1976 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өткен. Соңғы жылдары Қазақстан мен Самоа мемлекеті арасында екіжақты қарым-қатынас нығайып келеді. Атап айтар болсақ, 2013 жылдың 7 ақпанында Нью-Йорк қаласында мемлекетаралық бірлескен коммюникеге қол қойылып, дипломатиялық қатынас орнаған болатын. Соның нәтижесінде бүгін самоалықтар Арқа төрінде кең көсіліп, көрікті көрменің сәнін келтірген құрметті қонақ ретінде қабылданды.
Ресми шараның ашылу салтанаты Қазақстан және Самоа елдерінің мемлекеттік гимндер алма-кезек шырқалумен басталып, көрмені ұйымдастырушы ел ретінде алғашқы беташар пікір білдіру мәртебесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиеваға бұйырды.
Аида Даденқызы әуелі осында жиналған барша жұртты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткізіліп отырған Самоа мемлекетінің ұлттық күні мерекесімен құттықтап, айшықты көрме бұрынғы кеңестік елдер аумағында Қазақстанның астанасында алғаш рет өткізіліп отырғанын, бұл біз үшін тек құрмет қана емес, жауапты миссия болып табылатынын жеткізді.
«Яғни, мамандандырылған көрменің ұраны «Болашақтың энергиясы» аталып, баламалы қуат көздерін қолдануды ауқымды түрде кеңейтуге негіз болатын экономикалық дамудың жаһандық тұғырына толыққанды сай келеді. Біздің көрме дүниеге деген заманауи көзқарастың, таза жаһандық энергетиканың даму идеяларын жетілдірудің жаңа парағын ашатынына сенімдімін. Әр елдің энергетика саласындағы ноу-хау таныстырылымынан бөлек көрме аясында ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстанның елордасы төрткүл дүниенің түрлі ұлттық күндеріне куә болып отыр. Күн сайын көрме аумағында қатысушы мемлекеттердің ұлттық күндері, халықаралық ұйымдардың тақырыптық жиындары және сан түрлі мәдени ойын-сауық һәм спорттық іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі бүгінгі Самоа мемлекетінің ұлттық павильонының ашылуы. Ұлттық күндер көрмеге қатысушы мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жәрдемдесетін халықаралық мәдениет алмасу құралы болып табылады әрі қатысушыларға ұлттық мәдениеттің, өмір салтының үздік үлгілерін паш етуге мүмкіндік береді. Біз өз кезегімізде Қазақстан экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы халықаралық тәжірибе мен әлемнің үздік үрдістерін зерделеуге мүдделі екенін мәлімдеймін. Самоа елінің мұндағы өкілдерін мерекесімен құттықтаймын», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.
Одан кейін екінші тараптың өкілі ретінде сөз алған Самоа тәуелсіз мемлекеті қаржы министрінің орынбасары Мулипола Лейатауа Лаки Мулипола мырза аталмыш көрмеге өз елінің жеке-дара мемлекет ретінде қатысып отыруы зор мәртебе екенін мақтанышпен жеткізіп, толқыған көк теңіздің терең түкпірінде тып-тыныш жатқан самоалықтар атынан барлық қазақстандықтарға және Елбасына, Үкімет мүшелеріне алғысымды білдіремін. Және әлемдік саяси қауымдастықтар тарапынан Қазақстанға қарата айтылып жатқан мадақ-мақтаулар мен ресми мойындауларға толық қосыламын. Қазіргі таңда күллі әлем халқы табиғи ресурстардың жетіспеушілігіне ұшырай бастады. Кейбір мемлекеттер қазірдің өзінде тығырыққа тірелу үстінде. Адамдардың энергияны шектен тыс бақылаусыз пайдалануынан жаһандық дағдарыс өршіп келе жатыр. Егер де энергия мәселесін әркез реттеп отырмаса, қоршаған ортаның жөнсіз ластануы, климаттық өзгерістердің жедел құбылмалы күйге ұшырауы, экологиялық арылмас қателіктердің орын алуына әсер етері сөзсіз, дегенді айтты.
Сонымен қатар, Мулипола мырза: «Алдағы уақытта әлем тұрғындарының жасыл энергияға деген сұранысы артады. Біз сияқты Тынық мұхиты аймағы елдері жасыл және жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдаймыз. Энергияға деген сұраныс пен оны өндіру ісін реттемесе күйзелістің пайда болу ықтималдығы артады. Барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, энергия көздеріне қатысты мәселені шешу барысында орнықты және берік әріптестік құруды қолға алғанымыз абзал. Сондай-ақ, барынша қоршаған ортаның тазалығын сақтау, жасыл энергия көздерін дұрыс пайдалануды ынталандыру керек», деп сөзін тұжырымдады.
Шара соңында жиналған көпшілік самоалықтардың ұлттық би өнерін тамашалап, жылы райлы өлкеде өнген ұлттың өзіндік сипатына қанықты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген,
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»