Аймақтар • 18 Тамыз, 2017

Петропавл мұрағатынан Мағжанның тұпнұсқа мақаласы табылды

795 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық мұрағатта жинақталған құжаттарды қайта зерделеу барысында мамандар Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өз қолымен жазылған мақаласын кезіктірді.

Петропавл мұрағатынан Мағжанның тұпнұсқа мақаласы табылды

Бұған дейін көпшілік  ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көшірме  материалдармен  ғана танысып келсе, бұл жаңалық келесі жылы кеңінен  атап өтілетін 125 жылдығына  үлкен тарту болмақ.

БАҚ өкілдерімен жүрек жарды қуанышты бөліскен  мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша 1922 жылдары Мағжан Ақмола губерниясының аштықпен күрес жөніндегі комитетін басқарған. Ол ауылдарды аралап, қазақтардың ауыр халімен, азапты тұрмысымен танысқаннан кейін көрген-білгендерін есепті  баяндамаға  арқау етіп, тиісті орындарды хабардар еткен.  Айыртау, Мезгіл болыстарында  тұратын қазақтардың дала жидектерін ғана талғажу етіп отырғанын, әбден әлсіреп, түрлі індет аурулар жайлай бастағанын ашып айтқан. Мұнымен шектеліп қалмай,  көзі ашық азаматтар мен дәулетті жандарды жұмылдыра отырып  арнайы  қор құрған.  Сөйтіп, талай адамдарды аштық құрсауынан  құтқаруға  тікелей жәрдемдескен. Көкшетауда жетім балалар  үйін ашуға ықпал еткен.

Мағжан Жұмабаевтың қолжазбасы

Орыс тілінде жазылған екі беттік есепті баяндамада сол кездегі ащы шындық  жайлы көптеген  деректер келтірілген.  Ұлт жанашырының ашыққандарға көмек беру мақсатымен Ақмола губерниясы төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Петропавл және Көкшетау  уездеріне іссапарға жіберілгенін айғақтайтын мандат берілгенін ескерсек, тұпнұсқа мақала ақынның өз қолымен жазылғаны еш талас тудырмайды.  Кейін  аштықтың ауыр  зардаптары жайлы  жергілікті «Мир труда» газетіне көлемді  мақала жариялаған.

Мұрағат мамандары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде өтетін облыстың мәдениет күндері барысында  тарихи маңызы өлшеусіз  құжатты республика тұрғындарының назарына ұсынуды мақсат етіп отыр.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы