Президент • 18 Тамыз, 2017

Рухани жаңғыру: алғашқы нәтижелер

4417 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы елдің өркендеуіне соны серпін берді. «Тоғызыншы территория» бүгінде ерекше бір рухани серпілісті бастап кетті. Мемлекет басшысы айқындап берген өзекті мәселелер төңірегінде алқалы басқосулар өткізіліп, зиялы қауым өрелі ойларын ортаға салды. Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент Әкімшілігінің Басшысы − Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.

Рухани жаңғыру: алғашқы нәтижелер

Отырыс басталғанға дейін комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бас­қару жөніндегі жобалық кеңсенің және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен таныс­ты. Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқа­рушы органдардың қызме­тін үйлестіру бойынша жұмыс істейді. Кеңсе тарапынан минис­тр­ліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жоба пысықталып, қазіргі уақытта жүзеге асырыла бастады. Жалпы, комиссия мүшелері  Жобалық кеңсенің барлық жобаларымен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.  


Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар қорының өкілі көрмеге ең құнды кітап­тар мен қолжазбалардың әкелін­генін айтты. «Бұлар моңғол, шағатай, парсы, неміс тілдерін­де араб, латын графикалары­мен басылған дүниелер. «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан 7-ші саны, «Айқап» журналының 1912 жылы шыққан 5-ші саны, Ахмет Байтұрсынұлының 1914, 1925  жылдары шыққан «Тіл-құрал», «Әліпби» кітаптары, Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығына арнаған қолжазбасы, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Көрмеде ХІХ ғасырдағы Құран кітабы да тұр. Жалпы, біздің сирек қор­дағы Құран кітаптарының барлығы да ХІХ ғасырда шық­қан дүниелер. Жұртшылық үшін тың дүниенің бірі – Ақсақ Те­мірдің тарихы туралы белгісіз автордың шағатай тілінде жаз­ған қолжазбасы. Мұны зерттеу, қазақ тіліне аудару – сирек қор­дың алдағы жұмыс жоспарына енгізілді»,  деді ол.


Сондай-ақ, көрмеге француз экспедиторы Густав Левонның, Радловтың кітаптары, Алексей Харузин есімді автордың «Кир­гизы Букеевской Орды» кіта­бы, түсіндірме сөздіктер де қойылған. Осының ішінде Хару­зиннің Бөкей Ордасындағы ха­лықтың антропологиялық ерекшеліктері, жасы, бойы, сал­мағы туралы еңбегін атап айтуға болады. Мұнда Ордадағы сол кезеңдегі халық саны адам­дардың жас шамасы бойынша бөліп-бөліп көрсетілген.  Жал­пы, көрмеге 28 кітап пен қол­жазба әкелініпті. Ал, кітап­хана­дағы сирек кітаптар қорын­да 300 мыңнан аса кітап бар. 1940 жылға дейін шыққан кітап­тардың барлығы да сирек кітап­тар қорына алынған.


Бұдан соң Еуразия ұлттық университеті ғимаратында Ұлттық комиссияның кезекті отырысы басталды. 


Отырысты Президент Әкім­шілігінің Басшысы – Ұлттық ко­мис­сияның төрағасы Әділбек Жақ­сыбеков ашып, жүргізіп отырды.
Ұлттық комиссия төраға­сы­ның айтуынша, Елбасы айтқан бағдарламаны жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалып, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жұмысқа белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ, облыстарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшы топтар құрылып, жұмыстың алғашқы нәтижелері көріне бас­тады. «Өздеріңіз көрдіңіздер, көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссия арнайы топтары жұмыстарының алғашқы нәти­желері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық. Бүгінде жаңа алфавиттің жобасы жасалды. Киелі жерлердің географиясы бойынша 600 нысан белгіленді. Олардың 22-сінде ғы­лы­ми-реставрациялық жұмыс­тар басталды. «Туған жер» бағ­дарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет бағытында ең жақсы шығармалар таңдап алынды. 17 оқулыққа аударма жасалуда. Бұл осы жұмыстардың басы ғана», деген болашақта үлкен жұмыстар атқарылатынына баса мән берді. Бағдарламаның ауқымды жалпыұлттық жобаға айналу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, отырыста қаралатын екі мәселеге арнайы тоқталды. Оның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлерде атқарылған жұ­мыстардың алғашқы нәти­желері болса, екіншісі – жұмыс топ­тары қызметінің нәтижелері.
Бұл орайда алғашқы баяндаманы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жасап, бағдарлама аясында жасалған жұ­мыстармен таныстырды. Облыс әкімінің мәліметінше, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінде кеңсе құрылған. Онда бағдарлама аясында зиялы мамандардан, қоғам мүшелерінен құрылған арнайы жұмыс топтары сараптама жүргізуде. Сондай-ақ, өңірдің тарихын таныстыру, игіліктерін көрсету мақсатында жоғары оқу орындарында өлкетану мамандығы ашылған. «Біздің өңірдің тарихын көрші өңірлерге, көрші мемлекеттерге таныту мақсатында экспедициялар жұмыс істеуде. Біздің негізгі мақсатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихты жеткізу, оларға өзінің елін, ұлтын, Отанын сүю үшін патриоттық тәрбие беру. Бұл мақсатта «Өнеге» клубын да аштық. Биыл Ұлы Жібек жо­лы­ның біздің өңірде орналас­қан жәрмеңкесінің 150 жылдығы, Есет ба­тырдың 350 жылдығы, Ғазиза Жұ­банованың 90 жылдығы. Міне осы даталарға бай­ланысты іс-ша­ралар қабылданды. Қазір дайын­дық жұмыстары жүріп жатыр», деді Ақтөбе облысының әкімі. 


