Медицина • 18 Тамыз, 2017

Әріптестік қарқын алып келеді

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік байланыстың ауқымы кеңейіп келеді. Бұл туралы Германиядағы Төтенше және өкілетті елші Болат Нүсіпов Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Екі ел арасындағы диплома­тия­лық қарым-қатынас орнағалы бері саяси диалогтар жасалып, тауар айналымы көбейіп, мәдени-гума­нитарлық әріптестік кең өріс алды. Елші Германияның Қазақстанды талай мәрте әлемдік аренада қол­дағанын айтты. 


«Германия еліміздің Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының саммитіне төрағалық етуін, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуін құптап, Дүниежүзілік сауда ұйымы құра­мына кіруге ықпал жасады. Қазақстан да өз кезегінде неміс­тердің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігіне өтуін толық қолдайды», – деді Болат Нүсіпов. 


Қазақстан мен Германия ара­сын­да түрлі деңгейдегі диплома­тиялық қатынастар жолға қойылған. Мәселен, 2016 жылы екі та­раптың делегациялары өзара 39 мәр­те іссапарға шыққан. Биыл­дың өзінде 25 рет саяси жиын өткізіліпті. Оған қоса, «бундес ел­дің» президенті Франк-Вальтер Штайн­майер биыл Қазақстанға ресми сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі неміс күндерінің ашылу салтанатына қатысты. Германия басшысының осы сапары нәтижесінде құны 1 миллиард долларлық 21 жобаны іске асыру жөніндегі екіжақты келісімге қол қойылды. 


Елшінің мәліметтеріне сүйен­сек, Қазақстан мен Германия ара­сын­дағы сауда және экономикалық байланыс та қарқын алып келеді. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4 миллиард еуроны құраса, биылғы 5 айдың өзінде 2,1 миллиард еуроға жеткен. Бұл өткен жылғы осы уақытпен салыс­тырғанда 36 пайызға көп. Болат Нүсіпов биыл сауда және эконо­ми­калық қатынастың ауқымы 45 пайыз­ға өсетініне сенімді екенін мәлімдеді. 
Инвестиция саласында да қар­қынды ілгерілеушілік байқалады. 2005-2016 жылдар аралығындағы Германияның елімізге құйған қаржы көлемі 4 миллиард долларды құраған. Елшінің айтуынша, бұл үлкен сома емес, алайда, инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына  бағытталған. Сонымен қатар, бұрын Қазақстанда тұрған немістердің көбі елімізде өз кәсібін ашуды жөн санайды екен. 


«Қазақстаннан Германияға кө­шіп барған немістер екі ел ара­сын­дағы көпір іспетті. Олардың кей­­бірі елімізге оралып, кәсіптерін ашып жатыр. Тіпті Германияда да та­бысқа жеткендері бар. Мыса­лы, бұрын Қазақстанды мекен ет­кен Карин Штренц бүгінде Бундес­таг­тың депутаты», деді Болат Нүсіпов. 


Елші Германияда өмір сүріп жатқан қазақтарға да тоқталды. Оның айтуынша, Бетховен мен Ге­тенің отанында мыңға жуық қан­да­сымыз тұрады. Елде қазақтарға арналған 3 мәдени мекеме бар. Болат Нүсіпов неміс еліндегі қандас­­тарымызды әрдайым қолдап отыра­тынын жеткізді. Мәселен, елші­ліктің қолдауымен 2011 жылы Копенгагенде, 2014 жылы Бер­линде, 2016 жылы Кельнде қазақ диаспораларының Кіші құрылтайы өтті.  Сондай-ақ, 2014 жылдан бері елшіліктің жанынан қазақ тілін үйрету курсы ашылған. 


Абай Асанкелдіұлы,
«Егемен Қазақстан»