Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Топан суға тосқауыл қойылмақ

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктем келсе қуанатын халқымыз соңғы жылдары су тасқынынан қатты зардап шегіп жүр. Қыстан аман шыққанына тәубе дейтін ауыл тұрғындары жазғытұры тасқын сумен алысып әлек. Әсіресе, Арқа төсіндегі, солтүстіктегі ағайындардың тілсіз жауға қарсы айла таппай дал болатыны жасырын емес. Оның үстіне бір жағдай жыл сайын қайталана бергендіктен күрделі мәселе Елбасының назарына іліккелі қай заман. Десе де, оның да өз шешімін табатын күні алыс емес секілді.

Топан суға тосқауыл қойылмақ

Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев бастаған су саласының бір топ маманы Ақмола облысының Есіл ауданында болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша комитет төрағасы көктем келсе арнасынан тасып, өңірдің және Петропавл облысының кей аймағын да шайып кететін өзен аумағын бақылап, құны 13 млрд. теңгені құрайтын жаңа жобаны жергілікті билік өкілдері және осы саланың кәнігі мамандарымен бірге ақылдасып қайтты. Картаға үңіліп, әр жерге бір тоқтап маңайын бақылаған мамандардың сөзінен ұққанымыз су реттеуіш арқылы алдағы жылдары топан суға тосқауыл қойылмақ. Яғни, 1 млрд. текше метр суды ұстап қалатын жаңа құрылғы жақын маңдағы, тіпті, Петропавл облысының кей аймағын тасқын судың қаупінен қорғауға мүмкіндік береді.

- Әрине, биыл ғана ойға алып, ескеріп отырмыз деп айтуға әсте болмайды. Аталған жоба алғаш 1975 жылы қолға алынған. Бірақ, бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 80-жылдары Кеңес Одағының экономикалық хал-ахуалының төмендей бастаған кезі болатын. Одан әрі КСРО ыдырап, егемендігімізге қол жеткіздік. Дәл сол ес жиып, етек-жеңімізді жинай бастаған уақытта бізге халықтың әлеуетін көтеру басты мақсатқа айналып, мына жоба кейінге қала берді. Оның үстіне бүгінгідей технология да, мамандар да бұдан 20-25 жыл бұрын болмағандықтан, су реттеуішті орната салу да оңай шаруа емес. Мәселен, осы Ақмола облысының Есіл ауданы арқылы өтетін 16 км. темір жол, 70 километрге дейін созылып жатқан электр желісі, бірнеше шақырым автокөлік жолы мен көпірді бұзып ауыстыру мемлекетімізді қаншама шығынға ұшырататынын бағамдай беріңіз. Ал, қазір еліміздің су саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар мамандары, геодезистер мұның оңтайлы шешімін тапты,-дейді И.Әбішев.

Қыркүйек айының соңына дейін жан-жақты талқыланып, қазығы қағылатын жоба келесі жылы толықтай қолға алынбақ. Демек, алдағы жылдардан бастап аймақ тұрғындары алаңсыз ұйықтап, күнін күлкімен, қуанышпен өткізе алады деген сөз. Сондай-ақ, мамандар жиналған суды ауыл шаруашылығы және келешекте ашылатын өндіріс ошақтарына пайдалануды жоспарлап отыр.

 

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар