Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Мұхтар Мaнкеев: "Краудсорсинг.кз" жобасы қазан айында жүзеге асады

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.

Мұхтар Мaнкеев: "Краудсорсинг.кз" жобасы қазан айында жүзеге асады

Oтырыс барысында сарапшылардың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы осы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатыны, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалып, аударыла бастағаны, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикалық деңгейдегі 100, өңірлік деңгейдегі 500 нысанның таңдап алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалған. Оған әдебиет саласындағы 216, «тетар, кино және хореография» жанрында 48, бейнелеу өнері бойынша 182, музыка саласында 200-ден астам шығарма енгізілген. Ал, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына республика бойынша 1500 өтінім түскен, бірақ олар ашық дауыс беру нәтижесінде анықталатын болады.

Мұхтар МAНКЕЕВ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

– Біздің қозғалыс тарапынан бірнеше жобалар жүзеге асуда. Оның біріншісі – латын әліпбиіне көшіру жобасын қолдау бойынша көрме өткізу. Бұл бағытта екі көрме өткіздік. Өткен ғасырда елімізде латын әліпбиінің дәурені жүріп тұрған кезде шыққан 1500 кітапты таптық. Жылдың соңына дейін көрмені барлық өңірде өткізуді жоспарлап отырмыз. Екінші, рухани жаңғыру аясында жобалар реестрі деген бар. Соның қатарында краудсорсинг.кз деген ауқымды жоба бар. Бұл пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында басталуда. Басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның арасындағы коммуникациялық кедергілерді жою. Қазір билік тарапынан көптеген жақсы бастамалар көтеріліп, өңірлерді дамытуға арналған жақсы бағдарламалар шығып жатыр. Бірақ, қоғаммен, яғни, халықпен сөйлескен кезде олардың 70-80 пайызы әлгі бағдарламалар туралы, олардың қандай нәтижелерге жеткізетінін білмейді екен. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар қандай да бір жобаны немесе бағдарламаны веб-порталға жариялап, халықпен талқыласа деген идея айттық. Бұл идеямыз қолдау тапты және рухани жаңғыру бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Яғни, краудсорсинг.кз жобамыз бағдарламаға енгізілді. Қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастайды, - деді Ұлттық комиссия мүшесі.