Яғни, елімізде электр энергиясының басым бөлігін жылу және газ-турбиналы электр стансалары өндіріп шығарады. Бүгінде атмосфераның ең ірі ластаушыларына кен өндіру саласы, жылу және электр энергетикасы, мұнай-газ кешені кәсіпорындарының стационарлық көздері жатады екен.
Мамандардың пікірінше, ХХІ ғасыр басында Қазақстан жалпы экологиялық және экономикалық жағдай шарттарының бұзылуының жаһандық проблемасымен және соның салдарынан әлеуметтік әл-ауқаттың нашарлау қаупімен бетпе-бет келді. Сондықтан да бұл қордаланып қалған проблемаларды шешудің тиімді жолдарының бірі елімізді «жасыл экономикаға» көшіру болып табылады. Осы орайда, елімізде баламалы энергия алу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан жел, күн және гидроэнергетикалық энергияның ең қолайлы көздері бар. Мамандардың есебінше еліміздің теориялық жел әлеуеті – жылына 1820 млрд кВт сағатқа жуық, гидроэнергетиканың әлеуеті – жылына 30 млрд кВт сағат, ал күн энергетикасының әлеуеті – жылына 2,5 млрд кВт. Бұл орайда, Елбасы ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі Конгресс-орталықта өткен Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында бүгінгі күні елімізде энергетикалық саланы жаңғырту толық қарқынмен жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Қазірдің өзінде жаңғырмалы энергия көзін өндіретін жиынтық қуаты 300 мВт-ге тең елу кәсіпорын бар. Соңғы он жылдың ішінде табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру есебінен ауаны ластайтын заттар шығарындысы 13 пайызға, ілеспе мұнай газының шығарындысы 70 пайызға қысқарды», деді Н.Назарбаев.
Халық тығыз орналасқан Оңтүстiк Қазақстан облысындағы жағдай туралы айтар болсақ, республикада энергия барынша тапшы өңiр ретінде аталуда. Облыс тұтынатын энергия мөлшерiнiң 60 пайыздан астамын өзге өңірлерден тасымалдауда. Сол себепті де тариф жоғары. Бұл қарапайым тұтынушыларға да, шағын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыртпалық түсiрiп отыр. Өз кезегінде, Оңтүстiк Қазақтан облысы республикадағы баламалы энергия көздерi (жел, күн, кiшi гидроэнергия) бойынша ең әлеуеттi өңiр болып есептеледі. Осындай мүмкіндіктерді саралау мақсатында өңірде алдын ала техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жиынтық қуаты 120 МВт-ны құрайтын тиімді гидроэнергетикалық әлеуеті бар 43 нүкте анықталған. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 су қоймасы бар. Қазіргі уақытта өңірдегі кәсіпорындар мен тұрғындардың электр энергиясын жылдық тұтынуы шамамен айына 400 МВт құрайды. Оның 114 МВт-ы (29 пайыз) ішкі қуат есебінен өндірілсе, 286 МВт (71пайыз) Қазақстанның басқа өңірлерінен сатып алынады. Бұл өз кезегінде электр қуатының бағасына әсер етіп отыр. Шағын электр стансаларының салынуы және іске қосылуы сырттан тасымалданатын қуатты шамамен 42 пайызға қысқартады екен. Сондықтан бүгінгі таңда гидроэнергетикалық саланы дамыту және шағын су электр стансалары жобаларын қаржыландыруға инвестиция тарту маңызды. Тасымалдау пайызының көрсеткіші өзгеруіне облыстың негізгі электр энергия өндіруші ұйым «Шардара су электр стансасы» АҚ-та жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары оң септігін тигізері анық. Жаңғырту толығымен аяқталғаннан кейін Шардара су электр стансасының белгіленген қуаты 100 МВт-тан 126 МВт-қа өседі.
Шағын электр қуаты көздерін орнату бойынша алдыңғы жылдары Түркия, Израил, Германия, Польша мемлекеттерінің өкілдері жобаларға қатысуға ниет білдірген болатын. Алдын ала айта кетелік, кей жоба тиісті министрлік тарапынан қолдау таппады. Мысалы, өткен жылы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» «ұлттық компаниясы» АҚ-тың мәліметтеріне сүйене отыра, Түлкібас ауданындағы Машат өзенінде екі шағын ГЭС салу үшін түркиялық «Endustriyel Elektrik» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылғанын жария еткен болатын. Жобалық құны 2,1 млрд теңге, қуаттылығы 4 МВт болатын жоба халықаралық ережеге сай жасалғаны да айтылды. Құрылыс жұмыстарын 2017 жылы бастап, осы жылдың соңында аяқтау жоспарланған болатын. Алайда, облыс әкімдігі баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне қарағанда, қуаты 4 МВт болатын түркиялық «Endustriyel Elektrik» компаниясының екі шағын су электр стансасының жобасы Энергетика министрлігінің «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына» енгізілмеген.
Жалпы, облыс бойынша гидроэнергетикалық жобалардың бірқатарын «Келесгидроқұрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестіктің бұл салада тәжірибесі бар. Қуаттылығы 1,3 МВт болатын алғашқы су электр стансасын серіктестік 2001 жылы пайдалануға берген болатын. Бұл шағын ГЭС мыңдаған тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Ал, одан 13 жыл кейін іске қосылған «Рысжан» ГЭС-і 8 мыңға жуық үйді электр қуатымен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданы, Келес өзенінің бойынан жалпы қуаты 5 МВт болатын «Дархан», «Азамат» шағын су электр стансаларының құрылысына жер телімі бөлінген. «Келесгидроқұрылыс» ЖШС іске асыратын бұл жобаның қазіргі таңда тиісті құжаттары әзірленуде. Ал Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт болатын «Кеңес» шағын су электр стансасының құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі таңда облыста жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бағытында 14 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Сарыағаш ауданындағы қуаты 2 МВт «Рысжан» шағын су электр стансасынан бөлек Сайрам ауданында, Шымкент қаласында қуаты 1 МВт-тан «Очистной» және «Ақбай» 2 күн электр стансасы іске қосылған. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында Сайрам ауданында қуаты 2,5 МВт «Манкент» шағын су электр стансасы іске қосылған болатын. Жыл соңына дейін Қазығұрт ауданында қуаты 0,975 МВт «Достық» шағын су электр стансасы іске қосылады. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы Жүзімдік елді мекенінде «Ветропарк Жүзімдік» ЖШС қуаты 40 МВт болатын жел электр стансасын салуды жоспарлауда. Жобаға 700 гектар жер телімі бөлінген, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал Отырар ауданында «Промондис» ЖШС қуаты 35 МВт күн электр стансасының жобалау құжаттары әзірленіп, 2015 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. 100 гектар жер телімі бөлінген жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.
Адамзат тіршілігін энергия тұтынусыз елестету мүмкін емес. Ал энергиямен қамтамасыз етуде экологиялық таза қуат өндіру заман талабы. Мамандардың пікірінше, электр энергиясын өндіру көлемінің артуы парниктік газдар шығарындыларын ұлғайтпауы тиіс. Яғни, елімізде жаңа технологияларды енгізудің, қуат стансаларында жаңғырмалы энергия көздері мен газды генераторлар үлесін арттырудың, электр энергиясын «жоғалтуды» төмендетудің, жасыл экономиканы дамытудың маңызы зор.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»