Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Кенді Алтайдағы киелі орындар картасы

1562 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақала­сында туған елді, туған жерді тануға айрықша назар аударылып, еліміздегі киелі жерлердің картасын әзірлеу жөнінде тапсырма берілген еді.

Кенді Алтайдағы киелі орындар картасы

Алып Абай­ды, шалқар Шәкәрімді, мұхит Мұхтарды дүниеге әкелген Шығыс топырағында қасиетті мекендер аз емес. Қазіргі уақытта болашақта «Қазақстанның киелі орындар картасына» енетін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар картасы түзіліп жа­тыр. Әзірге бұл тізімге облыс аумағындағы 8 тарихи орын еніпті. Олар: Зайсан ауда­нындағы Шілікті жазығы, Катон­қа­рағайдағы Берел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғи­бадатханасы, Мұзтау шыңы, Күр­шім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тарбағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және әдеби-ме­­­мориалдық қорық-музейі. Жа­­­қында облысымызға «Қа­сиетті Қазақстан» ғылыми орта­лығының басшысы, тарихшы Берік Әбдіғали арнайы келіп, өңірдегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың киелі орындар картасы тізіміне енгізілетін жерлердің жайын бірлесе талқылаған болатын. Б.Әбдіғалидың сөзінен аңғарғанымыз, республикалық сарапшы комиссия Шығыс Қазақстандағы 8 нысанды таң­дап алған екен. Осы нысандар келешекте әзірленетін «Қазақстанның киелі орындары картасының» тізіміне енуі мүмкін. Бұлар қан­дай нысандар? Олар: Семейдегі Ф.Достоевскийдің музей-үйі, осы қаладағы «Алаш арыстары» музей-үйі, Берел қорымы, Қоңыр әулие үңгірі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-ме­мориалдық қорық-музейі, Ыр­ғызбай әулие кесенесі, Ая­гөздегі «Қозы Көрпеш-Баян сұ­лу» мазары және «Өлімнен де күшті» мемориалы. Әрине, бұл тізімге алдағы уақытта өзгерістер енуі де мүмкін. Өйткені, Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгірі мен Тарбағатайдағы Бөрітастаған секілді қасиетті орындар бұл тізімге енбеген екен. Өңірдегі зиялы қауым өкілдері мұндай қастерлі жерлер міндетті түрде тізімге енуі тиіс деп санайды. 

№5 қорым музейге айналады

Қазіргі уақытта өңірде жо­ғарыдағы тізімге енген әйгілі Берел жазығы мен Шілікті қор­ғандарында қазба жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жақында түркінің төрі, алаштың атажұрты болған Төр Алтайдағы әйгілі Патшалар жазығындағы №5 қорымнан құнды жәдігерлер табылған еді. «Қазба жұмыстарының нә­тижесі мені таңғалдырды. Мүр­денің жанынан екі атпен бірге қанжардың табылуы оның тегін адам болмағанын көрсетеді. Бұл әйел жай ғана ақсүйек емес, жауынгер болуы да ғажап емес. Жәдігерлер екі маңызды дүниені аңғартады. Біріншіден, Зейнолла Самашев айтып жүр­ген «Дала Амазонкалары» жайындағы идео­логия расқа айналуы мүм­кін. Яғни, бабаларымыз біз­дің заманымызға дейінгі 2-3 ғасырларда-ақ әйелдерді ер­лер­мен тең санаған. Дала де­мократиясының артықшылығы осында. Екіншіден, табылған алтындар қағаздай жұқа етіп өңделген. Сол заманда осындай нәзік зергерлік бұйымның болуы біздің бабаларымыз өз заманының озық технологиясына ие болғанын айғақтайды. Соны әлемге паш етіп, дәлелдеу үшін көне металлургиялық ошақ­тардың орнын қазу қажет», – деген-ді жуықта осы жерге арнайы барған аймақ басшысы Даниал Ахметов. Бұл қорымның жәдігерлері туралы қорытынды ақпарат 8-10 қыркүйек күндері Өскеменде өтетін халықаралық кон­фе­ренцияда толық баяндалмақ. Облыс әкімінің ай­туынша, Берел жазығында №2 қорғандағыдан 10 есе үл­кен кешен салынады. Ал №5 қорғанның жәдігерлері осы күйінде консервіленеді. Ол үшін шетелден арнайы мамандар шақыртылып, қасына мүрденің жаңғыртылған көшірмесі қойы­лады. Сол арқылы келушілер оның қойылғанда қандай бол­ғанын, бізге қандай күйде жет­кенін көре алады. Кешеннің бір бөлігінде конференция залы, шағын зертхана сияқ­ты аса қажетті бөлмелер жаб­дықталады. 

Қиын керіш

Қараталдағы қазба жұмыстары

Қазіргі уақытта тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Зайсан ауданы аумағындағы Қаратал және Айнабұлақ қорымдары да зерт­теліп жатыр екен. Ғалымның шәкірті, Ә.Марғұлан атындағы архео­логиялық институттың ғы­лыми қызметкері Мәмбет Ша­ғырбаевтың айтуынша, биылғы қазба жұмыстары маусымның 26-сында Шіліктіден басталыпты. «Бірінші бағытымыз Шіліктідегі былтырғы зерттелген №16 обаны толық сканерлеп, кейбір жерлеріне шурфтық зерттеу салу болатын. Шамамен он күндей сол жерде жұмыс істедік. Өздеріңіз білесіздер, ол жерден былтыр алтын жәдігерлер шыққан. Екінші бағытымыз − осы Зайсан өңіріндегі Айнабұлақ және Қаратал қорымдарын зерттеп, паспорт жүргізу. Бұл паспорт жүргізу жұмысы шілденің 5-інде басталды. Айнабұлақ қорымында бұрын тізімге енгізілмеген, ғылымда белгісіз сақ және орта сақ кезеңіне тиесілі 300-ден астам оба, кейінгі қазақтардың 20-ға жуық қонысын, содан кейін апатты жағдайдағы тозып бара жатқан ескерткіштерді тізімдеп, құжат жасадық. Сонымен қатар, Айнабұлақтың өзінде төрт обаны зерттедік. Сол төрт обаны зерттеуге бір айдай уақыт жұмсадық. Содан кейін Қаратал қорымын зерттеуді бастадық. Бұл жерді бізге дейін жергілікті халық Жеті оба деп атап кеткен екен. Бәлкім, алыстан қарағанда, обалардың жетеуі ғана анық көрінетін болғандықтан да, солай атаған болар. Ал зерттеу барысында ол жерде жеті емес, он алты обаның бары анықталды. Оның оншақтысы ірі, қалғандары ұсақ обалар. Бұлардың мерзімдерін орта сақ кезеңі деп отырмыз», − дейді Мәмбет Шағырбаев.
Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жос­парлап отырған көрінеді.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар