Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Ауыл иесі

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиістігін айтып: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек», деген еді. Жұртқа істеген жақсылығын ешкімге мақтанбай, жер-көкке жария қылмай ел қатарлы еңбек етіп жатқан мұндай жандар Шығыс Қазақстанда да аз емес. Соның бірі – Зырян ауданының Бородино ауылында тұратын Қайрат Бөкежанов. Бұл кісіні зыряндықтардың бәрі таниды. Әсіресе, оның Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында елді мекендегі үш бірдей ғимаратты – Мәдениет үйі, балабақша мен фельдшерлік пунктті аман сақтап, кейін бір тиын да сұрамай ел игілігіне бергенін ауылдастары жыр ғып айтады.

Ауыл иесі

Мың теңгеге сатылған Мәдениет үйі

«Бородино» шаруа қожалы­ғының басшысы 1997 жылы ауылдағы Мәдениет үйін аук­цион­нан бар болғаны мың тең­геге сатып алып, көзінің қа­ра­­шығындай сақтап, қарап, күтіп, баптап, қызметкерлерінің ақ­шасын төлеп, 2010 жылы мемлекетке қайтарып беріпті. Егемендіктің әуелгі жылдарында иесіз қалған балабақшаны 2002 жылы, фельдшерлік пунктті 2013 жылы ауылдастарына тегін тарту етіпті. Ауылдың суы мен жарығының ақшасын да әлі күнге дейін өзі төлейді екен.

«1997 жылдың 17 наурызынан бері осы ауылда тұрып келемін. Ең алғаш осында кел­генімде кеңшардың 70 миллион қарызы болды. 10 жылда қарыздардың барлығын төлеп шықтық. Мәдениет үйін қалай сатып алғанымыз да әлі күнге дейін есімде. Біреу шатырын, біреу терезесін, біреу еденін сұрап, есімізді шығарды. Ешкімге бермедік. Аман-есен сақтадық. Өйткені, бұл – елдің дүниесі. Елдің игілігіне жұмыс істейтін нысандар ғой. Ең бастысы, бұл мекемелер ауыл халқы үшін жұмыс істесе дейміз», дей­ді ауылдастарының алғысына бөленген кәсіпкер.

Алғыс демекші, жақында осы ауылға арнайы барғанымызда елді мекендегі тұрғындардың барлығы Қайрат Бөкежановқа ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізіп жатты. Осыдан бірер жыл бұрын «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталған, кәсіпкердің шаруа қожалығына қарасты тауарлы-сүт фермасының бригадирі Ольга Бородавкина бұл ауылға 1998 жылы келгенін айтады.

«Әуелде еден жуушы болдым. Ол кезде 24 жаста едім. Сол уақыттан бері Қайратпен бір­ге еңбек етіп келеміз. Көрген жақсылығымыз көп. Ауыл тұрғындары үшін аянып қалған кезін көрген жоқпын. Мен оны ауылдың иесі деп санаймын. Проблемасы бар елдің бәрі ең алдымен осында келеді. Көше тазаланбаса да осында келеді. Қыста боранға қамалған кісі де ең әуелі осында жетеді. Осы ауыл­дың ТЖМ да, полиция­сы да – Қайрат Бө­кежанов. Ауылдың барлық мәселесі осында шешіледі», дейді ол. 

Осы ауылда 46 жыл малшы болып, биыл зейнетке шыққан Алексей Тойкенов Қайрат Бө­кежанов алғаш ауылға келгенде 114 сиыр болғанын еске алып, бүгінде сауын сиырдың өзі 400 басқа жеткенін мақтанышпен айтады. 
«1998 жылдан бері тізе қосып жұмыс істедік. Ешқандай өкпеміз жоқ. Қашан келсең де көмегін аяған емес. Ауылды көтерді. Оған бәріміз ризамыз», дейді ақсақал.

Малшыларға арналып бес үй салынып жатыр

Ауылдағы 500-ге жуық тұр­ғынның 100-ден астамы «Бо­родино» ЖШС-нде еңбек етеді екен. Елді мекен тұрғын­дарының саны да жылдан жылға артып келе жатқан көрінеді.

«Бұл кісі ауылды ұстап отыр деуге болады. Қайрат Бөкежанов болмаса, ауылда жұмыс та болмас еді. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Олардың түскі тамағының құны бар болғаны 120-150 теңге аралығында ғана. Осыны басқа ауылдардағы кісі­лерге айтсаң таңғалады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, қазір біздің ауылға жұмысшылар жетпей жатыр. Былтыр осында ауданның түк­пір-түкпірінен 90 адам кө­шіп келді. Ауылда бірде-бір бос үй жоқ. Жұмыс орындары бар, жұмыс істейтін кісі болмай отыр», дейді «Бородино» ЖШС-нің бухгалтері Маржан Алтайбекова.
Қазіргі уақытта ауылда екі пәтерлі бес үйдің құрылысы бас­талып кетіпті. Үш бөлмеден тұра­тын бұл үйлерге негізінен осындағы «Бородино» шаруа қожалығының жұмысшылары – малшылар, сауыншылар, механизаторлар, шөпшілер мен егіншілер, тракторшыларды қо­ныстандыру жоспарланып отыр. Бес үйдің жобалық-сме­талық құжаттарының қар­жысын Қайрат Бөкежанов өз мойнына алыпты.

«400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын алдағы уақытта 800-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Мына 5 үй сол үшін салынып жатыр», дейді шаруа қожалығының басшысы. 

Реті келгенде айта кетейік, Зырян ауданында «Рухани жаң­ғыру» аясында жүйелі жұ­мыстар қолға алынып, арнайы бағдарлама жасалыпты. Аудан әкімінің орынбасары Жан­на Асқарованың айтуынша, күн­бағысы көп өңірдің ауылдық округтерінде аптасына бір рет үлкен іс-шара ұйымдастырылып, оған сол елді мекеннің барлық тұрғындары қатыстырылатын көрінеді. Шара таң атқаннан күн батқанша созылып, сол ауылдың барлық жетістіктері паш етіліп, ақсақалдарға құрмет көрсетіліп, бағ­дарлама соңы мәдени-та­нымдық кешпен аяқталады екен. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян ауданы

Суретте: Қ.Бөкежанов (сол жақ­тан төртінші) ауыл­дас­­та­ры­ның ортасында