Ол «Атамекен» бағдарламасы бойынша облыс аудандарында «Туған жер», «Туған ел» акциялары жүріп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, құны 2 млрд 800 млн теңгеге бағаланған 555 кәсіптік жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұл жобалар бойынша, елді мекендерде бала­бақшалар, клубтар, спорт­тық алаңдар және скверлер салын­бақ. Өңірден шыққан кәсіпкер­лердің қолдауымен бірінші­ден, мемлекет-жекемен­шік әріптестік негізінде, екінші­ден, бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі негізінде құны 48 млрд теңгенің 71 бағдарламасы жүзеге асы­рылатынын да атап өтті. Оның бү­гінде 9-ы іске қосылып қойған. Облыс әкімі бүгінде «Ақтөбе – құт­ты мекен» акциясы аясында ар­найы сайт ашып, Ақтөбеде кін­дік қаны тамған азаматтарды туған жеріне шақырғандарын, нәти­жесінде әлемнің 15 елінен 200-ден аса азаматтың жиналғанын мәлімдеді. Олар Ақтөбеде өт­кізілетін форумға қатыспақ. Жерлестердің есебінен «Жұбанов үйі» салынбақ. Ал «Аналарға тағзым» жобасы кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге аспақ. Жалпы, форум аясында әлеуметтік және бизнес жобалардың тұсауы кесі­ле­тін болады. Бердібек Сапарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына облыстан 88 адамның тізімін ұсынғанын да айтып, жо­ба­ның критерийлерін нақтылау керектігіне мән берді. «Тұлға бұл тізімге қандай негізбен, қан­дай шартпен, қандай талаппен кіре­тінін нақты жасау керек»,  деді Б.Сапарбаев.


Бұдан кейін Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Даниал Ахметов сөз алды.


− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың қызу қолдауына ие болған маңызы ерекше жоба, еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңартулардың логикалық жалғасы. Мәдени кодты сақтай отырып, тамаша ұлттық салт-дәстүрлерді табысты жаңғырудың басты шартына айналдыру – қазақ­стандық қоғамның бүгінгі әлемдік сын-қатерлерге қайтарар жауабы. «Мақсатқа жету үшін, біздің санамыз атқарар істерден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», деген Елбасы сөзі алдыңғы отыз елдің қатарына қосылу және «Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен еліміздің әрбір азаматының санасына ой салып, жігерін жанитын қағида, деген облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша мақсатты және жоспарлы шаралар қолға алынғанын және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылғанын атап өтті. 


Облыс әкімінің айтуынша, аталған үдеріске С.Аманжолов атын­дағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атын­дағы ШҚМТУ, Шәкәрім атын­дағы СМУ және Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдар тар­тыл­ған. Осылайша, «Рухани жаң­ғыру» бесжылдық бағдарламасы жасалды. Бұл «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады. Жалпы бюджеті 28 млрд теңгені құраса, биыл бұл жобаларға 7 млрд теңге бағытталып отыр. Оның ішінде үш тілді білім беруді дамыту, ар­хео­логия саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, ішкі турис­тердің ағымын арттыру бар. «Рухани қазына» ішкі бағдарла­масы шеңберінде 19 өңірлік жоба жүзеге асырылады. Атап айт­қанда, «Шығыс Қазақстанның өр­кениет құбылыстары» негізгі базалық жобалардың бірі ре­тінде өңірдің бірегей тарихи-мә­дени кешенін біріктірмек жә­не «Көне қазына», «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» іш­кі жо­баларының да басын қосады. «Көне қазына» аясында Берел, Ші­лікті кешендеріндегі археоло­гиялық қазба жұмыстары мен ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстары жалға­сын табады. Қоңырәулие мен Ыр­ғызбай ата кесенесіне инфра­құрылым желілері салынып, Шілікті кешеніне әйнектен арнайы саркофаг тұрғызылады, «Тар­хан геологиялық қиығы» ашық аспан астындағы музейі ашы­лады. Барлық жәдігерлерді Өске­менде бой көтеретін археология және заманауи өнер музейіне қою жоспарланып отыр.  


Ал туризмді дамыту мен мұралардың танымалдылығын арттыруға негізделген «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі бағ­дар­ламасы аясында киелі орын­дар картасы жасалып, турис­тік ин­фрақұрылымдар кеңейеді, су қой­маларының емдік қасиеті зерт­теледі. Сонымен бірге, «Руха­ни қазына», «Абай әлемі» кітап серия­сын шығару, музей қорын цифрлы жүйеге көшіру, «Мәдени код: Шығыс Қазақстан» архиві мен кітапханасын құру, «Му­зыка әлемі», «АРТ Заман» фестиваль­дарын өткізу, театрлар мен шы­ғар­­машылық ұйымдардың гас­троль­­дерін ұйымдастыру көз­делген. 
Сондай-ақ, «Қазақстанның та­биғаты және табиғи мұралары» жобасы аясында көп данамен Шығыс Қазақстан атласын, өсім­діктер мен жануарлардың Қызыл кітабын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар барлық мектептер мен колледж­дерге, кітапханаларға түседі. Және барлық материалдар мен жобалардың нәтижесі «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасына орналастырылып, баршаға қолжетімді болады. 


Әрі қарай «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасына тоқ­тал­ған облыс басшысы білім, отан­сүйгіштік, мәдени және рухани құндылықтарды насихат­тауға бағытталған 7 өңірлік жоба жасалғанын, оның 14 ішкі бағ­дарламадан тұратынын жеткізді. «Мұнда біз үштілділікті дамыту бойынша оқыту бағдарламасын жал­ғастырамыз. Біз бұған екі жыл ішінде 1,7 млрд теңге бөл­ген болатынбыз. Осы орайда мұғалімдердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курс­тары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтерді материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды. Ал «Білікті маман» жобасында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру бо­йынша мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету, жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық және зерттеу базаларын жақсарту, шетелдік ғалымдарды шақыру, жаңа қажетті мамандықтар ашу сияқты кешенді шаралар атқарылды. Биыл біз облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге бөлдік. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Былтыр шетке оқуға 1800 мектеп бітіруші кеткен болса, биыл – 890», деді Д.Ахметов. 


Сол сияқты «Рухани білім бе­ру» жобасы діни ағарту, экстре­мизм мен радикализмге қарсы іс-әрекеттердің тиімділігін кө­теру, дінтану саласында білікті мамандар даярлауға бағыт­талады. Қазіргі кезде 156 имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге әзірленген бағ­дар­лама бойынша курстар­дан өтуде. Осы мақсатта облыс­тық бюджеттен 150 млн  теңге бөлін­ді. Шығыс Қазақстан дінтану колледжін құру мен білім гранттарын бөлу жоспарланып отыр. 


Облыс басшысы сондай-ақ, «Атамекен» ішкі бағдарламасы кіші отанның тағдырына жау­ап­кершілік сезімі мен азаматтық бел­сенділікті нығайтуға бағыт­талғанын, осы ретте демеушілер мен меценаттар қаржысы есебінен 5,6 млрд  теңгеге 157 әлеуметтік жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның ішінде қалалар мен ауыл­дарды көріктендіру, әлеу­меттік ны­сандарды жаңа заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз ету, қайта жөндеу, құрылыс іспет­ті ауқымды жұмыстар атқарыл­ды. Бүгінде тағы 142 жоба­ның тізімі жасалды. Оны жүзеге асыруға 8,8 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта 186 инвестор мен 22 ірі кәсіпорынның серіктес­тері анықталды. Сондай-ақ, мате­риал­дық, медициналық, заңгерлік және басқа да көмекті қажет ете­тін тұлғалардың базасы жасал­ды. Д.Ахметов сөз соңында аталған жобалардың Президент­тің қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын тиім­ді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.


Жалпы, отырыс барысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы осы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсы­на­тыны, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясын­да гуманитарлық пәндер бойын­ша 17 оқулықтың тізімі жаса­лып, аударыла бастағаны, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикалық деңгейдегі – 100, өңірлік деңгейдегі 500 нысанның таңдап алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалған. Оған әдебиет саласындағы − 216, театр, кино және хореография жанрында − 48, бейнелеу өнері бойынша − 182, музыка саласында 200-ден астам шығарма енгізілген. Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына республика бойынша 1500 өтінім түскен, бірақ олар ашық дауыс беру нәтижесінде анықталатын болады. 

Қатысушылар лебізі

Мұхтар МАНКЕЕВ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:
– Біздің қозғалыс тарапынан бірнеше жобалар жүзеге асуда. Оның біріншісі – латын әліпбиіне көшіру жобасын қолдау бойынша көрме өткізу. Бұл бағытта екі көрме өткіздік. Өткен ғасырда елімізде латын әліпбиінің дәурені жүріп тұрған кезде шыққан 1500 кітапты таптық. Жылдың соңына дейін көрмені барлық өңірде өткізуді жоспарлап отырмыз. Екінші, рухани жаңғыру аясында жобалар реестрі деген бар. Соның қатарында краудсорсинг.кz деген ауқымды жоба бар. Бұл қанатқақты жоба Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында басталуда. Басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның арасындағы коммуникациялық кедергілерді жою. Қазір билік тарапынан көптеген жақсы бастамалар көтеріліп, өңірлерді дамытуға арналған жақсы бағдарламалар шығып жатыр. Бірақ, қоғаммен, яғни халықпен сөйлескен кезде олардың 70-80 пайызы әлгі бағдарламалар туралы, олардың қандай нәтижелерге жеткізетінін білмейді екен. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар қандай да бір жобаны немесе бағдарламаны веб-порталға жариялап, халықпен талқыласа деген идея айттық. Бұл идеямыз қолдау тапты және рухани жаңғыру бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Яғни, краудсорсинг.кz жобамыз бағдарламаға енгізілді. Қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастайды. 
 

Анатолий БАШМАКОВ, 
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:

− Ұлттық комиссияның кезекті отырысында келелі мәселелер айтылды. Бұл өте күрделі, өзекті жұмыс. Қоғамдық сананы жаңғыртуға дейін еліміз жаңғырудың бірнеше сатысынан өтті. Барлығы да маңызды. Алайда, біз кез келген реформа мен жаңғыруды жеке ой-сананың дайындығынсыз бастай алмаймыз. Мен А.Эйнштейннің «Адамзаттың дүниетанымын өзгертуден атомды талқандау жеңіл» деген сөзін жиі есіме аламын. Сондықтан, осы ауқымды жұмысқа қатысы бар Ұлттық комиссия мүшелері біздің санамызды жаңғыртудың немесе қайтадан құру мәселелерімен айналысудың қаншалықты маңызды екенін сезінуі тиіс. «Туған жер» жобасы шеңберінде Ұлттық комиссия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының комиссиясына қоғамдық санаға ықпал ете алатын, аудиторияға өз ойын жеткізе алатын тұлғаларды шақыру туралы ұсыныс енгіздім. Өйткені, «сөз – біздің ой-санамыздың киімі» деген ұғым бар. Біз аудиторияға қандай киіммен келеміз, қандай сөз айтамыз? Яғни, Президенттің қазақстандықтардың ой-санасын жаңғырту туралы идеясы өте өзекті. 
Біз өңірлерге шықтық. Мен үш облыста жергілікті активпен кездестім. Әзірге «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айы туа бұл бағыттағы жұмыстар қызады. Бұл бірнеше онжылдықтарға созылатын ауқымды жұмыс. Оған риясыз көңілмен ден қою қажет.

 


Думан АНАШ,
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсіргендер 
Игорь БУРГАНДИНОВ,
Бауыржан ЖУАСБАЕВ