Олар Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен, аудандық «Мұхит жастары» ЖҚБ-ның қолдауымен елордада бес күндей болып, ару қаланың таңғажайып көрінісіне куә болды. Қонақтар арасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ардагер ағаларымыз, білім, мәдениет саласының білікті мамандары, жалынды жастар және бірқатар мекеме басшылары мен ауыл әкімдері болды.
ЭКСПО қалашығындағы таңғажайып павильондарды, сәулет өнерінің ең соңғы үлгілерімен салынған әсем ғимараттарды аралап, ерекше үлгіде топтастырылған ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен танысты. Шексіз қуанышқа бөленген қариялар қысқа мерзім ішінде Астана көркіне көрік қосып, ерекше сәулеттеніп, дамып кеткендігіне таңданысын білдірді.
Астанадан алған әсері жөнінде баяндаған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Еркінбек Жәнібеков:
– Бұл сапар маған ерекше әсер етті. Біріншіден, ел игілігі жолында қажырлы еңбек еткен аға ұрпақ өкілдеріне үлкен ілтипат білдіріп, құрмет көрсету болса, екіншіден, ЭКСПО-2017 көрмесіндей ел өміріндегі айтулы оқиғаны көзбен көрудің сәті түсті.
Менің назарыма басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр-Әлем» сферасы түсті. Сфераның өзегінде біздің ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген. Осы көрмені тамашалап жүргенімде өзімнің қазақ екеніме, Қазақстанның азаматы екеніме қуандым, мақтандым! Себебі, шетелдерден келген қонақтар біздің әсем Астанамызға, ондағы әдемі де зәулім ғимараттарға, көрме қалашығына таңданыстарын жасыра алмай, таңырқай қарап жатқан кезде бойымды мақтаныш сезімі биледі. Осының бәрі, әрине, елдегі тұрақтылықтың, Елбасымыздың көреген саясатының арқасы.
Алдағы уақытта ЭКСПО көрмесін тамашалауға ауданымыздың бірқатар еңбек адамдары барады деп жоспарлануда.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Батыс Қазақстан облысы