мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап, олардың табысты іске асуын өзіңіз қадағалап отырсыз. Осының өзі біздің жүрегімізге ертеңге деген сенім мен қуаныш нұрын ұялатады. Біз осы бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып отырғандығын өз көзімізбен көріп, куә болып келеміз. Қамқорлығыңызға риза болып, батамызды беріп отырамыз. Полигон жабылуының 20 жылдығына орай «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форумды шақырып, бар әлемнің назарын біздің қасиетті өлкемізге аударып, дүние жүзінде ядролық қару атаулыны құрту жолында тынбай еңбек етіп келесіз. Бейбітшілік, ядролық қауіпсіздік жолында қаншама тың бастамалар көтеріп, ұсыныстар жасап жүрсіз .
Біз жасымыз келіп, зейнет демалысында жүрсек те осы жаңалықтардан хабардар болып отырамыз.
Тарих үшін қас-қағым сәт болып көрінетін 20 жыл ішінде бүкіл әлемдік қоғамдастық бейбітшілікті ту етіп көтерген жас мемлекетіміздің игілікті істеріне назар аудара бастады .
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның Сізге қаратып «әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа сіз жетекшілік етуге тиіссіз» деген сөзіне біз қатты сүйсіндік, көңіліміз марқайды.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», деп ұлы Абай айтқандай, біздерді сүйсіндіріп, мәртебеңіз өсіп, жарқырап жүріңіз.
Астана төрінде өткен форумның біздің Семейімізде жалғасын табуын Сіздің Семейге деген ықыласыңыздың тағы бір көрінісі деп түсінеміз.
Біз сізбен әрқашан біргеміз!
Анатолий ЕРЕМЕНКО, қаланың құрметті азаматы, қаладағы Қазақстан халықтары кіші Ассамблеясының төрағасы, республикалық ардагерлер ұйымы облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары; Хафиз МАТАЕВ, қаланың құрметті азаматы, еңбек ардагері; Түйтебек БАЙЫСҚАҚОВ, Социалистік Еңбек Ері; Бекен ИМАХАНОВ, Қазақстан Республикасының халық әртісі; Рафик ХАСЕНОВ, соғыс және еңбек ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, үш еңбек орденінің иегері; Петр КОЛОМИН, соғыс және еңбек ардагері; Ғазиз АХМЕРОВ, қаланың құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, татар ұлттық-мәдени орталығы басшысының орынбасары; Михаил ПАНИН, қаланың құрметті азаматы, Семей педагогикалық институтының проректоры, орыс әлеуметтік-мәдени орталығының басшысы; Дүйсембай ҚОШҚАРБЕКОВ, еңбек ардагері, Абыралы ауданының құрметті азаматы; Насен СЕМБАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері; Сейітмұхамет ТӘБӘРІКОВ, еңбек ардагері, қоғам қайраткері.
Семей.