Ал сол Лэйлондтың лебізінше, адамның дені сау болуы үшін мемлекеттегі медицина саласының қарыштап дамуы жеткіліксіз болған. Әлеуметтік фактор ретінде бұған қосымша қолжетімді білім алу, лайықты жұмыспен қамтылуы және қолайлы баспанаға қол жеткізу сияқты маңызды тетіктер ескерілуі керек екен. Өкінішке қарай деп айтсақ болады, қазір өткен ғасырдың жетпісінші жылдары емес, күнтізбеде 2017 жыл аяқталуға бет алды. Демек, жаңа әлемдегі жағдай өзгеріп, мемлекеттің экономикалық дамуына адамдардың әлеуметтік әлеуетінің де ықпалы азайды деген сөз. Технологияның дамуы, өндіріс пен сауданың автоматтандырылуы, жаппай цифрлы жүйеге көшу және жасанды ақыл-ой жемісін тұтынуға қол жеткізу адамның еңбегі мен өніміне деген сұранысты әлсіреткен сыңайлы. Басқаша айтқанда, әлемге адам керек болмай қалғандай әсер күшейе бастағандай.
Тақырыпқа оралайық. Қазақстандағы тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы дүние жүзіне үлгі ретінде ұсынуға болатындай жүйемен дамып отыр. Бұл сарапшылардың қорытындысы. Рас, әлеуметтік санаттағы жәрдемақы, төлемақы мен зейнетақының мөлшері алушының қажеттілігін толықтай қамтамасыз етпеуі мүмкін, ол енді басқа әңгіме. Әрине, әлеуметтік қорғау тұрғысынан алғандағы сындарлы жағдайдың бірі – халықтың баспанамен қамтылуына қатысты. Бақсақ, жаңарған әлемнің ешбір елінде тұрғындарды 100 пайызға жекеменшік үймен қамтамасыз ету мүмкін емес екен. Және мемлекет те ондай мұрат ұстанбайды. Есесіне, әр тұрғынның басында панасы болуына жағдай жасайды. Ол жалға алу, муниципальды үйлерді көбейту сияқты іс-шаралар. Бірақ, пенде баласы үшін бұл да аз екен. Адам денсаулығы мен әлеуметтік жағдай арасындағы қарым-қатынасты зерттеп жүрген ғалым Ләззат Спанқұлова «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша Шығыс Еуропадағы дүниеден өткен 240 000 адамның арасындағы 48 000 марқұмның ажалы тұрғын үй мүмкіндіктеріне байланысты болғандығы анықталған...» деп жазады.
Демек, отандастарымыздың баспаналы болуға деген ынта-талабы мен мемлекеттің мүмкіндіктер шегіндегі жағдаймен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды қолжетімді үймен қамтамасыз етуге деген саясатынан айналып кетпейсің бе?
...Өзімізді өзіміз баспанамен қамтамасыз етуге деген талабымыз да оң болып тұр. Мысалы, алып мегаполис – Алматы қаласының аумағынан жеке баспана тұрғызушылар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Соның бірі біз едік... Айтпағымыз ол емес, жапа-тармағай жаңа құрылыс жүргізген адамдарға қарап тұрып қуанасың, қорқасың да. Қорқыныштысы, жұрт қолына іліккенмен үй тұрғызып жатыр. Әрине, қалтасына лайықтап, көрпесіне қарай көсілу заңды. Бірақ, көптеген үй сәулетті былай қойғанда, қауіпсіздік қағидаттарына тіптен сорпасы қосылмайтын санатта тұрығызылып жатыр екен. Мысалы, ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс істеген кәсіби құрылысшы-инженердің байқауынша, жеке үйдің шатырынан бастап, өрескел қателік жіберілуде. Маман айтады: «Төбеге салынатын көлбеу ағаштың арасы 40-50 сантиметрден аспауы керек, ал оны 60 см мен 1 метр етіп қойғанды көзім көрді. Белдеу тіректің қалыңдығы 20-30 см болуы керек қой, жоқ оны 12-15 см етіп қоя салуда. Әрине, материалдың бағасында айырма бар, 1000-2000 теңге шамасы. Бірақ оған мән бермейді. Өйткені, жұрттың көбі үйді салып біткен соң косметика жасап, сатып жіберуге асық...». Дәлел ретінде, «Крыша» сайтын ақтарыңыз, Алматы маңында сатылатын жер үйден көз сүрінеді, көбі әлгіндей әдіспен жылдам салынбағанына кім кепіл?
Иә, үйдің болуы – күйдің болуы деген қағидаға сүйенген дұрыс. Бірақ, сана сұранысының тасасында сапа белгісі қалып қоймауы керек. Бұл ғалымның тұжырымы. Профессор Ләззат Спанқұлованың пайымдауынша, «тұрғын үй сапасы табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғаушы ғана емес, адамның денсаулық жағдайын елеулі дәрежеде айқындайтын фактор. Үй мен күйдің үйлесімділігі адамның өміріне үлкен әсер етеді...».
Өз үйіңде және үйлесімде өмір сүргенге не жетсін!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»