12-13 қазанда Душанбе қаласында (Тәжікстан) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттар, Париж қағидаларына сәйкес болу және Орталық Азияда азаптаулардың алдын алуда олардың рөлі» тақырыбындағы өңірлік семинарға қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының Басқармасы мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұйымдастырған семинардың барысында ұлттық құқық қорғау институттарының жалпы қабылдаған халықаралық стандарттарға сәйкес келуі және адам құқықтарын қамтамасыз етудің әр түрлі салаларында өңірлік ынтымақтастықты мадақтау мәселелері бойынша пікірталас өтті.
Өз сөзінде омбудсмен семинарға қатысушыларды Қазақстанда өткізіліп жатқан құқық қорғау жұмысымен, соның ішінде азаптауларға қарсы күрес, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттесуі, сондай-ақ осы салада заңнамалық базаның дамуы бойынша жүргізген жұмысымен таныстырды.
Семинар шеңберінде Асқар Шәкіров БҰҰ және ЕҚЫҰ құрылымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда Уәкіл мекемесінің халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық мәселелерін талқылаған БҰҰ АҚЖКБ Еуропа, Америка және Орталық Азия департаментінің директоры Дж.Магаззенимен кездесті.